Отан қорғау жолындағы ұлы шайқастар

Дербісалы батыр және сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси жағдаяттар

Мәуен Хамзин,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Адам өз қоғамынан тыс тұра алмайды. Сол қоғамның қалыптасқан қағида, ережелерімен керағар қайшылықта немесе келісімде болуы мүмкін, алайда кез-келген тарихи тұлға – өз дәуірінің перзенті.

Адам табиғаты күрделі. Сондықтан да әлеуметтанушылар, философтар, тарихшылар, өнер және мәдениеттанушылардың оны өз салалары бойынша арнайы категория етіп алып, сонау ерте заманнан күні бүгінге дейін зерттеп келе жату себебі де сондықтан. Ал, адам табиғатын зерттеп, зерделеу белгілі бір дәуірде орын алған оқиға, құбылыстардан тыс тұра алмайды, себебі, тарихтың қозғаушы күші – Адам, оның мінезі мен пиғылы, іс-әрекеттері.

Ендеше, XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін орын алған Қазақ хандығындағы алапат оқиға – Жоңғар хандығының қазақ еліне жасаған сұрапыл шабуылы Адам атты жаратындының пиғылы мен мақсатынан туындаған еді. Сондықтан да осы трагедиялы жайтқа аз да болса шолу жасап, панорамалық сипатта болса да, ой жүгіртпесек, негізгі сөз болып отырған нысанымыз – Айдаболұлы Дербісалы батырдың тарихи феноменін ашып көрсете алмайтынымыз анық. Себебі, аталмыш бабамыздай тарихи тұлғаның саяси сахнаға шығуы тек қалыптасқан жағдайдың арқасында екендігі өз алдына, АДАМ – ҚОҒАМ – УАҚЫТ сияқты ұғымдар тұрғысынан алғанда, қоғамдық-тарихи қажеттілік сұранысынан туындаған болатын.

Аталмыш шағын еңбекте біз айтпақшы жайттар зерттеуші ғалымдар, тарихшылар үшін ешқандай жаңалыққа жатпайды, жоңғар-қазақ соғысы туралы, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» трагедиясы жайлы, дүние жүзінің бірде-бір елінде өзінің мұңы мен зары жағынан ешқандай шығарма пара-пар келмейтін «Елім-ай», («Қаратаудың басынан көш келеді») әні, т.б. туралы жазылған тарихи, танымдық зерттеу еңбектері, көркем туындылар бәрі де бұл ойымызға дәлел.

Алайда, «кітап оқылмайды емес, оқырманға жетпейді» қағидасын құптай отырып, Мұса қажыдай азаматтың Дебекең бабамыз туралы кітап шығару ниетін мақұлдап, осы шағын дүниені жаздық, Оның үстіне аталмыш кітап танымдық сипатта, көпшілік қауымға арналған екен, ендеше, Ингольд деген азаматтың «Ойдағыдай еңбекті жазбағаннан гөрі, ойдағыдай болмаса да, еңбек жазған артық» деген пікіріне назар аудардық. Аталған кітап кемістігі жоқ дүние дегеннен аулақпыз, ол туралы құрастырушы жанашыр азаматқа айттық та. Дегенмен, азды-көпті міні болса да, оқырман қолына тисінші деген тілекте болдық.

Сонымен, жоңғар шапқыншылығына оралайық. «Жоңғар» сөзінің шығуы, мағынасы туралы пікір де әрқилы. Бір зерттеушілер моңғолдың дзюн (қазақша – сол жақ) және гар (қазақша — қол) сөздерінен алып, сол қанат немесе сол қол деген ұғымды білдіреді десе, басқа зерттеушілер жер бедеріне атау боларлық қалыптағы сөзден шыққан деп дәлелдейді. Мысалы, Жоңғар Алатауы. «Ианггир» — моңғол сөзі. Қазақ тілінде «жалаңаш, тақырланған, өсімдіктен жұрдай» дегенге саяды. Бұл сөз моңғолдардан якут (саха) тіліне өтіп, «джаны» қалпында дыбысталуда және «жалаңаш шың, өсімдіксіз биік, тасты тау»мағынасын береді.

Жалпы, XIV ғасырдың 2-жартысында Моңғолия территориясы 2 иелікке: 1. Ойраттар белсенді рөл атқарған Батыс Моңғолия; 2. Қытай императорының бақылауындағы Шығыс бөлік болып орныққан еді. Жоңғарияның қазақ жеріне шабуылы XV ғасырда-ақ басталған болатын. Уақыт өте келе, ойраттар бірігіп 1635 жылы жеке мемлекет құрды. Қазақ хандығына шабуылды жиілетті. XV ғасырдан бастау алған ойраттар шабуылына қазақтың сол тұстағы әйгілі хандары мен батырлары мықты тойтарыс беріп отырды.

XVІІ ғасырдың соңы мен XVІІІ ғасырдың елу жылдай мерзімі ішінде Жоңғар әміршілерінің ішінде Батур, Цэван Рабдан, Қалден Серен сияқты жауынгер қонтайшылардың қазақ жерін жаулап алу үшін ештеңеден тайынбай, жанкештілікке барғанын баса айту керек.

Жоңғар- қазақ соғысыныңең асқынған тұсы да, шырқау шыңға шыққаны да 1723 жылдың үлесіне тиеді. Сол жылғы қыстағы жұт, көктемге әзер іліккен қазақтардың төл алу, көші-қон науқаны тұсында басталған жоңғар шапқыншылығы ұлт үшін алапат трагедияға айналды. Жоңғар әскері көптеген деректерге сүйенсек, 70 мыңнан астам болатын. Ұлы Жүз бен Орта Жүздің біраз халқы Самарқант, Бұқара, Кіші Жүздің біраз халқы Хиуаға қарай шұбырды. 1726 жылы тұрақты әскері қалыптасқан, заманауи қару-жарақпен мұздай қаруланған, жауынгерлік тәжірибесі мен рухы күшті ойрат хандығына қарсы тұру үшін ел жақсылары Ордабасыда үлкен жиын өткізді. Егер орыс мұрағатындағы деректерге сүйенсек, Жоңғария дәл сол тұста Орта Азиядағы аса ірі сахара патшалығына айналған-ды. Ұйғыр жұрты оларға еш қарсылықсыз бағынды. Бір мезгіл қарсылық көрсеткен қырғыздар қуатты тегеуірінге шыдай алмай, жеңілді. Соғыстың бүкіл ауыртпалығын, қанды қасапты бастан өткеріп, майданға шыққан тек қазақтар еді. Ойраттар Шығыс және Оңтүстік өңірдің басым бөлшегін жаулап алып, бауырына басты. Алайда, кең байтақ қазақ даласының Орталық бөлігіне күші жетпеді. Демек, қан майданға түскен, негізінен, қазақ халқы болса, бүкіл алапат трагедияны өзгелерден гөрі, көбірек бастан кешкен, басқыншы жауға қасқая қарсы тұрған да Орта жүз жауынгерлері еді. Қазақтың біріккен қарулы әскері 1727 жылы Ырғыз алқабындағы Бұланты өзенінің жағасындағы Қара сиыр деген жерде қалмақтарға күйрете соққы берді. Бұл жер «Қалмақ қырылған» деп аталды. 1729 жылы тарихқа «Аңырақай шайқасы» деген атпен енген жеңіс Балқаш көлінің маңында келді. Осы кезде Болат хан (Тәукенің баласы) өліп, қазақ сұлтан, төрелерінің арасында таққа талас басталды. Талас Сәмеке, Әбілқайыр, Әбілмәмбет арасында болып, көпшілік қолдай қоймаса да, аға ханның тағына Әбілмәмбет отырды. Бұл жағдай Әбілқайыр мен Сәмекенің өз әскерлерін әскер шебінен алып кетуіне алғышарттар жасады. Қазақ жерінде аса күрделі тарихи, саяси ахуал қалыптасқан еді.

Міне, осы тұста, уақыт шамаы өткен соң, тарих сахнасына Абылай сұлтан (кейіннен қазақтың ең даңқты ханына айналған тұлға) шыққан еді.

Басында өзінің кім екенін жұртқа жария етпеген осынау сұлтан 1731 жылы болған қырғын соғыста өз ерлігімен көзге түскен еді.

1740 жылдан бастап, Қалден Серен өлген соң, Жоңғария елінде де таққа талас басталды. Береке бірлігі бытыраған ойрат елін 1758 жылы Қытай империясы біржолата құртып, түбіне жетті. Қазақ ханы Әбілмәмбет өлген соң, Абылай 1771 жылы Түркістанда хан болып сайланды. Оның асқан саясаткерлігі, көрегендігі мен көшбасшылық сипаты, әскери таланты тек хан тағына отырған соң ғана емес, сұлтан кезінің өзінде-ақ байқалған еді. Абылай іргедегі Жоңғар мемлекетінің қазақ үшін қаншалықты қауіпті екендігін түсіне білген сұңғыла жан еді, сондықтан да дұшпан арасындағы араздықтың асқынуына жасырын түрде үлес қосты. Ойрат арасынан қашқан танымал тұлғаларды паналатты, оларды өз мақсатына пайдалануға тырысты. Ал, Жоңғар мемлекетін күйреткен Цин империясы қазақ жеріне соғыс бастағанда Абылайдың ірі қайраткерлік қасиеттерінің арқасында қазақ елі аман қалды. Абылай аса сұңғыла саясатының арқасында қазақ жерін жаулап алмақ Ресей мен Қытай мемлекеттерімен түрлі мәмілегерлік шарттар жасасып, ешқандай бодандық қамытын киген жоқ. Ол біртұтас мемлекеттік құрылым болуына бар күш-жігерін жұмсады. Биліктің орталықтануы үшін қажыр-қайратын жұмсауы сол тұста ерте ме, кеш пе, алдағы уақытта Ресей немесе Қытай тарапынан болатын отарлау саясатын сезгендіктен туындаған еді. Расында да бірде Ресеймен,бірде Қытаймен тиімді келісімдер жүргізген Абылай хан қазақтың ғана емес, сол тұстағы көптеген шығыс елдерінің, көрші мемлекеттердің құрметіне бөленді. Тіпті азулы деген Ресей мен Қытай империяларының өзі онымен санасуға мәжбүр болды, одан белгілі бір дәрежеде именетін болды.

Алайда әлемде, оның ішінде Еуразия аумағында қалыптасқан нақты хал-ахуал, геосаяси жағдаяттар қарқынын тоқтату мүмкін емес еді. Ерте ме, кеш пе, Ресей, Қытай т.б. Еуропа елдерінің империялық пиғылдағы қуатты да жымысқы саясатына жері бай әрі мол, алайда халқының саны аз қазақтың қарсы тұруы мүмкін емес еді. Абылайдың ұлылығы отарлау экспансиясын кешеуілдетіп, халқының мамыражай ғұмыр кешуіне мүмкіндік туғызғаны еді, ел-жұртының болмысына биік рухты, тәуелсіздік идеясын берік орнықтыруы еді.

Ал, Абылай хан дүниеден көшкен соң, қазақ тағдырының қай арнаға көшкені мәлім. Ұлы хан сонау сұлтан кезінен бастап-ақ, өз маңына ел сөзін сөйлер саяси элита тобын, батыр-бағыландарды, ақын, шешен-би, өнерпаздарды шоғырландыра алды. Өзі де асқан өнерпаз, руханият мұрасын жасаушылардың ірі өкілі еді.

Жалпы, философиялық ұғым историзм (тарихилық) іліміне сүйенсек, ел басына қиын-қыстау күн туғанда, өмір мен өлім беттескенде, қоғамдық қажеттіліктің нәтижесінде тарихи сахнаға тұлғалар шығатындығы мәлім. Тәуке ханнан бастап, Абылайға дейінгі аралықта танымал болған кейбір төре, сұлтан, хандар мен Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Бұқар, Үмбетей т.б. жыраулар, Бөгенбай, Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Жидебай, Наурызбай, Қарасай, Жарылғап, Аралбай, Баян, Сеңкібай, Қойайдар т.б.сияқты батырлардың тарихи сахнаға шығуы сол алапат соғыстың нәтижесінде болған еді. Себебі, соғыс кімнің кім екенін айғақтап береді. Танымалдылық қасиеті тек осындай алапат оқиға, құбылыстың арқасында ғана көрінбек.

Міне, сондай танымал тұлғалардың бірі Дербісалы батыр Айдаболұлы еді. Мұрағат материалдары ішінде хан немесе ықпалды билік иелері туралы мұралар болса да, Дебекең жайлы жазбаларды іздеу,жүйелеу-алдағы ұрпақтың ісі. Кеңестік идеологияға негізделген тарихнамада жоңғар-қазақ соғысында көзге түскен атақты тұлғалардың іс-әрекеті там-тұмдап қана көрсетілді, жанкешті батырлардың өзі толықтай айтылмады. Алайда, халқы Дербісалыдай ұлы тұғаларды жадынан шығарған жоқ-ты. Батырдың ел-жұртының ыстық ілтипатына бөленгені оның есімінің жер-су, елді мекен аттарына берілгенінен көрінеді. Осынау кітапты шолып шыққанда батыр жайлы, оның ғұмыр кешкен кезеңі, әлеуметтік ортасы, ерлігі жайлы материалдармен таныстық. Оларды бұл жерде қайталау қисынсыз. Кітап негізінен, ел аузындағы әңгіме, аңыз сипатындағы дүниелерден құрылыпты. Тарихи, ғылыми сипатын білікті маман-тарихшылардан кеңес ала отырып нығайту жағынан құрастырушы авторға кеңес бердік.

Дербісалы батыр жайлы ел аузындағы әңгімелердің аса мол болуы, екі ғасырды көктей өтіп, бүгінгі уақытқа жетуі – ғажап құбылыс. Фольклорға белгілі бір құбылыстың негізгі іргетасын сақтай отырып, әсірелеу сипаттары тән екені мәлім. Батыр жайлы осындай мұралар, біріншіден, Дебекеңе деген халқының шексіз сүйіспеншілігін көрсетеді; екіншіден, батырдың асқан жаужүректігіне қоса, шешендігін, әділ билік айтқан адалдығын, Алланың сүйікті құлы болғандығын аңғартады. Егер дәл осы қасиет, сипаттар болмысына ұяламаса, батыр бабамыз туралы осыншама мол мұра дүниеге келмес еді. Демек, Дербісалы бабамыздың тағылымын да осы тарапынан пайымдағанымыз абзал сияты.

Осыдан біраз уақыт бұрын Қарағанды облысының әкімі Б. Әбдішев өңіріміздегі ғылыми, шығармашылық топ өкілдерімен кездесті. Құнды пікірлер айтылды. Біз өз кезегімізде болашақ ұрпақ жадында көмескіленбеуі үшін, өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Отан соғысы деген мәртебе ала алмай жүрген жоңғар –қазақ соғысының атақты батырларын мәңгі есте қалдыру үшін арнайы ескерткіш пе, сондай бір белгі орнату қажеттігін айттық. Елді мекен, көше, білім, мәдениет ошақтарына олардың есімін беру үшін кешенді жоспар жасайық деген пікір білдірдік. Бауыржан Түйтеұлы құптады, барынша қолдау болатынына уәде берді.

Дербісалы батырдай бабамыз үшін емес, кейінгі ұрпақ үшін қажет ондай шаралар. Себебі, Дербісалы бабамыз – бір өңірдің, бір әулеттің, ғана емес, иісі Алаштың, қазақ деген ұлтының даңқты перзенті.

Қарағанды қаласы,

06.2013ж

Осы туындының дүниеге келуіне себепкер

болған, болмыс-бітімі бабасына келетін

Қаракесек-Сарым-Дербісалы-Есен ұрпағы

Мұса қажы Әрінұлына алғысымды айтамын.

Автор, Б.Аманжолов

Батыр – дастан

Оғыз далам. Әзіз Анам. Аңыз Бабам.

Уағыздаған.

Абыз данам – қобыз маған,

Жарты әлемді жаулаған жаһангерлер.

Текке терін,

Текке қан ағызбаған.

Тарих жайлы шежіре, дастан да озық,

Алтын Орда алауыз жатқанда озып.

Сарыарқаның саумал көл саласына,

Жәнібек пен хан Керей қаққан қазық…

Арғында Мейрам сопы тарлан еді,

Бес ұлы берен туған арлан еді.

Көкорай кең даланы көктей өтіп,

Қараөткел, Ерейменге қонған еді.

Тепсіне тірескенге дес бермеген,

Өрекпіп өрге шауып, төске өрлеген.

Кісілік келбеті шоң Мейрам Бабам,

Қамыстай қаулай қалың өскен де елең.

Ынтымақ!

Ақыл!

Айбар!

Мәрттік істі!

Ту етіп туған Бабам бопты ырысты,

«Баласы қасқа айғырдың төбел» деген.

Ұрпағы болмас неге!

Текті!

Текті!

Бесеудің Болатқожа кенжесі еді,

Тартысқан тарпаңдармен теңдесі еді.

Намысы наркескендей жарқ-жұрқ етіп,

Езілген тиіп еді елге себі.

Мейрамның бөлек туған балалары,

Ақыл. Ес. Айбарымен даралынды.

Бертінде бес Мейрам деп аталды да,

Би. Шешен. Бағлан. Батыр-қамал алды.

Шежіре дерек көзі – көне тарих,

Алдыңа ғасырларды келеді алып.

Тегіңнің түп-тамырын білмек парыз,

Кейнгі өскіндерге керегі анық.

Тарайды Болатқожа бабасынан,

Түйте мен Майқы билер – Алаш ұран.

Әлтеке-Сарым туған Майқы биден,

Азулы Арыстандай алас ұрған.

Айтуған, Күнтуғанды есімдері,

Жүргенде қыдыр қонып көш ілгері.

Көз тимей бұлаң өссін деген әке,

Аттарын еркелете рәсімдеді.

«Әлтекем –Айтуғаным жаным» деді,

Күнтуған қуат берер «Сарым» деді.

Қос ұлы қайраты өктем болып өсіп,

Ағайын, аймағаның қамын жеді.

Шыр етіп Сарым сәтті туған күні,

Қырықтың бірі қыдыр – мыңнан бірі.

Үйіне Майқы бидің әулие кеп,

Жүректі шапағатпен нұрландырды.

Жаны асыл жайсаң жанға алғыс та өлең,

Бата алу пірадардан зор күш ерен.

Майқы би Айтуғанды шақырып-ап,

Әлтеке әулиеге берді сәлем.

— О, балам алақаның ыстық неткен,

Өңің бар өрт сөндірер, сұсты да өктем.

Жаратқан жарылқасын бердің сәлем,

— Атың кім? – деді әулие қош тілекпен.

-Айтуған деді атым –текті затым,

Бойымда бар намысым кек қуатын.

Халқымның қасиеті тамырымда,

Ерлерді еңіреген еттім жақын.

Риза боп Әлтекеңнің жауабына,

Әулие Майқы биге қарады да,

-Өздерін нешеусіндер?-деп сұрады

Болғалы тұр екен ғой мына бала.

Бошаннан бесеу.Танас және Менмін,

Көрінісі дей білгейсіз өнегемнің.

Ас ішіп, асық қуар дәлдүр емес,

Саналы саңлақ өссін деген едім.

Сол күні Майқы үйінде босанды Ана,

Қазаққа қонақ қыдыр қашаннан да.

Сәбиге ат қойыңыз, әулие деп,

Майқы би жанарына жас алғанда.

-Құдайы Қаракесекке бергелі тұр,

Қиындық, қасіреті, көргені –тұл.

Күнтуған болсын аты –арайланып.

Тында енді, ақ батамды. Бермен отыр.

Айтуған мен Күнтуған,

Майқыдан абзал екі ұл туған.

Бұлар енді өскен соң,

Қаракесекке күн туған.

Батасы дуалы ауыз болып қабыл,

Жау шапса «Қарқабаттап» қағып дабыл.

Әлтеке Сарым аты жүрді ауызда,

Барымта. Ел –жер дауы. Жорықта кіл.

Көшелі көрегендік қанға сінген,

Үндесіп келе жатыр сан ғасырмен.

Бабалар рухыменен суарылған,

Жайсаңдық жанданады жалғасумен.

Сарымнан Тоқсан , Мастан, Құтжан сосын,

Айдабол болып ұрпақ құрған қосын.

Бірлік жоқ берекесіз бәз біреуден,

Ынтымақ, іскерлігі тұрған басым.

Белінен Айдаболдың бес ұл болған,

Бейне бір өмірі – шат, жасыл жалған.

Тұңғышы Дербісалы дара туып,

Өркенін Айдаболдың өсірді Аллам.

Дербісалы дүниеге келген күні,

Құдайым құт-қуаныш берген күні,

Наймандар қыз айттыра келе қалып,

Ауылды әсемдікпен әрлендірді.

Бас болып Ақтамберді жырау кепті,

Атағы шырқай тіреп тұр–ау көкті.

Сәбиге ат қойыңыз, — деді Айдабол,

Келтірген сізді бізге Құдай депті.

-Құдайдан дүлдүл деген ат алған,

Пайғамбардан он жетісінде бата алған.

Жер жаһанда Әзірет Әлідей мықты жоқ,

Алланың «Арыстаны» атанған.

Әзірет Әлі жалғыз,

Әлілер көп.

Ісі де, кісілігі бәрі кермек.

Дербес деп ат қоямын дара болсын,

Тұла бойын Әзірет Әлі қаны кернеп.

Айтқаны Ақтамберді –Ақтанкердің,

Қабыл боп күш-құдірет Хақтан келді.

«Дербес ұл» –Дербісалы дүр тұлға боп,

Арыстан айбозына мақтанды Елі.

Дербіге аруақ қонды, дұға дарып,

Мейірі жаратқанның құлады анық.

«Көгерер жауынмен жер, батамен ер,

Дегені қазағымның ғұламалық.

Тұрғанда аты аспандап, сөзі көктеп,

Бабасы Қаз дауысты Қазыбек кеп,

Бір күні Айдаболдың түсті үйіне.

Жаны – жыр,

Жүрегі –нұр,

Өзі – мектеп.

Қарсы алды құрақ ұшып Бабаларын,

Мұндай бақ, сәнді сәтті табалар кім?

Көңілдің көкке шапшып көк толқыны,

Оянды ойсыз көзі –саналы ардың.

Әңгіме Алты Алашты шарлағанда,

Айтылды халық қамы. Жан да, мал да.

Дайын боп дәм де келіп қалған екен,

Табақты дастарханға қойған бала.

Бата, Ата, бата деп иген басын,

-Атын кім айналайын?-би сұрасын,

-Дербес Әлі

-Жо – жоқ,

-Дербес емес Дербісалы көпшіл бол сен,

— Дауылды дабылыңнан үй құласын.

-Қасың биік қабақтай,

Басың сенің табақтай.

Батыр болғай қайтпайтын,

Әзіреті Әлі, Барақтай.-

Бата алған бабалардан пенде де – төр,

Ырымшыл халқым дана. Ең кемеңгер.

Айтқаны Ақтамберді, Қазыбектің,

Дөп келіп, өсті өктем Ел деген Ер.

***

Көзіннің жауын алып бұлғын дала,

Жаулап ап салмақ сайран ындын ғана.

Шүйіліп шүршіт оңнан, кәпір солдан,

Жібермек жұртты жойып құрдымға да.

Жан- жақтан жау анталап тұрған шақта,

Әзәзіл айла – торын құрған шақта.

Бүйірден қалмақ – жоңғар ашты майдан,

Батырлар бас көтерді тұрған сапта.

Басынан Қаратаудың көш ауғанда,

Өксігін өкінген жұрт баса алған ба?

Шулаған кәрі-құртаң, бала –шаға,

Қанішерге қарғыс айтар қашаннан да.

Қызды –күң. Ұлды – құл қып алмақ ойы,

Сайранды сар далаға салмақ ойы.

Егесі ен байлықтың иесі боп,

Әмір боп бар қазаққа қалмақ ойы.

Безбүйрек, жылан жүрек, дәті қатты,

Жоңғарлар жайпап, жаншып атырапты.

Салғанда ата жұртқа ойран- асыр,

Қай қазақ көзін жұмып жатып апты.

«Бұл шайқас»… Абылайдың заманында,

Батқанда ай түнекке, дала мұңға.

Ерлердің еңіреген келді кезі,

Ұлтым деп ұрандатқан саналы Ұлға.

Жәнібек Шақшақ ұлы, ер Бөгенбай,

Сары, Баян, Малайсары,һәм Қабанбай.

Ұшына найзасының жау мінгізген,

Жабай мен Дербісалы, дүр Олжабай.

Ғасырда қанға бөгіп қасарысқан,

Батырлар шықты атылып – аш арыстан.

Тұлпарлар дүбірінен сілкінді жер,

Қалмақтар қайқаң қаға қаша ұрысқан.

Батырдың батыры бар теңдесі кем,

Қорғаған қалың жұртын кеудесімен.

Ерлігін Дербісалы баяндайын,

Шығармай жүрген мәңгі Ел де есінен.

***

Құйылған аққан селдей әр саладан,

Сарбаздар тізе қосты – қаншама адам?

Басталды қырғын –сүргін қанға бөккен,

Өліспей беріспеуді жөн санаған.

Қырып-жойып, бір-бірін жаншып-таптап,

Қалың қол қара құрттай шықты қаптап.

Шаңқылдан қылыш, найза, айбалталар,

Шоқпар мен садақ жебе жатты ойнақтап.

Аруақ! Аруақ әр тұстан,

Алға! Алға!

Қаруын жас сарбаздар қанға мала.

Қан майдан қиян кескі қасарысқан,

Қаптаған өлік- мүрде айдалада.

Созылды сүргін соғыс тым ұзаққа,

Екі жақ ентігеді қалжырап та.

Қақ жарып қалмақтардың қалың қолын,

Ұмтылды Дербісалы алғы жаққа.

Қарсыдан бір қара дәу – нар ма күші?

Қоғадай жапырады алдағысын.

Ентелеп келді дағы Дербісалға,

Жекпежек – деді болса ар-намысың!

Сиынып Майқы баба аруағына,

Елім мен жерім үшін жан да мына,

Пида деп шықты айқасқа Дербісалы,

Ұрандап сарбаздары жан –жағында.

Басталып кетті сайыс жанталасқан,

Айқай –шу, айдалада анталасқан.

Бес қару кезегімен шарқ-шұрқ етті,

Жұмсалып талмау жерге, қолқа тұстан.

Қара Дәу қандай қару қолданса да,

Ұрғанмен ұрымталға, оң да сол да.

Дір етпей Дербісалдың түк жүрегі,

Ақырын аруақтанды анда –санда.

Ала алмай найза садақ қылышпенен,

Айбалта, шоқпар қалды жер иіскеген.

Жұлысқан жолбарыстар жүрегінде,

Бір-ақ ой- жер жастандырар жеңіс деген.

Қалайша қылған қайрат текке кетпек,

Титығып тұрды екеуі бетпе-бет кеп.

Шықшыттан Дербісалы ұрды сол сәт,

Қара Дәу құлай берді ептеп-ептеп.

Шоқпарын іліп алып ұрды бастан,

Қалмақтың қос жанары түнге ұласқан.

Жоңғарлар жықты туын,

Дербісалдың

Ерлігі ел аузында жүрді дастан.

Ойнатып «Елім» деген бойда қанды,

Сарбаздар сол жеңісті тойлағанды.

Шайқасты естіп-біліп хан Абылай,

Батырды мың басы қып сайлағанды.

Болғанда қанды қырғын астан –кестен,

Талайын Дербісалы бастан кешкен.

Мысалға келтірейін тағы бірін,

Қалмақтар қаһарынан қашқан дескен.

***

Киесі Дербісалдың Көк Бөрі екен,

Сол Пірі — жекпе- жекте өктем екен.

Жылқысын қазақтардың барымталап,

Қалмақтар қара үздіріп кеткен екен.

Арасы екі күндік жерге. Ел алыс,

Аттанды Дербісалы керней намыс.

Он мыңдай жылқысы бар қалмаққа кеп,

Малымды қайтар деді қылмай шабыс.

Келмеді келісімге жат –жұрағат,

Дербінің серіктері сапты құрап.

Тиді кеп көп жылқыға қиқулатып,

Әр жерде қуғыншылар жатты құлап.

Табыннан мың жылқыны бөліп алып,

Артында ата жаудың жері қалып.

Қайтты ерлер қуанышпен керіп кеуде,

Қонғандай зор мәртебе тағына нық.

Бір кезде артынан дүбір жақындады,

Дәу қалмақ астында атын тақымдады.

Жақындап келді дағы «жекпе –жек» деп

Ақпанның ақ түтегі ақырғаны.

Қара дәу алпамсадай көз қанталап,

Түгіңді түтіп жердей бір зәнталақ.

Қарсыдан Дербісалы шықты атылып,

Дербіге сонда қалмақ қойған талап.

-Кінә сенен бер қазақ кезегімді,

Өртеп жатыр өкініш өзегімді.

Жасың кіші және де жылқымды алдың,

Жасамассың жан сақтап безеруді.

Айтқанына Ер Дербі келісті де,

Дүлей қалмақ шіреніп ат үстінде,

Садағын тарта беріп, қалды тоқтап

Түсті аттан.

Дербіменен көрісті кеп.

-Бұл қалай?

-Неге атпадың?

-Ұнамайды.

Дегенде қалмақ айтты мына жайды.

Мен жалғыз шыққан едім күн –түн қатып

Серік қып семсер намыс, тұман айда.

Тайдай бір көкжал қасқыр соңыма ерді,

Кісі жер құбыжықтай көрінеді.

Озбайды, не қалмайды қылаң беріп,

Үрейлі уілдейді төңірегім.

Қасқырдың құртып көзін жоямын деп,

Атымды аш бөріге таядым кеп.

Екі аттым. Селк етпеді, міне сұмдық,

Киелі болды –ау, мынау қоямын деп.

Жөніммен жүре бердім қуып сені,

Қасқыр да соңыма ерді , тиіспеді.

Мінеки жекпе –жекте тағыда жүр,

Сонау бір қарағанда мүйістегі.

Қабан да менің Пірім қолдап жүрген,

Көк Бөрің Сенікі екен –кайдан білгем.

Жаңа мен садағымды кезенгенде,

Қабаным ат астына кірген бірден.

Қан сиіп жібереді атым дірілдеген,

Қабанның қайтты беті Пірім деген.

Көк Бөрім жатыр әне аңдап – бағып,

Қайраттың құты қашты бүгін менен.

Өлтірсем мен өзіңді күнім қараң,

Көк қасқыр жатқан анау ырылдаған.

Тиіп көр Дербісалға шайнап-жұтам,

Дегендей жатыр айтып сырын маған.

Жеңілдім.

Емессің сен тегін адам.

Сақтаған малын аман. Жерін аман.

Киелі қаһарман қош енді,

Жетейін есім барда Еліме аман.

***

Жер үшін құрбан деген ерлер,

Артта қап адыр белдер, өзен, көлдер.

Дұшпанның ту сыртынан тиген талай,

Қалмаққа күн туғызып көгенделер.

Күш- қайрат. Жүрегі түк. Айлада ерен,

Бурадай бітпес жауын шайнап өлер.

Батырдың бірі болған Дербісалы,

Ұнатқан ұрысуда найзаменен.

Көрсетіп жауға сойқан қара күшті,

Көтерген найза ұшына сан Арысты.

Ораған сабын берік сынбасын деп,

Ешкінің терісінен тарамысты.

Іліп ап найзаменен құлатады,

Не ұрып ашық жерден сұлатады.

Атан бел әлді жүйрік ат астында,

Шалт қимыл, шапшаңдығы қуат әрі.

Кісіні өлтіруге құштарда емен,

Жасаса жанкештілік дұшпан деген.

Түсіріп ат үстінен алу мұрат,

Аруақтан қосылады күш көлденең.

Ит жығыс, қырылуда қазақ қалмақ,

Соғысты соза берсе аз–ақ қалмақ.

Қалмақтың бір дүлейі шықты ортаға

Жекпе –жек!…

Кімді болсын азаптамақ.

Қазақтар ақылдасып әрі бері,

Келіп тұр Дербісалдың жөні деді.

Бабасы Қазыбек би ақбоз атын,

Сол жолы құрбандыққа шалып еді.

Жер үшін жаным құрбан деп атылып,

Шыққанда Дербісалы қанат ұрып.

Қалмақтың қара Дәуі қашты кейін,

Ой , мынау,

Не жынданған,

-Не мақұлық.

Қалмақты қуып берді. Ол да жақын,

Найзасын нығырлады –қолғанатын.

Ор қазып қойған қалмақ қулықпенен,

Қарғытып өтті қашқын ордан атын.

Сол сәтте дуалғысы қара Дәудің,

Кетті ұшып алды – артына қараған кім.

Атты сәт Дербісалы көк найзасын,

Зулап кеп қақ желкеден қадалғанды.

Қан жауып қалмақ бірден құшты өлімді,

Орға кеп атпен Дербі түскенінде.

Есен-сау сарбаздары шыққан алып,

Қол соғып тұрды бәрі сұсты Еріне.

Жеңілген қалмақ қолы кетті кері,

Қазақтың азат болды текті жері.

Қазыбек, қалың сарбаз тұрды аруақтап,

Мерейі Дербісалының көк тіреді.

Хас батыр кек қайтармай өлеме екен?

Халқына қысылғанда келеді екен.

Риза боп ерлігіне Дербісалдың,

Бабасы Қазыбек би деген екен.

-Ерледің Дербім. Ерледің,

Жеріңді жауға бермедің.

Найзамен жаншып жауыңды,

Көзімізше жерледің.-

***

Кернейден шыққан батыр Балтаменен,

Дос –сыйлас болған Дербі — арқалы ерен.

Оқ бойы алда жүріп нөкерлерден,

Жаһаннан жауын іздеп жорта берген.

Көрінді қалмақ қолы бір асудан,

Сарбаздар салды ойранды қаны ашынған.

Домалай жатты жерде талай бастар,

Тынымсыз Дербі, Балта аласұрған.

Қалмақтар тастап қашты, малды жанды,

Шаңдатып атойлатып сар даланы.

Сарбаздар салтанатпен тұрды өктем,

-Қорғаны –

-Елі.

-Жері.

-Жар-Баланың.

Дербісал шөгіп жатқан нарды көріп,

Ашуға алабұртқан берді де ерік.

«Жаудың малын аяма, өлсе менің қаяма…»,

Қылышпен бел ортадан перді келіп.

Қалмаққа қара қаны қайнағанда,

Оғландар обал-сауап ойлаған ба?

Қара нар қақ бөлінді тұра бере,

Балта кеп жануарды айдағанда.

***

Қайраты ақылға кеп ұласқанда,

Дербінің аты шығып тұр аспанға.

Қырғында біраз адам қолды болып,

Қалмақтар қиқулатып қыр асқанда.

Артынан Қазыбек би болды бармақ,

Мән жайды Дербісалы алды барлап.

-Уа, ата үш бардыңыз, жол беріңіз,

Алайын ақылменен алдын орап.

Бабасы берді жолын, батасын да,

Құн қумай бойды бағып жатасың ба?

Үш Жүзден толағай-дәу кісі жинап,

Аттанды аз қолымен жат асуға.

Дербісал ақыл-айла тапты дағы,

Түнде кеп сан мың шырақ жақты дағы.

Жөнелтті жедел хабар жау жағына,

Тұтқынды босатпаса жоқ қылады.

Қалың қол жайлағандай күрең белді,

Боз дала жалын-жарқыл реңге енді.

Қаймығып қалмақ жағы қалың оттан,

Бір шалды елшілікке жібергенді.

Елшімен Дербісалы жолықты да,

Апайтөс, Атан түйе, Алып тұлға.

Мен болам Дербісалының атқосшысы,

Ал, Батыр демалуда қалып қырда.

Сол кезде «бұқа түсті құдыққа» деп,

Айқай-шу, абдырасқан қалың дүрмек.

Дербісал дөй бұқаны құйрығынан,

Ұстап ап, лақтырды кеп бейне бір доп.

Тұра сап бұқа кері ұмтылғанда,

Сүзеген сойқан мына құтырған ба?

Дербісал қос мүйізден ұстады да,

Жұлып-ап молақ етті антұрғанды.

Дербілен денесі зор алып адам,

Салды айқай,

-Өгізімнің құнын алам.

-Елші таң,

-Деді сонда Дербісалы

-Осындай арсаң-күрсең менің Ағам

Атқосшы серіктері мұндай алып,

Болғанда Дербісалы піл ғой анық.

Елші енді есеңгіреп қайтты кейін,

Айырықша адамдарға таңдай қағып.

Көргенін елші барып баяндады,

Қорқыныш көкірекке оянғанда.

Қалмақтар тұтқындарды босатты да,

Айбар мен Айла берік қамал салды.

*** …

Қанша жыл қырғын-сүргін соңына ала,

Қиуын келтіргенде оңына Алла.

Қалмақтар қашты күйреп шекараға,

Жер емес. Шырылдаған жанына ала.

Жиып ап сарбаздарын хан Абылай,

Бастарын көтермесін бұдан бұлай.

Берді әмір. Шекарадан асырмаңдар,

Қырылсын құзғындардың бірі қалмай.

Дұшпанды өкінесің аяғаннан,

Кек!

Намыс!

Оян, Сарбаз!

Оян, далам!

Сайлады қолбасшы қып Дербісалды,

Деді әрі Баһадүрсің маған аян.

Аттанды Дербісалы сан мың қолмен,

Сарбаздар сайыпқыран соңына ерген.

Жетті де Жоңғарларға салды ойранды,

Күн туды дұшпандарға көріне енген.

Қалың қол қалды сиреп қалмақ жақтан,

Айқай–шу, алыс–шабыс. Қанға батқан.

Талқан қып Дербісалдың сарбаздары,

Жеңіске жетіп таңы оңынан атқан.

Дүрлігіп дүлей дұшпан қашты кері,

Сарбаздар – Дербісалдың тас түлегі.

Соңына түсіп берді жоймақ бәрін,

Осылай хан Абылай бас тілегі.

Асудан аса бере таң қалысты,

Алдында ақ боз үй тұр алған мысты.

Ішінде айдай сұлу ару отыр,

Құл–күңі, мал–жаны алданышы.

Дербеске айтып келді барлаушылар,

Кідіртпек болған бізді алдау шығар.

Жөнейік жауды қуып жолымызбен,

Дегенге.

Тарпаң Дербі қайдан шыдар?

Бұл өзі періште ме? Хор қызы ма?

Бір көріп кетейін деп хан қызына.

Шауып кеп жабдығынан тіліп–көріп,

Кеткенді бойы балқып, ойы бұзыла.

Түсті кеп сол жабықтан қас қағымда,

Ұмыт боп сырттағы әскер тосқанында.

Алдында басын иген о, сұлулық!

Батыр да,

Байпатша да,

Асқақ ұл да.

Сарбаздар қалай – жорық жолға шықсын,

Күтті олар Дербісалды – қолбасшысын.

Қалмақтың тірі қалған шағын қолы,

Бұл шақта шекара асқан – алданыш мұң.

Азат қып қазақ жерін дұшпанынан,

Өшпес із, өлмес игі іс қалдырған.

Сарбаздар қайтты еліне қағып кеуде,

Халқынан құдіретті күш дарыған.

Мақтансақ, марқасқа Ұлмен мақтаналық,

Санада сөнбес сәуле жатқаны анық.

Қалауы қалмақ қызын үй – күйімен,

Еліне Дербісалы қайтқан алып.

Ақын мен Батырлардың болмыстары,

Адам мен Қоғамның кей кер тұстары.

Жаралап жанын –арын жаншығанда,

Өзінше өрнек салып, ой құшқаны.

Оралған мәртебелі жеңіспенен,

Дербі кеп Абылаймен көріспеген.

Қалмақ ханның қызын алды айтпай тағы,

Жаулардың бәрін жоймай. Нені істеген?

Дейді деп көрдім – көндім жатып алды,

«Пыш -пыштар» Абылайға қатынады.

Арада апта айналып өткеннен соң,

Ордаға хан Абылай шақырады.

Нөкерлер сақ, сұңғыла, білгір әрі,

Қарумен енгізбейді тұр қырағы.

Кездігін жең ішіне тығып алып,

Қаһарлы хан сарайға кірді Дербі.

Қабағы Абылайдың қар жауғандай,

Сұсты өңі, өткір көзі жауды алғандай.

Жанармен атысады қос арыстан,

Нөкерлер тұр артында аужайды аңдай.

Жүйкелер жұқаруда үнсіздіктен,

Арбасқан өмір –өлім құнсыз неткен.

Бір кезде білегінен қан тамшылап,

Батырдың алдына кеп тырс-тырс еткен.

Ханның да қарашаның дұшпаны ма,

Тағдыры қыл үстінде тұста мына.

Кеткенді Дербісалды ыза кернеп,

Кездігін қышырлана қысқанында.

Алды –артын абайлайтын ақылменен,

Тегі асыл табысты Хан мақұлменен.

Бағамдап Дербісалдың бұл қылығын,

Тіл қатты қалшылдаған Батыр ерен.

-Белгілі ажалдан да тайынбасың,

Құнымды алып өлем – ойың да шын.

Бұзсаң да менің — тәртіп жарлығымды,

Ақылым. Ақиқатты мойындасын.

Білектен тамып тұрған қаның ана,

Сайып тұр сана оятар мағынаға.

Қаныммен жуам болса қателігім,

Тірегім. Ақтық демім – елім ана.

Халқыңның азаттығын –аңсап –ақ күн,

Қалмақтың қара қанын қанша төктің.

Қырғында – соңғы соғыс жоңғарлармен,

Асырып Жетісудан жайпаң өттің.

Бәрінен биік тұрған. Арманың –ең,

Жүргенсің жойқан жорық жолда кілең.

Қазақтың тізе қосқан Азаттығын,

Танытқан топ бастаған тарланменен.

Еңбегің ерен еді. Елге. Маған,

Беделсіз пенделікті Мен неғылам.

Ал енді жолың болсын жортқанда,

Айтылар:

Сен деп ұран.

Мен деп ұран.

***

Тұтанып Рух. Намыс қаны қайнап,

Кеудесін «Елімайдың» зары жайлап.

Жасында жау жүректі жанып айбат,

Аттандап атқа қонған а, Құдайлап.

Дербісалы шықты жаумен шайқасуға,

Өзен. Көл. Орман. Өріс. Тау. Тасында.

Көзімнің қарашығы деп білген ол,

Көк Бөрі киелі аруақ арқасында.

Халқының қамын жеген қайран Батыр,

Іздері құба белде сайрап жатыр.

Елу жыл ер үстінде Елін қорғап,

Жүргенде жойқын жорық, майданда кіл.

Сан соғыс, жекпежектер бастан өткен,

Мерейі болып әсте қастан өктем.

Қолдаған рух намыс ұлтым деген,

Алқаған Алла! Аруақ! аспанкөктен.

Рухы өнеге үлгі үстем жастан,

Айналып жерге құлап түспесе аспан.

Ұлт барда!

Ұрпақ барда!

Ұран барда!

Ерлігі Дербісалы –бітпес Дастан.

Даңқты. Ер Дербісалы дара десек,

Шырайлы шындықтан самал есед.

Ұл туған Қаз дауысты Қазыбектей,

Қазақта шоқтығың шоң Қаракесек.

Өлеңмен өрнектеген ақын,

Бақтыбай Аманжолов.


20.11.2017 12:47 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика