Қайдасың, қаламгер?!

Ең әуелі қолына қалам алып, әдебиет әлемінің бел ортасында жүрген жандардан кешірім сұраймын. Өйткені бұл жазбаның кей жанды ренжітіп алуы әбден мүмкін. Бірақ айтпасыма тағы болмайтын жайт бар. Ол – қазақ әдебиетінің шын мәнісінде өліп, тек «акиматовский» шаралардың ғана төріне шығуы. Неге? Бұған кім кінәлі? Кітап оқымайтын қоғам ба, әлде әдебиетке жағдай жасамай отырған билік пе? Бәлкім, қаламгердің өзі болар?

Жақында қолына қалам ұстаған азаматтармен дәмдес болғаным бар. Әдебиеттің төңірегінде жүрген азаматтар бас қосқанда айтылатын әңгіме де ортақ. Бүгінгі қазақ әдебиетінің жайы ғой. Әлгі дәмдес болған достарым өзім қатарлы жастар. Бірақ айтып отырған әңгімелерінен денең түршігеді. Өйткені бойларын жастарға тән қайрат, жігер емес, өмірден түңілген шалдарға тән кертартпалық жайлап алған.

«Қазір ешкім әдебиетті оқып жарытпайды. Кітап шығарудың машақаты көп. Баяғыда үкімет (КСРО, оны өздері үнемі жамандайды, бірақ көрмесе де аңсап тұрады. – Авт.) ақын-жазушыларға керемет қолдау көрсеткен ғой. Ал қазір бізде ондай жағдай жоқ. Жазғаныңды ешкім оқымайды, кітабыңды шығармайды, қаламақы төлемейді. Не болып барамыз?».

Міне, дәл осындай сөздер айтылды. Ойланып қалдым. Расымен де, біздің қазақ әдебиетті неге оқымайтын болды? Бұрын кітап жинау, оқу сән болып еді. Ауылдағы қай шаңыраққа барсаң да, сөре-сөре кітап көретінбіз. Қазір ол қалып барады. Неге? Бәлкім, мұның сыры басқада жатқан болар?

Жауабын кездейсоқ жағдайда тапқандай болдым. Жұмыстан келіп, әлеуметтік желілерді парақтап отырғанмын. «Инстаграм» желісінен әдеби дүниелер жарияланатын біраз парақшаға кез болдым. Аудиториясы өте жақсы екен. Он мыңнан жүз мыңға тарта адам тіркелген. Әр жазбаны кемінде бес-алты мыңға тарта адам «лайктап», мыңға тарта пікір қалдырған. Бірақ сол «әңгімелердің» сапасы сын көтермейді. Мазмұны терең, мағыналы, бірақ жеткізілуі кемшін. Грамматикалық қателерді айтпағанда, стилистикалық сиықсыздыққа сіресіп тұр. Тіпті, тұтас әңгіменің әр сөйлемі «екен» сөзімен аяқталып отырады. Бірақ сөйте тұра оны оқитын аудитория көп. Бұл біраз жайдың басын ашып тұрған тәрізді. Біздің қазақ әдебиетінің оқырмандарына әдеби шығарма жетіспейді. Ау, сонда қаламгерлеріміз қайда? Олардың жазған дүниелері қайда?

Мәселенің төркіні де осында жатыр. Бұрын қаламгерлер қоғамда орын алып жатқан жаңалықтардың алдыңғы сапында жүретін. Ал қазір көштің соңында жүр. Өткен ғасырға көз салсаңыз, «Алаш» партиясын құрып, азаттыққа шақырған – қаламгерлер. Кеңес Одағын құрып, халыққа теңдік әперуді көксеп, жұртты бастаған – қаламгерлер. Соғыста ерлікке шақырып ұран салып, жанпида қылған да сол қаламгерлер. Ал азаттық алған тұста олардың үні неге шықпай қалды? Өйткені олар халыққа сөзін жеткізе алмай отыр. Шығарма оқығысы келетін оқырман бар, жеткізе алмайтын жазушы кінәлі бәріне. Әйтпесе әлеуметтік желіде парақша ашып алу, жеке сайтын жасау, оны дамытып әкету қиын шаруа емес. Сәл ізденіп, ютубты ақтарса жетіп жатыр. Бес минутта сайт ашып, он бес минутта оны танымал етудің жолын меңгеріп алады.

Бұл ретте негізгі салмақты жазушыларға салып отырғанымызды айта кеткен жөн болар. Ғаламтор аудиториясын пайдалануда ақындар көштің алдында жүр. Бұл құптарлық іс. Бірақ әлі де болса дамыта түскен дұрыс.

Мына заманда кез келген тауарды өткізу үшін әуелі оның жарнамасын келістіру керек. Ешқандай жарнамасы жоқ кітапты кім алады? Кім парақтап оқиды? Кітабын өткізуді ойлаған қаламгер әуелі өзі танымал болуы керек. Мысал келтіре кетейік, аты шулы продюсер Баян Есентаеваның өз өмірі туралы жазған кітабы бір демде сатылып кетті ғой. Бағасына қараған жан болмады. Неге? Оның кітабы керемет шедевр ме еді? Жоқ. Бар болғаны авторы көптің алдында жүрген танымал жан. Біз жазушыларға Баян тәрізді болыңдар демейміз, әрине. Тек заман талабына бейімделіп, ізденіңдер, жылай бермей, шығарманы өткізуді және табыс табуды меңгеріңдер демекпіз.

Әлеуметтік желі үлкен күш. Баянды қоя тұрып, Тұрсынбек Әлиұлының «Австралияда нең бар еді, құлыным?» кітабын қарап көріңіз. Көркемдік сапаға сай, тәрбиелік мәні жоғары, идеясы терең бола қоймағанымен, қазақтілді интернетті дүр сілкіндіріп, кең көлемде таралып кетпеп пе еді? Автор мұндай танымалдыққа қалай жетті? Ешқандай құпиясы жоқ. Бар болғаны жеке парақшасында шығармасынан үзінді жариялап отырды. Болды. Бәрін тұтас бере салған жоқ. Өйткені көп мәтінді ешкім оқымайды. Тек шағын бөлігін беріп отырды. Осылайша оқырман жинады.

Әлеуметтік желінің осы қасиетін шетелдік жазушылар тиімді пайдаланып отыр. Ол жақта қаламгер болу табысты болу деген сөзбен бірдей. Шетелдіктер кітап шығаруды бизнес көзіне айналдырған. Жазушыларға да мемлекет жағдай жасап беріп отырған жоқ. Өздері жүгіреді бәріне. Болмаса әдеби агент жалдайды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні. Қазақ қаламгерлері, әсіресе жастар, заман талабына сай болыңыз, ғаламтор мүмкіндігін тиімді пайдаланып, оқырманға қарай өзіңіз бір қадам жасаңыз. Сол кезде кітап шығады, өтеді. Ал аспанға қарап, өткенді аңсап жүрсеңіз, сол күйі дымсыз қалып қоясыз. Сіздің наныңызды әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын әрі сауаты да шамалы адамдар аузыңыздан жырып әкетіп жатыр. Сенбесеңіз, «Инстаграмды» ақтарып, әдеби парақшаларды қараңыз. Табысы жақсы олардың, бірақ жазбаларында сапа жоқ. Бұл ұлттың болашағы үшін үлкен үрей!

P.S. Бұрнағы жылдары қазақ тіліне «блогер» деген жаңа термин енген болатын. Соңы кәсіби журналистер мен блогерлердің жаулығына да ұласып, үлкен шу туғызды. Журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жандар «блогер» атанып, желіні шулатып жүрген-тін. Бұл бір сән еді. Қазір олардың арасында нағыз БЛОГЕР ғана қалды. Басқалары жөнімен кетті. Неге? Өйткені кәсіби журналистердің барлығы дерлік интернетті меңгеріп, сапалы дүние шығаратын болды. Сапалы дүние барда, жұрт арзан нәрсеге қызықпайды. Ал блогерсымақтардың күш алуына сол кәсіби журналистердің интернетті мойындамай жүруі себеп еді. Ендігі кезек сіздерде. Кәсіби қаламгерлер ғаламторды жаулап алады, өтірік жазушылардың легін ысырып тастайды деп сенемін.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ


12.11.2017 15:14 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика