Америка Ұлы депрессиядан қалай шықты?

Бәріміздің болашақта не болатынын білгіміз келеді. Бірақ нақты бір ғана адамның болашақ тағдырын емес, бүкіл әлемде не болатынын қалай болжап білуге болады?

Адамзат тарихында мұндай көріпкелдік қасиеті бар бірлі-жарым ғана адам болды. Солардың бірі – болашақты дәл болжаған атақты көріпкел Вольф Мессинг. Экстрасенстің өткір көзі уақыт пен кеңістікті тесіп өтіп, алда болатын оқиғаларды айқын көрді және оның айтқандарының барлығы дәлме-дәл келіп отыратынын әлем мойындайды. Мысалы, ол Иосиф Сталинге ІІ дүниежүзілік соғыстың қашан аяқталатын күнін дәл айтып берген. Көріпкел алдағы бірнеше жылға ғана емес, жарты ғасырдан астам уақытқа болжамдар жасап кеткен және олары тура келіп жатыр. Мессингтің 2016 жылға жасаған болжамдарында үш ірі мемлекетте елеулі өзгерістер болатындығы айтылады. Атақты экстрасенстің айтуынша, биыл АҚШ әлемдегі ең ірі мемлекет атағынан айырылады, оның орнына бұрын ешкім елемейтін мемлекет келеді. Яғни осы уақытқа дейін Америкамен бәсекелес ретінде танылмаған ел. Бұл мемлекет АҚШ экономикасына жойқын соққы береді, содан ол тұралап қалмақ. Мессингтің болжамы бойынша биылғы жыл тек АҚШ-қа ғана қолайсыз емес, сондай-ақ, Жапония Тайваньмен қоса жойқын соққы астында қалады. Оның қайдан келетінін көріпкел нақтыламайды, бірақ бұл елдер орасан зор экономикалық және адам шығынына ұшырайды. 
Мистикаға сенетіндер қазірдің өзінде АҚШ долларының әлемдік айналымнан шығатындығы туралы әртүрлі әңгімелерді таратып жүр. Америка экономикасының құлдырауы осыдан басталады дегенді айта­ды. Алайда америкалықтар өзінің тарихын­да бірнеше рет ауыр кезеңдерді бастан ке­шірген. Соның ішіндегі ең ауыры бұдан 87 жыл бұрынғы Ұлы депрессия болды. 1929 жылдың 24 қазанында Ұлы депрес­сия­ға әкелген «қара бейсенбі» деп аталған Нью-Йорк биржа қорының күйреуі соңғы жүз­жылдықтағы ең ірі экономикалық дағдарыс болды. Америка бұл күнді мерекелеп өткіз­бегенмен, осы Ұлы депрессия Құрама Штаттарын қазіргі біз білетін алпауыт мем­лекет деңгейіне жеткізді. Бұл қалай болды дейсіз ғой…
Алдымен Америка экономикалық құр­дым­ға қандай биіктіктен құлағанын, 20 жылдар бұл ел үшін қандай болғанын анық­тап алайық. Бірінші дүниежүзілік соғыс АҚШ-қа қарыздарынан құтылып қана қоймай, еуропалық одақтастарына 11 млрд доллар (1920 жылы доллардың сатып алу қабілеті қазіргіден 12,2 есе жоғары болды) несие беруге мүмкіндік жасады. Әскери тапсырыстар экономикалық басты секторларын дамытуға мұрындық болды: 20 жылдың басында әлемдік көмір өн­діру­дің 50 пайызы, шойын мен құрыш құюдың 60 пайызы, мұнай өндірудің 75 пайызы АҚШ үлесінде болды. Одақтастар бұл өнімдердің басым құнын таза алтынмен төлейтін болғандықтан, Штаттар құнды металдардың әлемдік қорының жартысын өздерінің қоймаларына жинап алды. Шет елдердегі америкалық инвестиция 2,6 млрдтан 7 млрд долларға дейін өсті. АҚШ инвесторлары Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдеріндегі кеніштердің денін сатып алды. Экономиканың дамуы халықтың әлеуетін жақсартып, елдің еңсе­сін көтеріп тастады. Осындай жақсы өмір тез аяқталып қалады деген нәрсе Америка тұрғындарының түсіне үш ұйықтаса кірген жоқ. 
20 жылдардың аяғында соғыстан кейінгі қалпына келтіру саябырси бастады. Сату нарығы таусылды, еңбек өндірісі әрі қарай өспеді, ал инвестицияның тиімділігі күрт төмендеді. Дағдарыс сезіліп, оның арты дефляцияға апарды. Америкалықтар үй сатып алуды, одан кейін автомобиль алу­ды қойды. Алайда бұл келе жатқан дағдарыстың макроэономикалық белгілері ғана болатын. Қаржылық апаттың бастауы маржалық заемның акциялары болды. Бұл құнды қағаздардың ерекшелігі – оларды номиналдық құнының 10 пайызына сатып алуға рұқсат етілді. Қалған 90 пайызы бро­керлік контора беретін несиенің бір түрі ретінде қарастырылды. Сөйтіп, ортанқол клерктердің өздері биржада ірі активтермен ойнайтын болды. Бірақ олар бір детальды ескермеді. Келісімдегі елеусіз бір пунктте брокер құнды қағазды ұстап отырғандардан акция құнының жетіспейтін сомасын 24 сағаттың ішінде әкеліп беруді талап етуге құқылы екені көрсетілген. Осылайша мил­лион­даған америкалықтар (кейбір деректер бойынша, АҚШ-тың бүкіл еңбеккер адам­дары) бір күннің ішінде брокерлік контора­лардың қармағына түсті. Ал олар болса, банктерге дәл осындай жағдайда кіріптар болды. 
1929 жылдың 24 қазанында бірнеше банк аяқ астынан брокерлерге бір күннен артық кредит бермейтін болып қалды. Нью-Йорк биржасы ашылғаннан кейін бір сағаттан соң Уолл-стритте абыр-сабыр бас­талды. Сол күні 12,6 млн құнды қағаз саты­лады, ойыншылардың жартысында арзан­даған акцияларды сатып алатын ақшалары болған. Қаржыгерлер мен журналистер бұл күнді «қара бейсенбі» деп атап жіберді, бі­рақ мұның артындағы түнектерге қара­ған­да бұл күн қара емес, сұрғылт қана бейсенбі болатынын олар білген жоқ. Ертесінде де жағдай түзелген жоқ, брокерлер нарыққа тағы 30 млн акцияны шығарды. Акционер­лер арасындағы үрей ұлғая түсті, қаржы құны көз алдарында төмен құлдырай бастады. Ертесінде «Қара жұма» деген тер­мин пайда болды. Бағаның құлдырауы дема­лыс күндерінен кейін де жалғасты, күнтізбек бетінде «қара дүйсенбі» және «қара сейсенбі» деген күндер белгіленді. Миллиондаған халық бір күннің ішінде қарызға батты, байлары тақыр кедей болып шыға келді. 
Адамдарды өзіне қол жұмсауға мәжбүр­леген банкроттың бірінші толқыны бастал­ды. Атылып өлген банкирлер Джеймс Риор­дан мен Джесси Ливермор Уолл-стрит күйреуінің алғашқы құрбандары болды. Одан кейін қол ұстасып биік үйдің төбесі­нен клерктер секіріп өлді. Аптаның ая­ғында америкалық қор нарығы бүкіл Құра­ма Штаттардың Бірінші дүниежүзілік соғыста жұмсаған қаржыдан 30 млрд артық ақшасынан айырылды. Дағдарыс ауылдық жерлерге де жетті. Қарыздарын қайтара алмаған, салықтарын төлей алмаған 5 млн фермер жерінен айырылды. Қалалық жерлердегі америкалықтар аштан бұралса, ауылдағылар ет, сүт, көкөністерін кімге сатарын білмеді. Ұлы депрессия кезінде аштықтан 7,4 млн адам көз жұмды.
1932 жылы президент Герберт Гувердің орнына Франклин Делано Рузвельт келді. Мұраға Ұлы депрессияны алған ол қатаң мемлекеттік жоспарлауға кірісті. «Жаңа бағыт» деп аталған Рузвельттің бағдарлама­сына жүздеген оқулықтар мен моногра­фиялар жазылды. Артынан президенттің экономикалық бағдарламасын АҚШ Жо­ғарғы соты қарап, оны антиконституциялық деп таныды. Кейіннен толықтай ақтап шы­ғарды. Дағдарыстан шығу үшін ол не істеді дейсіз ғой? Рузвельт долларға девальвация жасады да, елде банктік каникул жарияла­ды. Адамдарға банктегі жинағандары құн­сызданбай тұрып ақшаларын алып алуға жағдай жасады. Халықтың қолындағы бар­лық алтын кесектер мен монеталар 1933 жылдың 1 мамырына дейін мемлекетке өткізілуі тиіс болды. Жасырып қалғандар он жылға кесілді. Рузвельттің тұсында мемлекет алтынның троялық унциясын 20,66 долларға бағалап сатып алатын болған. Америкалықтар алтынды алу құқығына 1975 жылы ие болды, бұл кезде оның унциясы 195 доллар тұратын. 
Осы кезде банк жүйесін біріктіру про­це­сі қатарласып жүрді. Аман қалған ірі банктер ұсақ банктер мен орташа кредиттік ұйымдарды сатып ала бастады. Мемлекет өндіріс пен транспорттық компанияларға кре­дитті тікелей беріп, коммерциялық және инвестициялық банктерді бөліп тас­тады. Фермерлердің қарыздары қайта қа­рал­ды, біразын жауып тастады. Жұмыс­сыздықты қысқарту үшін көптеген жұмыс орындары ашылды. Рузвельттің командасы ІЖӨ құлдырауын тоқтатып, қаржы жүйесін қалпына келтіре бастады. Алайда бұл шаралар тұрақты бола алмады. 1937 жылы президент мемлекеттік шығындарды азай­тып, бюджетті қалыптастыруға тырысты, бірақ Құрама Штаттарын рецессияның екінші толқыны келіп ұрды. 
Екінші дүниежүзілік соғыс болмаса, дағдарыстың қанша уақытқа созылар еді, бұны нақты айту қиын. Орасан зор әскери тапсырыстар, одан кейін талқандалған Еуро­паға көмек көрсету америкалық экономиканың тұрақты өсуін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Бірақ бұл бұдан 15 жыл бұрын тұралаған экономиканың деңгейінде болған жоқ. 
Құрама Штаттар макроэкономикалық саясатты жүргізуді үйренді, дефляцияның зиян екендігін мойындады және қаржыны басқаруды игерді. Британияның колония­лық жүйесінің күйреуі америкалық өндіру­шілерге бұрын қол жетпей жүрген нарыққа жол ашты. Ал әлемдік валюта ретінде дол­ларды бекіту инфляциялық тәуекел эмис­сиясын азайтып, қаржы массасын экспорт­тауға мүкіндік берді. Демократиялық дер­жава өздерінің азаматтарын алдын ала ондаған жылға несиелеп, өндіріске қолдау көрсетіп, қарызға өмір сүруді үйренді. Ең бастысы – америкалық саясаткерлер мен қаржыгерлер бүкіл өзінің экономикасына жанармай және тиімді допинг ретінде соғыстың ғаламат күші мен бағасын то­лық­тай түсінді. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт бойы Америка «шағын жеңіс­тер соғысы» саясатының арқасында да­мып, өмір сүріп келе жатыр. Егер елде кезекті экономикалық құлдырау сезіле бастаса билік не істеу керектігін біледі. Ке­зекті соғыс компанияның акциясын көтер­еді, әскери тапсырыстар металл мен мұ­най­дың биржалық құнын өсіреді. Осы­лай­ша, өткен ғасырдағы «қара бейсен­біден» бастап Америка Құрама Штаттары қатардағы капиталистік елден әлемдік алпауыт мемлекетке айнала бастады деп айтуға болады. Шоққа айналып, күлден қайта тірілген Феникс құсы сияқты Ұлы депрессиядан өз күшімен шығып, әлемдік экономиканың шыңына жеткен Америка Құрама Штаттары көріпкел Вольф Мес­сингтің болжамына да жауап тауып қойған шығар. 

Қайыржан ТӨРЕЖАН 
Дереккөз: aikyn.kz


26.10.2017 12:26 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика