Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы атап өтілді

Алты Алаштың баласына сауын айтылып, Арқаның төскейінде қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдық мерейтойы дүркіреп өтті. Қарағанды облысы әкімдігінің мұрындық болуымен, елдегі кәсіпкер азаматтардың қолдауымен өткен бабаның асына алыс-жақындағы қазақ ауылдары, белгілі тұлғалар келіп қатысты. Шараның аясында көптеген игі істер атқарылып, ел бірлігі насихатталды.

Қазыбек бидің 350 жылдығын тойлау Егіндібұлақ ауылында орналасқан баба ескерткішіне гүл шоғын қойып, рухына дұға бағыштаудан басталды. Осыдан соң ауыл сыртына тігілген кигіз үйлерде негізгі шара – құттықтау тілектері мен мерекелік концертке, ұлттық ойындарға кезек берілді. Тойға арнайы келген Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова жиылған қауымға ізгі ниетін жеткізіп, Елбасымыздың құттықтау хатын оқыды.

«Бүгінгі тәуелсіз, бейбіт, өркендеген Қазақстан бабалардың аңсар арманына қолжеткізді. Осының бәрі халқымыздың береке-бірлігі мен ынтымағының арқасында. Біз өткенімізді қадірлеп, болашаққа үміт қолын созған елміз. Осы орайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырып, соның аясында тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық санамызды жаңғыртып жатырмыз. Бүгінгі мерейтой соның айқын бір дәлелі. Баршамызды бабамыздың әруағы қолдасын!», – делінген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің құттықтау хатында.

Той болатын күн жақындаған сәтте Арқаның табиғаты жаңғырып, бірнеше күн жаңбыр жауып, жерге нұр сепкен болатын. Дүбірлі думан басталған күні сол жаңбыр сап тыйылды. Ұрпағы өзіне арнап ас беріп, думанды мерейтой ұйымдастырып жатқанын бабаның әруағы да хош көрген тәрізді болды бізге.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өзінің құттықтау сөзінде облысымызда және елімізде Қазыбек би Келдібекұлының мұрасын зерттеу мен насихаттау бағытында атқарылып отырған шаралар барысымен таныстырып өтті.

«Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту – біз үшін ас ішіп, аяқ босату емес. Ең бастысы Қазыбек бидің мемлекет үшін жасаған еңбектерін, оның құнды мұраларын насихаттау қажет. Сол себептен, бабамыздың мерейтойы аясында бірқатар ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Қарағанды қаласында халықаралық деңгейдегі аламан ақындар айтысы өтеді. Қыркүйек айында шетел ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция, республикалық жыр-термешілердің шешендік өнер байқауы ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Қазақ фильм» киностудиясымен бірлестікте бабамыз туралы арнайы деректі фильмдер түсірілуде. Бабамыз туралы фотоальбом және қос томдық жарық көрді.

Мерейтойлық бағдарламалар аясында өтетін аса айтулы шаралардың бірі – Қаз дауысты Қазыбек би жолымен «Бабаларға тағызым» халықаралық автокеруені. Бүгінгі шара барысында тарихи сапарға аттанғалы тұрған керуен еліміздің қасиетті орындарын аралап, көршілер өзбек елінің Ташкент, Науаии қалаларында болып, Төле және Әйтеке билердің басына тағзым етеді», – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Бабалардың жолымен жүріп өтуде мақсат тұтқан керуенді Қазыбек би бабамыздың ұрпақтары ақ батасын беріп, жолға шығарып салды.

Салтанатты шараға тек Қарағанды облысының тұрғындары ғана емес еліміздің әр өңірінен делегаттар келген екен. Олардың ішінде, бабамыздың туған жері Сыр өңірінен, Қазыбек бидің сүйегі жатқан қасиетті Түркістан шаһарынан және Абай елі Семейден келген азаматтарды ерекше атап өтуге болады.

Көзі тірісінде қазақ елінің береке-бірлігін насихаттап өткен бабаның сөзі өлмеді. Оның 350 жылдық мерейтойында қазақ ынтымағы жарасқан ел екендігін көрсетті. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, шараны лайықты деңгейде атқарып шықты. Алыстан келген құрметті қонақтар осы тойды ұйымдастырған Қарағанды облысының әкімдігіне және белсенді азаматтарға шексіз ризалықтарын білдіріп, естелік сыйлықтарын тарту етті.

Ал осы өңірде дүниеге келген халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туған еліне ерекше сый алып келген екен. Ол осы өңірдің тумасы, Марат Мансуровтың өз қолымен жасаған Қазыбек бидің қола мүсіні. Хас шеберлердің қолынан шыққан Қазыбек бидің ескерткіші мерекелік шараның мерейін асыра түскендей болды. Егіндібұлақ ауылының басында баба ескерткіші бар болғандықтан, бұл мүсін аудан орталығы, Қарқаралы қаласында орнатылатын болып шешілді. Көптің батасын алды.

Қазақтың асы ойын-тойсыз өткен бе?! Мерекелік шараның ресми бөлімі аяқталған соң, бабаның рухына арнап ас берілді. Балуандар ақ кілемде белдесіп, әр өңірден келген сәйгүліктер сайысқа түсті.

Балуандар күресінен бас жүлдені Қарқаралы ауданының тумасы, 70 келі салмақта сынға түскен Едіге балуан иеленді.

«Осы шараны ұйымдастырып отырған облыс және аудан әкімдігіне, қазақ елінің азаматтарына алғысымыз шексіз. Әрдайым жеңісті күнде жолыға берейік. Мықты балуандарымыз көп болсын», – деді қуанышымен бөліскен балуанның туған бөлесі Анафин Мадияр.

Кеңес дәуірінде Қазыбек би Келдібекұлының ел ертеңі үшін атқарған еңбектері ескерусіз қалып, оның мұрасы тек ауыз әдебиеті деңгейінде ғана зерттеп, зерделенген болатын. Тәуелсіздік алғалы өткенімізді жаңғыртып, жоғалтқанымыз табылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің көреген саясатының арқасында ұлттық санамызды жаңғырту жолына түстік. Аймақ басшысы Ерлан Қошанов айтып өткендей, бұл той тек ас ішін, аяқ босату ғана емес, баба мұрасын насихаттап, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге өлшеусіз үлес қосары анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

 


21.08.2017 12:31 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика