Бір-ақ түннің тағдыры

Сол түні иттер ұзақ ұлыды.

Жапандағы жалғыз үйдің түпкі бөлмесінде жарық әлі өшпеген. Қара суықта қысыр биені іздеп кеткен әкеме алаңдап, әрнені ермек қылып отырған шешем байғұс мені қайта-қайта далаға шығып, маңайдан бөтен дауыс, бөгде мал көрінбей ме екенін барлап қайтуға жұмсаумен болды. Құшағына алып, маңдайымнан құшырлана иіскеп отырып көзіне жас алды да. Жасқа булыққан, мұрын астынан шыққан сөздер он үш екі маған еш түсініксіз еді. Мен тек анам жылаған соң, үзік-үзік жас шығарып отырдым. Мен анамды жұрт балалары секілді еміреніп сағынып, ерекше жақсы көре де алмаппын ғой. Өтірік өксіп ұйықтап та кетіппін. Кенет, шешем мені жұлмалап оятты. Таң бозарып келе жатыр екен. Түс пен өңнің ортасында тұрған мен оның сөздеріне түсініп болмадым. Бар түсінгенім «сыртқа шық» болды. Марқұм кіші атамнан қалған ескі күпәйкені үстіме іле сала далаға шықтым. Торы айғыр жер теуіп, кісінеп тұр екен. Түсінбей қалдым. Аты үйдің артында тұрса, әкем қайда?! Жанталаса үйге кірдім.

Апа, әкем қайда?

Қайдасы несі?! Сені соны қарап кел деп жіберіп тұрған жоқпын ба?! Кісінеп тұрған не жылқы.

Кісінеген әкемнің аты. Ері жоқ, шылбыры үзілген. Мен шешіліп кеткен екен десем. Сонда әкем қайда?! Есімді жинап алдым. Жо-жоқ, ұйқымнан оянып ес жинау емес. Бұл, он екімде өзімді алғаш рет, алғаш рет жігіт сезінуім еді. Бір үйдегі үш баланың үлкені болсамдағы мен өзіме жауапкершілігі бар, ертеңінен үміт күттіретін адам ретінде сонда ғана қарадым. Анам мені киіндіріп әлек. Бірақ, мен қайда бармақпын?! Әкемді іздеуге екені түсінікті, бірақ қайдан? Торы айғыр бұрынғыдай әкемнен басқа адамды жанына жолатпайтын әдетінен тайыпты бүгін. Жануардың бұл мінезі мені таңырқатты да тамсандырды. Тез ұстап, әкеме қаладағы достары сыйға берген қымбат ермен ерттедім де тартып кеттім. Қайда барарымды да білмеймін. Төбе-төбені қуалап, қарайған іздеп жүрмін, әйтеуір.

Адам ойы недеген жылдам еді?! Әкеме бірдеңе болса ше? Әкемді таба алмасам ше? Сондағы сіздер әлі пәк деп қабылдайтын баланың ойын білесіз бе? Мен бұрыннан қызығып жүрген, қазір астымда жорғалап келе жатқан әйгілі торы мен қымбат ерді өзімнің меншігім болатынына іштей бір қуаныш сезіндім. Сосын ше? Сосын мына жылқының иесі де мен болып шыға келмеймін бе? Құдай-ау, сананы тұрмыс билейтіні осыдан-ақ белгілі. Недеген оңбаған ем?! Өзімнен-өзім жиіркеніп кеттім. Осылай, өзіммен-өзім іштей тайталасып келе жатқанда торы тағы кісінеді. Ұзақ әрі ащы кісінеді. Денем мұздап қоя берді. Қамшылай төбеге көтерілдім. Ештеңе көрінбейді. Торы күн шығысқа қарай тағы кісінеді. Солай жүрдім. Өңменіңнен өте соққан күздің қара желі сонау бір алыс жақтан бір сасық иісті мұрыныма тықпалап әлек. Санам бұл иістің нендей екенін, қайдан шығып жатқанын түсінсе де, ақылым мойындай қойғысы келмеді. Сайдың бойын қаумалап өскен қалың қарағанды екіге жара жүріп келе жатып, жын көргендей үркіді торы. Әудем жерде бір үзеңгісі үзілген ертоқым қалыпты. Мен жын көргендей қаттым да қалдым. Сол ер жатқан жерді айнала шапқылай бердім. торы да болдырып, өзім де алқынған соң әлгі иісті қай беттен әкеліп жатқанын жоруға көштім. Бағыт тапқандай сандалып жүре бердім. Айдалада меңіреу тыныштық адамды жынды қылады екен-ау. Біреудің даусы естілгендей болады да, құлақ түрсең жел ысқырыған өзге ештеңе естілмей тына қалады. Мен осылай көп жүрдім. Әудем жерде бірдеңе елестегендей. Соған қарай жүрдім. Келдім де мелшиіп қатып қалдым. Шоқ қараған үстінде Әкем жатыр. Осы жаққа кетіп қайтпай қалған сол болған соң ғана әкем дедім. Әйтпесе, киімінен де, бет әлпетінен де жапанда жатқан бұл адамның кім екенін ажыратып білу мүмкін емес еді. Ат үстінен қалай түсіп, жанына қалай ұшып барып, еңкілдеп жылап құшақтап отырғанымды өзім де байқамай қалдым. Он екі жасар бала әкенің де өлетінін қайдан біліпті?! Менің бұл әлемге, бұл әлемнің маған көк тиынға да керек емес екенін сонда алғаш түсіндім. Даланы басыма көтере еңкілдедім. Тіршіліктің бәрін жек көріп кеттім. Тасқа басымды бір соғып, жанына сұлай кеткім келді. Құшақтап жылай бердім, жылай бердім….. Бұл менің соңғы рет жылағаным еді. Бұған дейін еркелікке салып, қайдағы бір болмашы жайтқа бола өкпелеп, жас шығарудың жылау емес екендігін сонда ұқтым. Мен енді жыламасқа серт еттім. Бұған дейін де талай рет серт етіп, соңынан айнып қала беретінім бар-ды. Бұл жолы олай болмасын және ұқтым. Жасымды көрсетсем айдаладағы біреу тұрмақ өзімнің ет жақындарым мені жалмап-жеп қоятынын, шешемнің түнде маған айтқаны осы екенін енді түсіндім. Мен әкемнен қалған тізгінді қолыма алып, анам мен екі бауырыма қорған болатын бала бола тұра «Еркек» деген атақтың тұғырына жаңа мінген, тағдырдың зұлмат ойнының арқасында Еркек болып шыға келдім. Мен бәрін мойындадым. Мойындадым да бір-ақ сәтте ержетіп шыға келдім.

Есік алды қараң-құраң еткен адамдар екен. Бәрі жанталаса жүгіріп келіп, қасқар шапқан табындай азынап мені бөлек, торыны бөлек әкетті.

-«Сорлы бала-ай, әкесінің өлігін тауып әкелген қандай ауыр десеңші.

-Әкең бізді тастап кетті» — дегенде, мен әлгі әйелдің бетіне бажырая қарадым. Құдды бір әкемді сол өлтіргендей бар қаһарымды төге тік қарадым. Ол жанарын тайдырып әкетті. Шыдамады. Сонысымен менің енді бала емес екенімді дәлелдеп берді.

— Әкем бізді тастап кеткен жоқ. Әкем мені орнына қойып кетті. Мені айналсоқтап жүрген әйеллерге барлай бір қарап өттім де «Анамның жанында болыңыздар, мен еүлкендерден жөн білейін»- деп, сыртқа шығып кеттім. Топталып алып, манағы үйде әйелдер айтып жатқан әңгімені айтып тұрған еркектердің жанына кеудемді тіктеп, екі қолымды қалтамда ұстап, әкемнің жүрісіне салып маңғазданып қосылдым. Бұлар да мені күтіп тұрғандай, соятын малдың қамын, қазылатын жердің қай тұстан болатынын сұрап, ақылдаса кетті. Мен бұл сұрақтарға бағана денені алдыма өңгеріп әкеле жатқан жолда жауап тауып қойғанмын. Дене деймін. Себебі, әкем сұлық түсіп, аяныш білдіруді талап етпейтін биік еді. Ал мыналар жуып, ақіретке орап жүргендері — дене ғана. Мен солай шештім. Мен солай шешім қабылдауды үйрендім. Мен осылай ер жеттім. Мен осылай сезімсіз, суық адамға айналдым.

Сол түні иттер ұзақ ұлыды.

Сұлтан Мұстафин


10.11.2017 09:44 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика