Бiржан Ахмер. «Ойдан – ыза, көңілден – кекті ысырып»

ІҢІР

Ойдан – ыза, көңілден – кекті ысырып,
Өмір заңын жүріп ем бек түсініп,
Түйдек-түйдек сөздердің талқысынан,
Құмырадай жүрегім кетті сынып…

Жатты сынып, құраймын оны немен,
Көк теңіздей толқиды долы денем.
Жұбатқандай көңілді, жақын келіп,
Ай сүйейді жып-жылы қолыменен.

Тымық аспан. Кешкі іңір. Құба дала,
Жанымды өртеп барады мына нала.
Жүрегіме алыппын бұлт көшіріп,
Ауық-ауық селдетпей тұра ала ма?..

Жабырқасам, шытынбас Ай қабағын,
Ғұмырымды өлеңмен қайталадым.
Ақын жаны – мəңгілік алқоңыр күз,
…Күз келіпті. Мен оны байқамадым.

***

Бірде жерде, ал бірде жар басында,
Түлкі құйрық тіршілік жалғасуда.
Бояулыға байланып қалар көзің,
Баянсызын білсе де əу басында.

Мұздағаның белгісіз, жылығаның,
Мейірленбес тірліктің мұңы қалың.
Жардай сауап қылсаң да, сезінесің,
Жалғыз жаспен жүрегің жуынарын.

Кімге сенер жүрегім, кімді кешер?!
Көкірекке күн – қысқа, күлкі – кесел.
Шамданып та қайтесің, қайран досым,
Шалыс басқан бөріні түлкі десе ел?..

Кім қалды екен жанымды ұғатындай,
Кеміді екен, достым-ау, қуатым қай?
Менің сəби жанымды, шошынғанда,
Уақыт өзі уатып тұратындай…

***

Арбағанмен арсыздау ұғым, айла,
Түзетердей пендені ғұмыр-айна.
Арлы адамдар – қанаты кірленбеген,
Құс екенін əлі де ұғынбай ма?..

Күндеріңе дұға оқып жеміс берер,
Амалыңды бір шолып тегі істелер,
Сені өбектеп шығарды шаранадан,
Қанатыңнан бір сүйіп періштелер.

Түсі – тұман, өмірдің өңі – жұмбақ,
Ауыр мұңды кімің бар жеңіл қылмақ?
Күлкіңді ұрлап кетсе де көңіліңнен,
Кетпейді ешкім іштегі шеріңді ұрлап.

…Түскің келмей əлемнің биігінен,
Ой түйесің жалғанның түйінінен.
Сен ұшасың, ұшасың көк төсінде,
Періште емес, пенделік күйігіңмен…

***

Алғашқы қар… не деген əдемі едің,
Қос қолымда еріші, кəне, менің.
Дəл өзіңдей ділі – нұр, аппақ – ары,
Бір сұлудан мен бейбақ дəмелі едім.

Алғашқы қар… жүзіңнен назды ұққандай,
Алақанды тұрмын мен жазып талмай.
Балқып кете беретін жылы сөзге,
Ару сынды жүрегің нəзік қандай!

Пенде деген – (не ғылып, не істемеді?..)
Қарауытқан астыңда көш келеді.
Күнəсізге қонасың, күнəліге,
Білмейсің ғой əзірге ештеңені…

ХАТ

Қарлығашым, біз жолыққан сəтті ойлап,
Қара түнде жаным тыншып жатпайды-ақ.
Қабыл алсаң, өзің жаққа ұшырдым,
Қайтқан құстың қанатына хат байлап.

Желпіп өтіп жақпар тастар төбесін,
Сол құстарым жетер əлі, көресің.
Қашықтықты уақытпен өлшейді,
Ғашықтықты немен өлшеп бересің?

Білесің бе, білесің бе, бұрымдым,
Тауқіметтер түлетеді, ұғынғын.
Кешеуілдеп шұғыласы тарайды,
Кірпігіне Күн ілінген ғұмырдың.

Сезім барда беретұғын арға мəн,
Сен көктемді, мен өткенді қарғаман.
Терезеден түскен жалғыз тамшыға –
Сүйсең егер, сыйып кетер бар ғалам.

II

Қарлығашым, көзің – нұр, сөзің – арман,
Көңілімді жұбатшы өзіңе ауған.
Бір сұлудан сезінген жылылықты,
Мың сұлудың жүзінен сезіне алман.

Беймəлім боп қонарым, ұшарым да,
Беймаза күй жетелеп құса-мұңға,
Өзегімді өрт шалып жүрмін, күнім,
Өзіңді ойлап өзгенің құшағында.

Солай, қалқам, жырақтап бал қызықтан,
Өз өмірін өздері жанбыз құртқан.
Өлең күйіп барады шоқ үстінде,
Жүрек күйіп барады жалғыздықтан.

…Қапияда түйісіп жолым əрең,
Қосылам ба өзіңмен соңыра мен?
Ал əзірше үнсіз қап жатыр іште,
Бір ішегі үзілген домбыра-əлем…

IІІ

Қарлығашым, жалғыздық қандай ғұмыр?
Жүрегіңе жүрегім жолдайды жыр.
Құлай ғашық болған ба саған да аспан,
Қарақаттай көзіңе қонбайды кір.

Таусылғалы біздегі сабыр қашан,
Бұл күндері күз – жуық, сəуір – масаң.
Айлар өтті жылдарды өрге сүйреп,
Сағынбасаң, болмайды сағынбасам.

Сағын, жаным, сол кезде тоқтар бəрі,
Əл-дəрменім қайтейін жоқ қолдағы.
Сені көріп, əйтеуір, əлі есімде,
Көкірегімде бір уыс шоқ қалғаны…

…Еріді ме көктем кеп соңы қардың,
Өзіңді ойлап, еріксіз торығармын.
Сағынышпен қоштасып кетем үнсіз,
Екеуімізге келгенде жолығар күн.

ІV

Қарлығашым, келді ме түн тағы да,
Жетелеген біздерді мұң бағына..
Өлең оқып берейін қоңыр жел боп,
Құлақ салшы даланың ырғағына.

Көк дөнені көңілдің ала шапқан,
Еркін өскен жан едік бала шақтан.
Кие сезім барады көтеріліп,
Иендегі құйындай жаңа соққан.

Сағынғанын сөзімен ұғындырған,
Бейіш исі шығардай бұрымдыдан.
Екеуімізді өлеңнің құдіреті,
Жақындатып кеткендей бұрынғыдан.

Тобылғы тау, сүмбі тал, сұлы дала,
Ғашықтардың сөзіне құныға ма?
Бəрі өтеді, қалады жер бетінде,
Ашылмаған ақынның сыры ғана…

 


08.11.2017 22:40 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика