Қарағандыда «Мен-қазақпын» жобасының іріктеу кезеңі өтті

Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының төрінде «Мен-қазақпын» халықаралық музыкалық жобасының іріктеу кезеңі өтті. Байқауға арқа өңірінің өнерпаздары терме, күй және дәстүрлі ән айту сайыстары бойынша бақ сынап, өз өнерлерін ортаға салды.

Байқаудың іріктеу кезеңіне облыстың әр аудандары мен қалаларынан келген 5 термеші, 16 күйші мен 15 дәстүрлі әнші – жиыны 36 өнерпаз қатысты. Айтулы жобаны өткізуге «Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясы, Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы мұрындық болған.

«Мен – қазақпын» халықаралық музыкалық жобасы елімізде алғаш рет өткізіліп отыр. Қазақтың дәстүрлі музыкасын кең көлемде насихаттау, өшкенімізді жаңғыртып, жоғалтқанымызды табуға бағытталған игі шараға қазақстандықтардан бөлек Ресей, ҚХР, Монғолия мен Алтайдан келген өнерпаздар қатысып, бақтарын сынауда.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жобаның іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың шілде айында аяқталып, қыркүйек айынан бастап «Қазақстан» ұлттық арнасының эфирінен көрсетіле бастайды. Дүбірлі доданың соңғы байқауы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында өткізіледі деп жоспарлануда. Ұйымдастырушылар осы жобаның арқасында қазақ халқының дәстүрлі мұрасын жоғалтпай, оны барынша насихаттап, дамытуға үлес қосып жүрген жас таланттарды табуды және оларға қолдау көрсетуді басты мақсат еткен.

«Мен-қазақпын» жобасы ұлттық өнер мен мәдениетті насихаттауға бағытталған және осы жобаға қатысушыларға үлкен сахнаға жол ашады. Жобаның мақсаты – шалғай ауылдар мен түрлі аудандарда ұлттық өнерге берілген жандарды тауып, көпшілікке танымал ету, өнерге жол ашу» — деді «Мен – қазақпын» жобасының Қарағанды қаласындағы іріктеу кезеңіне арнайы келіп қатысқан «Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Тынымбайұлы. 

Ұлттық арна басшысының айтуынша, осы күнге дейін мега-жобаға 428 үміткер қатысып, олардың ішінен 40 өнерпаз іріктеліп алынған. Іріктеу сынынан сүрінбей өткен өнерпаздардың барлығы жобада өнер көрсетіп, байрақты бәсекеде бақ сынайды.

Қаламызда өткен жобаның іріктеу кезеңіне ҚР еңбегі сіңірген қайраткері, Тәттімбет атындағы академиялық оркестрінің концертмейстері Полатхан Ташимов, Қ.Бәйжанов атындағы концерттік бірлестігінің жетекші солисті, ресупбликалық конкурстарының лауреаты Дәуренбек Әркенов және танымал ақын мен айтыскер Төлеген Әділов секілді көрнекті мәдениет қайраткерлері төрелік етті.

Отыз алты өнерпаздың барлығын тыңдап, таланттарын саралаған әділ қазылар алқасы сайыс қорытындысы бойынша келесі азаматтарды жеңімпаз деп таныды:

  • «Терме өнері» номинациясы бойынша жеңімпаз — Нұрмұхаммед Байсұғыров (Шахтинск қ.),

  • «Дәстүрлі әнші» номинациясы бойныша жеңімпаз — Әнуар Адамбаев (Абай қ.),

  • «Күйші» номинациясы бойынша Балқан Смағұлов жеңімпаз атанды (Қарағанды қ.).

Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында өткен іріктеу сынында өзгелерден оқ бойы озық шыққан дарындар енді республикалық байқауда облыс намысын қорғайды. Бірге жанкүйер болайық.

Бек Ноғайбайұлы

 


19.06.2017 12:15 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика