Мәдениет Үшеудің диалогі

Көктөбенің басында – күнде кеңес. Сарыны мен маңызы бір. Алайда бүгінгі кеңес өзгерек. Әсіресе Байбол, Айбол, Қайбол арасындағы дау. Үшеуінің мінезі бір-біріне ұқсамайды. Даудың аяғы ымыра болушы еді. Мыналардікі… өз пікіріне қазықтай берік, өзгенің пікірін бұйым құрлы көргісі келмейді. Ол не дау? Даудың тақырыбы әр алуан. Өмір туралы айтып келеді де, өлімге көшеді. Өлім жайында дау өршігеннен кейін, адалдықты әңгіме қылады. Тақырыптың ішінен тақырып, даудың ішінен дау туындайды. Талас-тартыс қай заманда басталғаны қалай белгісіз болса, аяқталуы да солай бәймәлім.

Қайбол: 
– Мәселен, мына қызбен танысуға батылдарың жете ме? – деп бастады әңгімесін. Сол сәтте Айбол «танысса ғой» деп қиялға беріле беріп еді, Байбол сұлумен шүйіркелесіп үлгерді.
– Сен екеуің істен гөрі сөзге үйірсіңдер. Өмірге пессимист һәм оптимистік көзқараспен қарауға болмайды. Бауырларым-ау, реалист болу керек, – деп сөкті Байбол.
– Не, сонда пессимист өмірге жат па? – Айболдың досына деген өкпесі еді. Қайбол қарсыласпады. Ал Айбол сөзін онан әрі сабақтады:
– Сенің реалист екеніңе күмәнім бар. Шынайылық жоқ сенде. Қулық басым. Ойлайтының – алдап кету мен арбау. Әркім сендей болса, өмірде не мән қалады?
– Айбол, қалай сен түсінбейсің?! Ең бастысы – ақша, – деп қарсыласты Байбол. Мұнысы ұнап кеткен болуы керек, осы тұста Қайбол:
– Сөзіңнің жаны бар, Байбол! Расымен, ақшасыз не істей аламыз? – деп қостай жөнелді.
– Таласым жоқ. Белгілі жағдайда ақшаның рөлі бар шығар. Бар шығар деймін, басты рөл атқарып тұрған – сол. Дегенмен онан да маңызды дүние бар емес пе?! Ақша – қажеттілік. Өмірдің айнымас серігі дейтіндей, ақшаны Жаратқан қолдан жасап па? Жасаған кім? Адам. Өмірдің мәні деген не сөз?! – деп тайталасқан Айболдың сөзін үзіп жіберген Байбол:
– Онда аш қалайық. «Ақшаның керегі жоқ» деп жар салмаймыз ба? – деп кәдімгідей ышқына сөйледі.
– Ақша – басты мақсат емес. Қажеттілік қана деп отырмын. Қажет емес деп отырған кім бар?! Және мен періште емеспін, – деп тағы киіп кетті Айбол. Аз уақыт үнсіздік орнады. Кенет Қайбол:
– Тепе-теңдікті ұмытып барасыңдар. Екеуің де біржақты көзқараспен өмір сүресіңдер. Айболды сөйлетіп отырған – төзімділік. Байболдікі – тағатсыздық, – деп еді, Байбол:
– Сен бізге би болайын дедің бе?! Ал сенің көзқарасың қандай?.. Оптимист деген өзі не әрі, не бері емес. Ортасында жүрген бірдеңе. Ешқандай пікір жоқ. Ал сен, Айбол, өз қиялыңмен өмір сүресің. Жасап алған әлемің бар. Адалдық пен адамгершілікті жалау қыласың. Онан не азық таппақсың? Әділдіктің барына сенетін адам – адам емес, жынды. Одан бетер болмаса, – деп салды.
Ашуға булыққан Айбол:
– Әй, көрсоқыр! Айтып отырғаның не сөз?! Аузыңа жын түкірген бе? Адамның қолымен жасалған дүниенің ғұмыры ұзаққа барады деп ойлайтын мына сен жындысың. Мен өлсем, өз шындығыммен өлем. Сені қай шындық жерлемек? Ақшаның керегі болмай қалды делік. Сонда не істемексің? «Өмірдің мәні болған ақша келмеске кетті» деп қазанама жазасың ба? Реалист – сен емес, мына мен. Адалдық – лыпасыз қалу деген сөз. Ештеңесіз қалсам да, адал болып тұрамын. Адалдықты құн сұрау деп кім айтты? Құн сұрайтын болса, оның несі адалдық? Осының бәрін талақ қылсақ, адам деген атымыздан не қалады? Айуаннан не айырмамыз бар сонда? – деп екпіндеп барып басылды. Сәлден соң Қайбол араласты:
– Адалдықты сылтау қыла берме. Көпірме сөздің қажеті қанша?! «Адам байыса, адалдық өледі» деген пікір қалыптастырудың керегі шамалы. Қиыншылық алқымнан алса, адалдығыңның қаншалықты берік екенін көрер ем. Мына сөзіңе қарағанда, аспаныңды қара бұлт баспағаны ғой. Пікірді адамның әлеуметтік жағдайы қалыптастыратыны қандай өкінішті. Кім айтты менің көзқарасым жоқ деп?! Бейтараптың ойы жоқ дейтін адам – ақымақ. Нағыз шынайы адам – осы. Қолдамайды да, сөкпейді де. Ешбір топтың тізімінде жоқ. Сондықтан, Байбол, сенің сөзің орынсыз. Аз сөйлейтінім бар. Бірақ…
Қайболдың сөзін Байбол бөлді:
– Шынды-ы-ы-қ… – деп мырс етті. – Көп ол. «Өмір жалған» дейтін сендер емессіңдер ме? Енді өмірді шындық деп отырғандарыңды қалай жоруға болады? Анықтап алғандарың дұрыс болар… Мені ешқандай шындық көмбейтін шығар. Бірақ мен ешкімнің алдында қор болмай өтем. Керісінше, қор қылатын – мен. Ақшада да құдірет бар. Адалдық, әділдік деп қанша тыраштансаңдар да, сендер менің билігімдесіңдер. Келешекті айтып керегі не? Қазіргі уақытты айт. Болашақпен емес, осы шақпен өмір сүр. Өткен шақ естелік болып қана қалады. Жасаған әрбір қадам – өткен шақ. Өз басым сөзден гөрі істі арқау қылатын адаммын. Қызық, мен неге байымауым керек? Жақсы өмір сүруге тыйым салып жатқан кім бар? Адалдық дейсің… Адал болсаң, қызметіңді сатпа. Тегін жұмыс істе. Адалмын деп кеуде соғады екенсің. Бір ай өтпей «ақша» деп сарнағаныңды көрейін. Айтып отырғанның бәрі жалған. Сендейлерді «демагог» дейді. Біреуге жақсы болып көрінгенді құп көресіңдер.
Айболдың қарсы шықпағаны несі екен? Сөзін де бөлмеді. Дегенмен булығып отырғаны көрініп-ақ тұр. Байболдың шалыс басқанын күтіп отыр ма? Қайболды айтпаса да белгілі. Бейтарап адамның әдеті ғой. Ондықты ғана көздейді олар. Байбол уақыт өткен сайын тұғырына қарай жақындай түсті. Айболды «Мынау хан да, паң да болды. Енді Құдай болудан да дәмесі бар ма, қалай?» деген ой мазалап барады. Айтуға батылы жетпегенмен, әңгіме ауанын бұруға дәрмені бар екендігін көрсетті. 
– Шындық көп екені рас. Ақиқат ше? – Ақиқат біреу. Өлім, – деп жауап қатты Байбол.
– Ал өлім деген не?
– Өмірдің тоқтауы.
– Жалғасуы емес пе? «Мәңгілік» сөзі саған ештеңені білдірмей ме?
– Сен өлімді құдды бір құдаңдай әңгіме қылып айтасың ғой. Өлімнен қорықпайсың ба? – Өзің айтқандай, ақиқат. Неге қорқуым керек?
– Бәрі – сөз. Сылдыр су. Шынтуайтына келгенде, өлім көз алдыңа келсе, бәрін сатып кетесің. Бағанадан бері айтып отырған адалдығың да бұйым болмай қалады. Сені батыл қылып отырған – өлімнің жоқтығы. Әкең үйде жоқ болса, қалай құтырсаң, мына тірлігің де – сол. Мойындашы?! Әңгіме қызып бара жатқанда, білек сыбана кірісетін Қайбол:
– Өлімге ешкім анықтама бере алмайды. «Өлім не?» деген – нақұрыстың сауалы. Асқар Сүлейменов: «Ажал Айдан аумаған. Кім көрген оның арқасын?» – дейді. Ақымақтарым-ау, өлімді кім көріпті? Көрген адам бұ дүниеде жоқ. Әңгімелеріңнің мәні қайсы? Үшеуіміз бөлек ойлайтын шығармыз, бірақ өмірге одан не пайда бар? Бізге қарқылдап күліп отырған шығар. Ыңғайлы қыламыз деп күрделі қылған өзіміз екен, түзету де өзіміздің қолымызда. Пессимист деп жүргеніміз, шындығында, реалист шығар. Кім біліпті? Алла берген ақылды айлаға, жүректі пайдаға асыратынымыз қалай? – деді.
– Өлімге сенбейсің бе? – деп тағатсызданды Айбол.
– Өлімге анықтама беретінге сенбеймін. Жасандылық қой. Мәселе тұлғаның жасанды болуында емес, жасандының тұлғаға айналуында. Тұлғаны пір тұту үдерісінде. Досым айтпақшы, тұлға айналасы он адамның қолпаштауымен туындайды. «Тұлғаға» он адамның қолдауы он мың әскердің күшіндей көрінеді. Күйінесің бе? Өртенесің! Он адамның мақтауына тойынған «тұлғаның» кісімсіп тұратынына не дейсің? Адамды адам құрлы көрмеген оның адам екеніне күмәнім бар. Олардың мақтауынан біздің дау момынырақ. Даудың шынайы болуы қарама-қайшылығында. Даудың бітпейтіндігінің бір себебі – сол: бір пікірді бір пікірге салсаң, өздігінен қарсылық туындайды. Ойымыздың қарама-қайшы болып отырғаны сондықтан, – деді Қайбол.
– Сананы билеуге болады, бірақ тәрбиелей алмайсың. Мен өз көзқарасымнан бас тартпаймын, – деп бір қайырды Байбол.
– Біздің басты тірегіміз – сенім. Ал мен адалдық пен әділдіктің жеңетініне сенемін. Сенімі мықтының тамыры мықты. Мені ешкім отап тастай алмайды, – деп тәмамдады Айбол.
– Бәрін безбенге салып көру керек. «Ақыл бізге не үшін берілген?» дегенге ақылымыз жетпей, өмірдің мәні не екенін ойлау – бос әурешілік, – деп түйді Қайбол.
Айбол ойға батып, Қайболдың мырс еткені сол еді, Байбол сауда жасап үлгерді…

 Ерболат ҚУАТБЕК


10.11.2017 14:31 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика