Аллегория ма? Ақиқат па?

Тосын пікір сынға ұшырайды. Тіпті жазаға тартылуы да мүмкін. Бұл сөзімізге сіресіп қатып қалған дін догмаларына қиғаш келетін жаңалықтары үшін түнекті орта ғасырларда отқа өртелген, шіркеуден аласталған Джордано Бруно немесе Галилео Галилейдің ащы тағдырлары әбден дәлел. Бірақ олар араға бірнеше ғасырлар салып барып болса да жеңіп шықты. Шіркеу, дін өздерінің жеңілгенін мойындады.Жалпақ жұрттан кещеліктері үшін кешірім сұрады. Ал сол орта ғасырларда ақиқатты іздеп  аласұрған ғалымдарын соңына шырақ алып, түсіп қудалаған Шығыс әлі күнге өз қателігінің кесірінен оңала алмай келеді. Мұхаммед ғалейссаламның «Тіпті Қытайда болса да білім алуға ұмтылыңдар, неге дегенде, білім алуға әрекеттену-әрбір мұсылманның парызы» деген әйгілі хадисін аяқ асты еткен ислам әлемі болса Батыс өркениеті тепкісінің астында.


Міне сенің айтпақ пікірің де осындай қалыпты түсініктің «басын жарып, көзін шығарардай сипатта».  Ол жаңалығың «Түркілік қасқыр тотемі мен жебірей жалғыз құдайының түбі бңр» деген тұжырыммен түйінделеді. Иә, мұндай жаңалығыңа сарабдал, салиқалы пікірлер естімек түгілі, өз жеке басың мен есіңнің дұрыс-бұрыстығы нәгүман болары анық. Жұрт сені бір ауыз сөзбен «ауыш» деп атайтын болады. Бәлкім күлетін де болар. Мейлі, күле берсін. Ал сен өз жаңалығыңның ақиқат екендігіне сенесің. Сенбегенде…
Түркі халқы өзін қасқыр-анадан таратады. Бірақ ол оны ешқашан, Құдай яки, Тәңірі дәрежесіне көтермеген-ді. Түркілер өзінің қаншық қасқыр мен шалажансар баланың некесінен тарағандығын, бар болғандығы, құдіреті шексіз Жаратқанның бір кереметі деп қана түсінетін.
Көне Мысыр сенімдері мен кейінгі үнді-иран және семит діндерінің бастауында тұрған әрі жер бетіндегі ең алғашқы монотеистік дін саналуға тиіс тәңіршіодік неге қасқыр тотемінің тасасында қалып қоймады? Түркіде неге алдымен Тәңірі, содан кейін ғана барып қасқыр ауызға алынып келеді? Бұл сауалдарға  тәңіршілдіктің тамыры тереңде жатқан сан мың жылдық терең тарихы барлығымен ғана жауап беруге болады.Рас, арамызда Тәңірі мен тотемі өзара шатасып, бағзы түркі біткенді пұтқа табынушы қылып шығарғысы келетіндер де бар. Бабаларын ақымақ санау, аңыз өзегінен ақиқат болмысын тани алмау білімсіз ұрпақты осылай адастырады. Мәселе мұндай жалған пірәдарлардың қасқыр мифі мен тотемі қай кез, қандай уақыттар аралығында пайда болғандығын білмейтіндіктерінде. Әрине, білмеген уішеді. Біздіңше, қасқыр мифі көшпелілер Тәңірісі Қосөзен аралығы мен қасиетті Ніл жағалауында көне Мысыр мен байырғы семит халықтарының көзін ашқаннан көп кейін, жебірейдің жалғыз құдаймен (Иегова) бір мезгілде, иә-иә, дәл бір мезгілде дүниеге келген-ді. Мұнымыз құр жалаң қызыл сөз болмас үшін, осы арада енді түркі қасқыр мифінің өзін біршама сөйлетіп алайық.
Көнеден жеткен аңыз бойынша көршілес жау тайпа бір ұлыс елді тұтқиылдан шауып, қырып тастапты-мыс. Қырғынға ұшырап, қынадай қырылған елден еркек кіндіктіде жалғыз ұл ғана қалған көрінеді. Құдайдың кереметімен, сол ұлды қаншық қасқыр тауып алып, асырап, жетілдіреді. Кейінірек, бала ержеткенде, екеуінің өзара жақындасуынан сайдың тасындай он бала дүниеге келеді. Сол балалардың бірі Ашина Түркі, яғни, Қасқыр түркі атанып, бүгінгі түркі халықтарының негізін қалапты.  Аңыз түбіріндегі қандай нақты тарихи оқиға жатқандығын бүгінгі күні, арада жатқан ондаған ғасырлардан кейін тап басып айту қиынның қиыны-ақ. Дегенмен әрекеттеніп көруге болады. Ол үшін өзімізге белгілі аңызды төрт тарау немесе үзікке бөліп қарастырған қолайлы.
Бірінші үзігі- қырғынға ұшыраған халық.
Екінші үзік- баланы асырап алған қаншық қасқыр.
Үшінші үзік- қаншық қасқыр мен кейін ержеткен баланың некесінен дүниеге келген нәрестелер болса,
Төртіншісі- сол нәрестелердің бірінен тараған аштна түркілері.
Бүгінгі адамның ой –қиялы біз тараушаларға бөлген аңыздың алғашқы және соңғы үзіктерін ғана шындық ретінде қабылдай алады. Ал екінші, үшінші үзіктер нақты ғалымдар тарапынан қатал сынға ұшырамақ. «Жарайжы жалғыз қалған баланы қаншық қасқыр асырап-ақ алсын, өмірде мұндай оқиғалар бар, бірақ адам баласы мен ұрғашы қасқырдың жақындасуы, дүниеге ұрпақ ікелуі, бұл дегенің енді… » дейді олар. Аңыздың тууына түрткі болған тарихи оқиға (ал мүндай оқиғаның болғандығына шәк келтіруге болмайды) келе-келе оны баяндаушы жандардың ақындық қиялы құдіретімен адам танығысыздай метаморфозаға ұшыраған, яки , тұспалды немесе астарлы аллегрияға айналған. Бәлкім аңыздың өзі де бізе бүгінгі нұсқасында, негізінде жатқан нақты оқиға жер бетінде көрініс беріп, дүбірлетіп өткен мезгілдерден ондаған ғасырлардан кейін ғана пайда болған болар? Бұлай болуы да «бден мүмкін ғой. Мысалы күнге жетемін деп мерт болған Фаэтон апаты немесе Троя қырғынының бірі ғарышта, енді бірі жер бетінде болған тарихи оқиғалардың ақындық қиялмен әспеттеліп, әрленген жаңғырықтары екендігін бүгінгі ғылым нақпа-нақ  дәлелдеп беріп отырған жоқ па? Бірақ Фаэтон күннің қызуына шыдамай күл-талқаны шыққан немесе тоғыз жыл беріспеген Троя бір түнде отқа орнаған мезгілде зағип Гомер мен қияли Овидийлердің де ол оқиғалардың  маңында болмақ түгілі мына жарық дүниеге әлі келмегендіктері белгілі емес пе? Олай болса, қиялмен көмкерілген қасқыр мифінің астарында да мына өмірде расымен-ақ болған оқиға жатыр деп болжам жасауға әбден  қақымыз бар.
Иә, сыры тереңде жатқан аңыз құпиясын ашу үшін өзіміз шындыққа жанасады деп тапқан бірінші және төртінші үзікке баса салмақ салғанымыз жөн. Міне, түйсікке осы арадағы бірінші үзіктегі шапқыншы жау орнында алғашқы, байырғы нұсқада «дүлей табиғи апат болған болса ше?» деген ой келеді.
Анығын айту керек, уақыт өте келе табиғи апаттың зардабы ұмытылып, жаугершілік рухта тәрбиеленген, өзі де найза-қалқан асынып ат үстінде өмір өткізуі мүмкін дала ақыны қырғын себебінен бүгін болмаса, ертең қылыш түйістіретін көршілеріне аударып жіберген болуы әбден-ақ қисынды жайт. Мұндай патротизмі үшін дала ақынын ешкім де кінәлай алмайды. Миф астарына үңіле қарасақ, міне, осындай да сарынның бар екендігін аңғарар едік. Сосын көнеден жеткен қасқыр мифі нұсқаларының бірінде тұтқиылдан шабуыл жасаған көршілес тайра туралы бір ауыз сөз айтылмағандығын да ұмытпаған жөн. Тек жосадай қырылған халық қана бар. Бәлкім бізді аңыз аясынан шындықты тануға бастайтын жол осы болар.

Әмірхан Балқыбек


21.10.2017 12:21 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика