Ақылбайдың поэмасында Африканың зұлысы қайдан жүр?

Африка құрлығында, соның ішінде ОАР-да зұлыстар өмір сүреді. Сонымен қатар, Зимбабве, Замбия, Лесото, Мозамбик, Свазиленде секілді мемлекеттерде де зұлыстар бар.

Қазіргі уақытта зұлыстардың жалпы саны 10 миллиондай. Антропо­логиялық жағынан зәңгі нәсіліне жатады, көпшілігі дәстүрлі дінін (анимизм) сақтаған, аз саны ғана христианның католик дінін ұстанады.
1816 жылы зұлыстардың көсемі болып жаужүрек Чака сайланды. Ол әскери-әлеу­меттік реформа жасады, соның арқасын­да зұлыстар айналасындағы кішігірім тай­па­ларды біріктіруге күш салады.

1819 жылы ндванде тайпасын басып алды, сөйтіп, 1824 жылы 20 мың шаршы шақырым жерге ие болды. Халқы 250 мыңға дейін жетті, әскері 3 мыңнан 20 мыңға дейін көбейді.
Чаканың реформасына сай әскер қа­тарынан 20-дан 40 жасқа дейінгі ерлер алынды. Әйелдер жағы негізінен, үй тірлі­гі­мен айналысты. Жігіттерге өзінің жау­жүректігін соғыста дәлелдегенде ғана үйле­нуге рұқсат берілді. Ал некесіз қаты­насқа түскендерді өлім жазасына кесті. Осы­лайша, зұлыстар Африкадағы ең күш­ті тайпа ретінде көзге түсе бастады. 1828 жылы Чака дүниеден өтіп, билікті бауыры Дингане алды. Ол зұлыс армиясын әлсі­ре­тіп жіберді. Ағылшынның қолтығына кір­ген бур тайпасына қарсы шабуыл жа­сай­мын деп, соңында өзі опат болды. ХХ ға­сырдың басында Африканың алмас ке­ніш­теріне көз алартқан ағылшындар зұ­лыс­тарды отарлай бастады. Зұлыстар бұл кезде де ерлігімен көзге түсті. Бір жағы бур­лардан, екінші жағынан ағылшын­дар­дан аямай соққы алған зұлыстар 1879 жы­лы британдықтардың құлдық қамытын кию­ге мәжбүр болды. Алайда, айбынды Чака мен ержүрек зұлыстарды бүкіл әлем білді. Ұзамай ағылшын жазушысы Генри Хаг­гард­тың «Сүлеймен патшаның ке­-нiшi» шытырман оқиғалы романы дүниеге келді. Әлемдiк әдебиеттiң жауһар үлгiсi са­нала­тын осы шығарма арқылы бүкіл әлем қара құрлық қаһармандарына құр­метпен қарайтын болды.
Қазақ қаламгерлері арасында да зұ­лыстар тақырыбына қалам тербегендер бар. Мәселен, Абайдың ұлы Ақылбайдың зұлыстар тірлігінен алынған «Зұлыс» поэ­масы бар. Бұл поэма 1921-1922 жылдары хатқа түсіріліп, 1924 жылы «Сана» жур­налына жарияланды. Өкінішке қарай, бізге дейін «Зұлыстың» тек кіріспесі ғана жетті. Ақылбайдың бұл поэмасы қазақ әде­биетіне өзіндік ерекшелігімен енді. Осы жерде сұрақ туындайды: Ақылбай алыстағы Африкада ержүрек зұлыс тай­палары барын қайдан білген? Себебі қа­-зақ пен зұлысты ештеңе байланыс­тыр­май­ды. Біз – Азиядамыз, олар – Африкада.
1883 жылы Е.А.Михаэлис бастаған сая­си жер аударылғандардың күшімен облыстық санақ комитеті үйінде кітапхана ашылғанын білеміз. Осы кітапхананың ең алғашқы оқырмандарының бірі – Абай бол­ды. Абай әлем әдебиетінің озық үлгі­лері­н осы жерде танысты. Абай айнала­сына ақын жігіттерді жиып, оқыған-біл­гендерін соларға таратты. Ондағы мақ-саты – қа­зақ­қа әлемдiк әдебиеттiң озық үлгiлерiн та­ныстыру болатын. Соның ар­қасында, аудармашылық мектеп қа­лып­тастырды. Тіпті Абайдың тапсыр­ма­сымен аударма жасаған шәкiрттерi болды. Олар қара сөз­бен айтылған әңгiменi өлең­ге айналдыр­ды. Бұл туралы Мұхтар Әуезов: «Ақыл­байдың аса қою оқиғалы роман-поэма түрінде жазылған үлкен көлемді шығар­масы – «Зұлыс» поэмасы» деп ба­ғалады. «Абай неше алуан күштi, қызық роман­дарды шәкірттеріне айтатын болған. Осындай Абай айтқан әңгiмелердiң бiрi – «Медғат – Қасым». Бұл – Африкада Нiл дариясы бойындағы бiр Қасым деген құл­дың плантатор байдан кек алуын баян ете­тiн әңгiме. Осыны Абайдың мәсли­-хаты бойынша қара сөзден әңгiмелi өлең етiп шығарған Абайдың өз баласы Мағауия болады. Зәңгiлер жайында Абай айтқан екiншi қызық әңгiме «Зұлыс» болған­дықтан, оны Ақылбай деген баласы өлең қылып таратады» деп жазған болатын.
Ақылбайдың бұл оқиғаны Хаггард-
тың «Сүлеймен патшаның кеніші» ро­манынан алғаны белгілі. Бұл романда жа­зушы кейіпкерлерін шытырманнан шы­тырманға бастап, түрлі қиын халдерге тү­сірген. Сөйтіп, оларды жанкешті ерлігі, ақыл-парасатының арқасында аман алып шығып отырған. Қандай шарасыз күйге түссе де, адамдық қасиеттерінен айны­майды. Рас, тақырыбына қарағанда ро­манды қазына іздеген адамдар жайлы деп ойлап қаласың, ал анығында жазушы – ең үл­кен қазына, нағыз байлық адамның өмірі деген тоқтамға келген. Жазушы Мұхтар Мағауин де Абылбайдың поэмасы Хаг­­гардтың романынан алынғанын жаз­­ды. «Абай төңірегіндегі ақындар жаз­ған поэмалардың енді бір парасы – жат жұрттар тіршілігінен алынған. Шет жұрт та­қырыбына қатысты енді бір шығарма «Зұ­лыс» – ағылшын жазушысы Хаггард­тың «Сүлеймен патшаның кеніші» ро­маны­ның өлеңмен жасалған еркін аудар­масы болып табылады» дедi Ма­ғауин.
Мағауин «Зұлысты» еркін аударма дегенмен, екі шығарманың жазылу ерек­шелігі әртүрлі. Ақылбай «Зұлысты» үшінші жақтан жазған. Ал Хаггард романын бірін­-ші жақтан, яғни Аллан Куатермэннің аузы­­мен баяндайды. Оның үстіне Ақыл­бай­дың ақындық суреткерлігі осы поэ­ма­дан анық аңғарылып тұр. Табиғатың әсем көріністері арқылы поэманың сюжеттік желісін жетілдіріп отырған. Аударма емес, көркем шығарма секілді әсер береді. Әри­не, Ақылбай әкесі әрі ұстазы Абайдың тәсілін пайдаланған. Тіп­ті өлеңнің тір­кестеріне шейін Абай өлең­деріне ұқсап кетіп жатады. Былайша айт­қанда, Ақыл­байдың суреттеуінен Абай­-дың лирикасын сезінсің.
Зор Зұлыс, зодыр Зұлыс түсі суық,
Басына жан бармаған мұның жуық.
Алабас ақ бурадай бұрқыраған,
Үскірік, қарлы бұлт басын жуып.
Қандай керемет сурет! Осылай сурет­тей келе, Ақылбай Зұлыс тауында піл атып пайда табатын Кватэрмен деген мергенге арнайы тоқталған. Мергеннің бекер қа­-рап жатпайтынын, күн сайын піл аулауға шығатынын, пілді тек ақша табу үшін емес, өзінің мықтылығын дәлелдеу үшін аулайтынын, осылайша қатерлі өмір сү­руді әдетке айналдырғанын жырға қосқан.Сол Кватэрмен өзі аулаған пілдің тістерін жинап, сату үшін кемешілерге келеді. Осы кезде бір кемедегі екі адамға кез болады. Оның бірі ұзын бойлы, қыр мұрынды жігіт болса, екіншісі толық келген, орта бойлы адам екен. Кеме капитаны оларға Кватэр­менді таныстырады.
Капитан екеуіне келді жетіп,
Көріп жүрген бұрыннан келіп-кетіп.
– Керек қылған кісіңіз мінеки, деп,
Аңшының жайын айтты мәлім етіп.
Ұзыны айтты: – Генри менің атым,
Тиді ме жолықсын деп жазған хатым?
Анық сен Кватэрмен аңшы болсаң,
Сізге бір жолығарлық бар қажетім.
– Кватэрмен аңшы біз іздеп жүрген,
Зұлыс тауда піл атып өмір сүрген.
Керек қылған хатыңыз тиіп еді,
Таса болмас өзіңнен көрген, білген.
– Айтайын, – деді Генри, – жайды бас­тан,
Миллионердің ұлымын дәулеті асқан
Жалғыз інім Джорждан тірі айырылып,
Құлағандай болып тұр басыма аспан.
Ініммен қалжың сөзге келдім шалыс,
Кішіге еңкеймекті көрдім намыс.
Көрместей боп біржола өкпе қылып,
Кетер деп ойламадым менен алыс.
Бір күні жоғын білдім банкке барып,
Бар ақшасын қалдырмай кетіпті алып.
«Жер үстінде бар болса табармын» деп,
Әр тараптан іздедім хабар салып.
Ақырында, Генриге інісінің зұлыс тауын­да піл атып жүрген Кватэрмен атты мергенге кез болғаны жайлы хабар жетеді. Кватэрменді іздегендегі мәселесі – осы екен. Мерген Генриге інісін көргенін, оның Сүлейменнің қазынасын із­де­меген адамға еріп, оңай қайтпас жерге кеткенін айтып береді.
Бір күні мен Зұлысқа шықтым аңға,
Піл кез келер деп ойлап аңдығанға
Ыстықтан қап-қара боп тілі түскен,
Жығылып, тұрған жолықтым халсіз жанға.
Көтеріп алып келдім балағанға,
Қуандым көз ашуға жарағанға
«Алмас…алмас…» деді де жаны шықты,
Қойнынан қағаз таптым қарағанда.
Сүлеймен планы екен қазынасының,
Білмедім қайда екенін жолдасының,
Қағазды оқып қарасам, іздеген жан,
Не болары белгісіз бір басының.
Ол план менде қалды соныменен,
Іс қылып іздемедік оныменен.
Інің Джоржды екі адам іздеп кетті,
Табамыз деп планның жөніменен…
Осы жерінен поэма аяқталмай қалған. Генри інісін тапты ма, алмас кеніші ашылды ма, ол жағын Ақылбай жазып үлгірмеген секілді. Өйткені, Әуезов Ақылбай бұл поэмасын өмірінің соңғы жылдарында жазғанын айтады. Соған қа­рағанда, поэма аяқталмағанға ұқсайды.
Генри Хаггардың «Сүлеймен патша­ның кеніші» романының «Мен сэр Генри Куртиспен кездесемін» деген 1-тарауы­ның сюжетін Ақылбай айна қатесіз қайта­лайды. Және осы жерде үзіледі. Ал роман­да одан әрі «Сүлеймен патшаның кеніші туралы аңыз», «Омбопа бізге қызмет­ші­лікке тұрады», «Піл аулау», «Біз шөлмен келеміз», «Су! Су!», «Сүлеймен патша сал­ған жол», «Біз кукуан еліне келдік», «Король Твала», «Дуагерлерді аулау», «Біз сиқыр жасаймыз», «Ұрыс алдында», «Шабуыл», «Сұр сарбаздардың соңғы со­ғысы», «Гудтың дерті», «Ажал Сарайы», «Сүлеймен патшаның қазынасы», «Үміті­міз үзілді», «Біз Игнозимен қоштасамыз». «Табылды!» деген жиырма шақты тарау бар. Бұлар туралы Ақылбай өз поэмасында жазды ма, жазбады ма, ол жағы бізге белгісіз. Себебі ештеңе сақталмаған.
P.S. Бұл мақаланы жазуға не түрткі бол­ды? 2008 жылғы «Восток – Oriens» жур­налының №1 санында А.Давидсон мен И.Филатованың «Зұлыстардан қазақтарға дейін. Ресей мен Оңтүстік Африканың ежелгі байланыстары» деген мақаласы жа­рияланды. Сол мақаланың «Зұлыс – қазақ эпосының кейіпкері» деген тарауында қазақ пен зұлысты байланыстырудың әрекетін жасаған. «Бәлкім зұлыстардың бірі Қазақ­станға барған болар? Алайда, ол туралы мә­лімет жоқ. Кім біледі, бәлкім зұлыстар мен қазақтардың ортақ тағдыры оларды байланыстырған шығар, себебі екеуі де отаршылдық езгіде болған халық», – дей келе, сауатсыз қазақтар сауатсыз зұлыстар туралы қайдан білуі мүмкін деп бас қаты­рып­ты. Ақылбайдың зұлыстар туралы қа­лай, кімнен білгені айқын. Олай болса, айда­ладағы екі халықтың арасынан байла­ныс іздеп шала сабылудың қажеті қанша?

Серікбол Хасан


08.11.2016 14:26 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика