Көне папирустағы жазбалар құпиясы

Ақиқатын айтар болсақ, адам баласы жаратылғанға дейін жер бетінде өзге бір тіршілік болғанын бүгінгі ғылым жоққа шығармайды.

Тіпті мейманасы тасыған, керемет өркениет болғаны жөнінде там-тұмдап болса да дерек баршылық. Солардың өзегіне көз салар бол­сақ, ол заманның саналы тіршілік иелері жер беті тұрмақ, көкте де құстай самғап ұша алған секілді. Тіпті бүгінгі ғарышкерлер киетін скафандр киген адамға ұқсас тіршілік иелерінің суреттері біздің заманымызға дейінгі ғасырларда әлемнің әр түкпіріндегі үңгірлерге шекіп салынғанын бүгінгі ұрпақ көріп отыр. Олар сонау Африка сахарасындағы үңгірлерде, Латын Америкасындағы қия жартас­тарға, Испания жағалауындағы құзарларға, Таяу Шығыс, Оңтүс­тік Азияның ит мұрны батпас жыныс ормандарында кездесетін жақпарларға бәдізделген. Ға­лымдар әлгі сурет, таңбалардың жасын зерттеп жіберсе, оның бәрі біздің дәуірімізге дейінгі кезең­дерде салынғанын аңғарған. Де­мек, адам баласы абыройын жа­пырақпен жабуды білмей, тыр жалаңаш жүрген кезде ондай таңбаларды кескіндеуді қайдан білсін? Тіпті жартастарда бүгінгі ұшақтарға ұқсас суреттерде жеткілікті. Онда беймәлім тірші­лік иелері ұшақ мініп, көкте сам­ғап бара жатқандары бейнеленген. Сенгің келмейді. Бірақ ес білмес ықылым заманда тасқа қашалған суреттердің сұлбасы бүгінге жетті. Көресің, сосын «сонау, сонау заманда сондайлар болған екен ғой» деген ойда қаласың. 
Рас, жер бетінде бізге дейін де керемет, ғажап өркениет болған, жоғалған. Бүгін біз қағазға түсіріп отырған лепес соның бір айғағы болмақ. Сонымен, монданақтай жер бетінде өмір сүріп жатқан ұлттардың аңыз-әңгімелеріне, дас­тан-жырларына, жылна­масына көз жүгіртер болсақ, біраз нәрсенің бетін ашамыз. Бір ақиқаттың ұшын ұстағандай боламыз. 
Ғалымдардың кейбір болжам­дарына қарасақ, көктен түскен беймәлім тіршілік иелері, жерге тірі ағзаға айналатын ұрық шашқан. Біз содан өсіп-өнген ұрпақ­пыз. Өкінішке қарай, адам баласы қазір өзінің даму сатысына жеткен сияқты. Одан әрі өзін-өзі жою кезеңі күтіп тұрғандай. Бірақ адамзаттың аман қалуы, не жоқ болуы бізді көктен бақылап отыр­ған беймәлім саналы тіршілік иелерінің қолында көрінеді-мыс.  
Бір қызығы, ХХ ғасырдың орта тұсынан бастап, баспасөз беттерінде жиі қылаң беріп, то­сын әңгімелер туғызған, ұшатын табақшалар сол кездің өзінде болғанға ұқсайды. Оған мыңдаған ғасырлық ұлттардың аңыз, жыр-дастандары куә. Мәселен, Ир­ландия мен Франциядағы Ла-Плата, Но, Каро Лоома үңгір­лерінде, Испания мен Жа­по­нияның Кюсю аймағында жер­ленген патшаның табытында ұшатын табақшалар кескінделген. Ғалымдар осы суреттердің жасын зерттеп, суреттер біздің дәуірі­мізге дейінгі 2000-3000 жылдықта салынған деген болжам жасаған. Демек, ол заманның адамдары ұша­тын табақшадан хабардар болғаны ғой. Ежелгі Тибет әдебиетінде де аспанда кенеттен пайда болып, ілкім сәтте, ғайып болатын белгісіз нысандар жайын­да сөз болады. Бұл ежелгі Мысыр жазбаларында да бар. Мысалы, қамысқа түсірілген бір жазбада «аспанда жарқыраған шамы бар белгісіз нысандар пайда болды. Олар көкте асылып біраз тұрды да, көкжиекке сіңіп жоқ болды» делінген.  
Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, жазу папирусқа біз заманамызға дейінгі ХV ғасырда түсірілген. Ол кез Мысыр пер­ғауы­ны Тумос V патшалық құрған кезбен дөп келеді.Сондай-ақ папируста: «Тумос бүкіл әскерін ертіп жорыққа шыққан. Талай құмды белдерден асып, қалжыра­ған әскер бір қырқаға көтерілгенде көктен от шашқан белгісіз нысан­дар көрінді. Перғауыннан бастап бүкіл әскердің құты қашты. «Құдай біздің шапқыншылы­ғымызды қабыл алмай, бізге лағынет айтып жатыр. Кері қай­тайық» десті әскербасылары. Бірақ Тумос «алған бетімнен қайтпаймын. Мына құдайдың жібергендері бізге, керісінше, жеңіс тілеп тұр» деп бет бақтыр­мады. Сосын әскерін ертіп алған бағытына жөнелді. Жеңіске жетті. Олжалы болды. «Мені құдай қолдады» деп Тумос перғауын той жасады» дейді жазбада. 
 Бұл жолдар түсірілген папирус әлі күнге Ватикандағы мұра­жай­дың Египет бөлімінде сақтаулы тұр. Әлгі жолдарды оқуға болады… Демек, бұл жазбада бір шындық­тың жатқаны ақиқат. Сыры бей­мәлім ұшатын табақшалар жөнінде Үнді жазбаларында да кездеседі. Бұдан біздің дәуірімізге дейінгі 1-2 мыңжылдықта дү­ниеге келген «Вайманика шастра» жырында белгісіз нысандардың аспан төрінде ойнақ салғанын үтір-нүктесіне дейін керемет кел­тірген. Ал жырдың бүгінгі адамзат ғарышқа ұшқан заманында емес, мыңдаған жыл бұрын дүниеге келгенін ескерсек, сол кезде-ақ адамдар зеңгір көкте белгісіз ұшатын табақшалар барын білген. Соны әдіптеп жырға енгізген. Мұның бәрі аңыз, көңілге қон­байды дейтін болсақ, одан да нақты өмірде болған адамдар жөнінде тілге тиек етелік. Мәсе­ленки, атышулы қолбасшы Алек­сандр Македонскийді алайық, біздің дәуірімізге дейін 332 жылы Ұлы қолбасшы Тир шаһарына шабуыл жасайды. Бірақ ала алмайды. Кенет аспанда ұшқан тырна тізбегіне ұқсас, жұмбақ нысандар пайда болып, олар қала қабырғасына жарқырата оқ атқан. Қабырға құлап, Александр әскері шаһарға басып кіреді. Мұны ұлы қолбасшы «мені құдай қолдады» деп мәлімдеген. Шаһардың қабыр­ғасын күйреткен соң, бел­гісіз нысандар лезде ғайып бол­ған. Александр Македонскийдің бүкіл соғысын тасқа түсіріп жүрген жылнамашылар, болған жайдың бүге-шігесіне дейін жазып қалдырған. Бұл жазбалар әлі сақтаулы тұр.  
Ежелгі Грек жазбаларында да ұшатын табақшалар жөнінде айтылған. Тіпті Плутарх , Арис­тотель, Цицерон бастаған ғұла­малар да көзімен көргендерін, естігендерін қаттап жазып кеткен. Олар көзі жетпеген дүниені хатқа түсірмесе керек-ті… 
Америка үндістерінің ұшатын табақшалар жайында айтқан­дарымен тасқа шекіп кеткендері жеткілікті. Қытай жазбаларында да бұл ғажайып құбылыс жайлы көп жазылған. Мұның бәрін жоққа шығаруға бола ма? Әрине, жоқ. Демек, бөтен ғаламшарда өмір сүретін ақыл-ой иелері сонау ес білмес заманда-ақ жер бетіне келіп-кетіп тұратын болған. Ал өзіміз өмір сүрген кезге келетін болсақ, 1947 жылы ең алғаш ұшатын табақшамен кездесіп қалған АҚШ ұшқышы Кеннет Арнольд. Оның қалай кездесіп қалғаны, нені көргені көп уақытқа дейін құпия сақталды. 
Тағы бірер мысал; өткен ға­сыр­дың ортасында біздің зама­нымызға дейінгі 12 мың жыл бұ­рын Испанияның солтүстігі мен Францияның оңтүстігінде жар­тасқа салынған суреттер табылған. Ондағы кескіндер ұшатын бей­мәлім табақшаға ұқсайды екен. Б.д. д. 1482 жылы Мысыр аспа­нында белгісіз ғарыш нысандары пайда болған. Олар көкте от шашып, ойқастап жүріп, ілезде ізім-қайым жоқ болған. Бұл тым арғы тарих дейтін болсақ, бертінгі яғни 1883 жылы алғаш рет БҰТ суретке тартылған. Оны түсірген астроном Хосе Боннило. «Бұл ешқандай құс емес. Соңына кере­мет жарқыл қалдырып, көкте жүйткіп бара жатқан беймәлім ғарыш кемесі» деп жазады ол күнделігіне. 
1896 жылы бөгде ғаламшар иелерімен алғаш рет адам баласы кездесіп қалды. Ол Калифорния штатында тұратын полковник Шоу деген азамат еді. Кешкілік орман ішінде қыдырыстап жүрген ол кенеттен шу естиді. Көзді ашып-жұмғанша болмай, шағын алаңқайға сұп-сұр дрижабльге ұқсас бір кеме қонып, одан жал­ғыз көзі бар, ұзын бойлы, қолдары салбыраған адам тектес сұлбалар шығып, полковникке тап берген көрінеді. Бірақ Шоу дер кезінде қашып үлгереді. Сәлден соң әлгі белгісіз ұшақ жерден дыбыссыз көтеріліп, жоқ болған. Бұл оқи­ғаға тек полковник қана емес, сол маңда қыдырып жүрген өзге азаматтар да куә болған. Бұл жайт кейіннен бүкіл штатқа жайылған таң-тамаша әңгіменің арқауы болады. 
Мұндай мысалдарды тізе бе­руге болады. Ең бастысы, адам баласы жаратылғалы бері көк жүзінде сыры жұмбақ ұшатын табақшалардың сайран сап жүргені. Рас, бүгінде техника жетілді, адам санасы толықты, он сегіз мың ғаламның сырын жар­тылай аштық дегеннің өзінде, біз сонау ықылым заманда адамдар көріп, үңгір қабырғаларына, жартастарға шекіген ұшатын табақшалардың сырын аша алған жоқпыз. Бұл құпиялылық қашан­ға дейін сақталмақ?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ 
Дереккөз: «Айқын» газеті


12.10.2017 12:32 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика