Арқа төсінде аламан айтыс өтті

Қарағанды қаласында үш жүздің басын қосқан төбе бидің бірі Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойына арналған аламан айтыс өтті. Арқа жұртының абыройын асқақтатқан айтулы шараны Ерлан Қошанов тамашалап, ақындарға ізгі тілегін арнады.

Айтысты сағынып қалғандарыңыз көрініп тұр. Залда ине шаншар орын жоқ. Былайғы уақытта айтыс Қарағанды жерінде жиі болып тұрады деп ойлаймын. Кешеден бері Ұлы Қазыбек би бабамыздың тойы басталып кетті. Елбасымыздың құттықтау хатымен ашылды. Біз жиналған ақындардан не күтеміз? Әрине сапалы айтыс күтеміз. Терең өткір ой, әдемі теңеулер, жақсы ұйқастар күтеміз. Қазылар алқасында ағамыз Серік Ақсұңқарұлы отыр: «Мен отпын ғой, өртпін ғой мен лапылдаған, лебіме жан шыдамас жақындаған» бұл рух, немесе «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деп Несіпбек Айтұлы ағамыз айтпақшы әдемі теңеулер айтылып халықтың жадында қалады деп ойлаймын. Қаздауысты Қазыбек би – әділдіктің символы. Сондықтан, қазылар алқасынан әділдік күтемін. Айтыстың әділ бағасы берілетіндігіне сенімдімін. Сіздердей халық барда айтыс өлмейді, мәңгілік жасайды,– деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Аламан айтысты арқа жұртының сағынып қалғаны шын екен. Кеншілер сарайында ине шаншар орын жоқ. Иін тірескен жұрт ақындардың шабыт шақырып, астарлы сөзбен өрнек салған өнерін тамашалауға ынтық болуда. Ал сол залға кіре алмай, сыртта тұрған адамдардың санында тіптен шек жоқ деуге болады. Айтысты ұйымдастырушылар осылай боларын алдын ала сезсе керек. Кеншілер сарайының алдындағы LED экранға айтыстың тікелей көрсетілім орнатыпты. Залға кіре алмаған қауым соның алдында топтасып, сырттан тамашалады.

Қазаққа көнеден жеткен осы бір өнердің озық үлгісін тамашалауға келген құрметті қонақтардың қатарында ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, белгілі актер Асанәлі Әшімовтер болды.

Айтыс десе Жүрсін Ерман, Жүрсін десе Айтыс еске түседі емес пе?! Халықаралық айтыстың тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман өз қолына алды. Ал Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бас қазысы болды.

Ұлы бабаның мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық айтысқа 16 ақын қатысты. Олар алдын ала тасталған жере бойынша жұптасып, өз өнерлерін ортаға салды. Әдемі әзілмен қатар елдің көкейінде жүрген күрделі мәселелер де ортаға салынды. Әсіресе Семей елінің атынан келген ақын қыз Сары Тоқтамысова мен қарағандылық ақын Дидар Хамиевтің айтысы көптің қошеметіне бөленді. Сара ақынның «Алаштың арысы Әлихан Бөкейханға аудан атын бере алмай жүрсіңдер» деген сынына Дидар Хамиев орынды жауап қайтарды. Әрі дәл осы мәселені өз назарына алып, бұрынғы әкім бастаған істі соңына дейін жеткізуді сұрап Ерлан Қошановқа уәжін жеткізді.

Сөз шеберлерінің алғашқы айналымы қорытындыланып, сахна төріне ақтық айналымда бақ сынауға төрт жұп шықты. Олар Қытайдан келген Ұларбек Минатхан, Қарағанды жұртының атынан Аманжол Әлтай, Дидар Қамиев, Арқалық қаласынан Айбек Қалиев, Орал өңірінен Жансая Мусина, Қызылорда елінен Мейірбек Сұлтанхан, Баянаул­дан Аспанбек Шұғатаев.

Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған айтыс өз деңгейінде өтті. Мұны қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімовте растап, ақындар мен ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Аламан айтысқа тігілген шабыттандыру сыйлығын Сара Тоқтамысова, Рүстем Қайыртайұлы, Серікзат Дүйсенғазы, Мұхтар Ниязов, Мақсат Ақанов, Баян Ақыматов, Айтбай Жұмағұлов иеленді.

Ал Төле би атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Айбек Қалиевқа, Әйтеке би атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Ержан Әмірге табысталды. Белгілі ғалым Ерқара Балқараұлы тағайындаған Әлихан Бөкейхан атындағы 500 мың теңгелік сыйлық Аспанбек Шұғатаевқа тапсырылды. Бұдан бөлек ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің арнайы тағайындаған жүлде Серік Қуанғанға табысталды.

Ал аламан айтысқа тігілген негізгі жүлделерге келсек. Бұл сайыстың қорытындысы бойынша үшінші орын Жансая Мусинаға (750 000 теңге), Мейірбек Сұлтанханға (750 000 теңге), екінші орын Дидар Қамиевқа (1 млн. теңге), бірінші орын  Ұларбек Минатханға (1,5 млн. теңге) бұйырды.

Бас жүлдеге тігілген 3 млн. Теңге Аманжол Әлтаевтің қанжығасына байланды.

Сұлтан Жомартұлы

 


22.08.2017 12:30 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика