Қазіргі жас ақындар жайлы шындық белгілі болды

ТҮСІНІКСІЗДІҢ БӘРІ ТҰҢҒИЫҚ ЕМЕС

Түсініксіз жазсаң, ақын боласың. Дұрысы – жұмбақ ақын. Тіпті тереңдетсең, «ұлы» деген атақ дайын тұр деп есептей беріңіз. Біздің ой – осы. Қате екенін түсінгендерден сол қалпынан айнымай жүргендер көп. Қарапайымдылықты – қарабайырлық, тереңдікті – түсініксіздік, мінезді – дөрекілік деп келдік. Сен ойлаған мінсіздік – құнсыздық, құндылық – жындылық екенін түсінген күні кірерге тесік, шығарға есік таппай қалады екенсің. Жоқ, тоқтатыңыз! Мен бұл кемеден түсемін!..

Шын айтам, бұл дертке ұшырағандар көп. Орыста Велимир Хлебников деген ақын бар. Өлеңі – есеп. Мұның өлеңін оқығаннан математика есебін шығарған қайырлы. Толған сандырақ! Бодлер де сондай. Ауыр. Неге? Өзгеден ерекше болып көріну ме? Кірпіш-кірпіш романдар, мазмұны шырғалаң новеллалар, әрсіз әңгімелер… Әдебиет деген оқырман басын қатыру ма?

Тоқта! Мен тағы да қателестім. Біздің түйсік-танымымыз сәйкес келе бермейтінін ұмытқан екенмін. Хлебников орысқа айдай анық ақын шығар. Бодлер де. Сіздің және біздің теңбіл жолға түскеніміз – болмысты шатастырдық. Қазақ мұны «өзгенің қаңсығы» дейді.

Содан болуы керек, сан түрлі авторды білеміз, көп естіген соң соларды оқимыз, бірақ ешбіріне қанағаттанбайсың. Жүз кітаптың үшеуі әсер етсе – игі. Мен сізге айтайын, әлем классикасы – бір кітап афоризм ғана. Басқа ештеңе емес.

Бізде де жақсы шығарма көп емес. Өте аз. Саусақпен санарлық. Парасат майданы деген – сол. Әйтпесе бірімізге Кобо Абэнің аудармасы, бірімізге Маркестің көшірмесі болуға әбден болады. Саған ешкім «ананың көшірмесі немесе аудармасысың» деп бетіңе де баспайды. Бірақ өзіңді қалай алдамақсың?

Тазалық пен мейірім, рақымы жоқ шығарма – бетбақтың айқайы ғана. Түсініксіздіктің сандырақ екенін жоғарыда айттық. Ең бастысы, тағылым керек. Мейлі, қара өлең болсын, «изм» болсын, қандай да бір берер ойы, тағылымы болмаса – құны бес тиын. Бұл – пікір емес. Пікір деген әркімнің жекеменшігі болып кетті ғой. Нақты тұжырым. Керек десеңіз, қағида.

Бір ақынды мысалға келтірейін. Батырхан Сәрсенхан деген. Әу бастан ішімде жүрген ойымды одан сайын айқын, анық қылуға себепші болған ақын. Басында бұл жігітті ұната қоймадым. Саған жасаған ешқандай қиянаты жоқ, алайда бәрібір іш тарта алмайтын, қысқасы, ұната қоймайтын адамдарың болады. Бір қызығы, мұның үшін соңынан ұялып жатасың. Бір жағынан, өз әлеміңде сүйкімсіз бір адамның әп-сәтте мейірімді адамға айналғанына қуанасың. Күні-түні кітап оқиды деп еститінмін. «Кітап поэзиясын тұншықтырады-ау» деген ой туды. Тағы да қателік. Осы бір қателік деген алдымнан кетпей қойды-ау.

«Мейірім ғаламшары» кітабын оқып шықтым. Сыни көзбен оқып бастадым. Күл-талқанын шығарып сынағым келді. Мәселен, Жұматайдың өлеңімен үндес туындысын. «Бұлқыну» деген өлеңі. Ақын болмысын пендеден тым ерек көрсетуін. Бірақ бұл үрдіс көп ақында бар. Қызға сұлусыз деп алдаудан жалыққанын екі өлеңінде де қайталайтынын. Тізе берсең, мұндай ұсақ-түйек жетерлік. Ал сын ондайдан тұрмайды. Бұл жерде тағы қателік бар. Ақынды сынаймын деп сынау, мақтаймын деп мақтау – қылмыс. Барды жазу – шынайылық. Демек, біздің ниет бұрыс.

«Мейірім ғаламшары» тұтасымен ғажап өлеңдерден тұрмайды. Әсер еткен өлеңдер аз. Бірақ сол екі-үш өлең ғажайып әсерге қалдырды. Тазалық пен мейірімді көргенде барлығын ұмытасың.

…Өз уақытын босқа өлтірген

Әрбір адам – қылмыскер!..

 

…Жалықтым өлгенді мақтаудан…

 

…Әлемде қанша адам бар,

Сонша жалғыздық бар…

Осы сияқты әдемі жолдар баршылық. Бұл – Батырхан жайлы мақала емес. Оған арнайы бір тоқталармыз. Батырхан Сәрсенханды не үшін мысалға келтірдім? Соған тоқталайын. Оның күні-түні кітап оқитынын айттым. Таңқалғаным және қуанғаным – том-том кітаптар, әлем классикасы Батырханды еш адастырмаған. Мөлдірлігінен айнымаған. «Бодлердің соңғы хаты», «Акутагава жасы», «Диоген бөшкесі» немесе «Атлантида» деген өлеңдер кездеседі-ау тағы деп қамыққам. Мұны тағы бір қателік деп есепке алып қойыңыз!

Шынымен, Батырхан әлемі – мейірім ғаламшары. Соның бір тұрғыны болғаныма шын қуандым.

Міне, болмыстың өлмеуі деген – осы. Ал біздің болмыс жұтылып кетті. Бір жолымыз Лорка туған Испанияда, бір жолымыз Байрон туған Англияда, бір жолымыз Есенин туған Ресейде, бір жолымыз Петефи туған Венгрияда жүреді. Төрттаған – төрт ғалам. Қашан бірікпек?

Сондықтан кемені тоқтатыңыздар! Мен осы жағадан орын тебем…

Ерболат ҚУАТБЕК


17.01.2018 22:12 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика