Шет ауданындағы таңбалы тастар

Өнер – өмірлердің өлшеуіші, алайда өнердің өлшемі – ғарыштық… Таң сәрі замандағы тасқа қашалған сүгіреттер мен екінті дәуірдегі компьютер, роботтың байланысы нәзік. Салған бетте қиыспас керағар көрінуі мүмкін бұл дүниелерді жалғап тұрған ол неткен көзге көрінбейтін керемет жіп деген салмақты сауалға кезігеріңіз хақ. Екеуі де – өнердің туындысы. Екеуі де адам атты асқақ жаратылысқа тиесілі туындыгерлік тылсым қырының қашауы… 


Қазақтың «қазақ» деген этнонимінің саналарға орныға бастауы Қазақ хандығының құрылуымен кезеңдес екендігі, ұлтымыздың қалыптасуы мен ұлыстықтан жоғарырақ елдік енші алып, өз ордасын көтеруі дәуірлес екендігі баршаға аян. Одан әріде Еуразия атты алып материктің иен иесі іспетті болған Көк бөрі баласы Көк түркіні айтып ешкімді таңғалдыра алмасымыз анық. Ғұнның да ол шеті Батыс Еуропа – Үрім, бұ шеті – Алтайдан әрі асқан атырапты жайлағаны жасырын емес. Сақ патшалары, баһадүрлері қандай қаһарман болса, аналары да сондай ержүрек, қайсар еді деп сан-талай айтылған, айтылып жүрген, айтыла бермек, бойды мақтан кернетер сөзге тағы соғайық, мейлі. Біздің заманымыздан бұрынғы бағзы мыңжылдықтарға неғұрлым тереңдеген сайын, соғұрлым көз алдымыз бұлдырай, сағымға ұқсай береді. Аузымызды қу шөппен сүртіп, ештеңе тындырылмады деу де – әсте әбестік. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көптеген ізгілікті шаралар атқарылуда. 
Күн басты адамАйтпағымыз ол емес… Бабаларымыздан мирас болған балбал тастар мен таңбалы тастар Ұлы Даланың әр өңірінде тарыдай шашылып жатыр. Атап айтқанда, Алматы маңындағы Таңбалытас, қазаққа қасірет әкелген Семей полигоны аймағындағы, Баянауыл, Қарқаралы, Ұлытау өлкелеріндегі «сөйлейтін» тастар осы сөзімізге айғақ бола алады. Бұған Қарағанды облысы Шет, Ақтоғай аудандарындағы туындыларды – біздің дәуірден әрідегі мыңжылдықтар куәларын қосыңыз. Сондай «шежіреші» қарттың бірі әрі бірегейі – Шет ауданы аумағындағы, Хан Кененің Ақжолтайы – Ағыбай батыр баба кесенесінен батысқа қарай 2 км қашықтықтағы Таятқан-Шұнақ жоталарындағы суретті тастар. Бірегейлігі оның көнелігінде ме деп топшылаймыз. Батыр баба кесенесінің шырақшысының айтуы бойынша (шырақшы тарихтың ауызша тарайтын халықтық әдіснамасының өкілдері екендігін ұмытпауымыз керек), тасқа адам қолынан сырлы сызат түсірілгеніне ондаған мыңжылдықтар болуы мүмкін екендігінде. Бұл, әрине, болжам ғана. Таңбалар мен суреттердің бағзылығын оның тастан өше бастағанын бажайлап, солай-ау деп пайымдайсыз. Уақыт өз төрелігін жүргізеді.

Аң аулау, бұғы, таңбалы тас

Оқушымыздың берген фотосуреттерінен соң аталмыш тастарға деген қызығушылығымыз артты. Дұрысы, біреуіміз, тарих саласының маманы ретінде ондағы тауарихқа, екіншіміз, филология саласының маманы ретінде бағзыдағы сүгірет-таңбаларға өнер туындысы ракурсынан қарай, код жасырған өзіндік мәтінге. Сөйтіп, сол турасындағы ақпаратты ақтарыстырғанымызда өңіріміздің тумасы, жазушы, Шет аймағының көркем шежіресін қаузап жүрген Кәмел Жүністегінің жазған азды-көпті мағлұматын қанағат етуімізге тура келді. Алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей болды…
Бұл секілді ішіне тарих сырын бүккен таңбалы тастар қаншама. Мақсатымыз жаңалық ашқандай жарапазан айту емес, бай тарихымыздың «жұп-жұқа оқулығы» (Қадыр Мырза Әлі) осы секілді тереңде жатқан маржандарымыз жайлы толыққанды толғамдармен бір параққа болсын қалыңдаса, ұлттың ертеңі жолында тарихшы ғалымдар, лауазымды тұлғалар, қаржылы азаматтар, қарапайым халық – баршамыз жұмыла, әрбіріміз өзіміздің құрала келе көл болар тамшы үлесмізді қоссақ деген тілек-ниет қана. Алла алқаса сол күнге де жетерміз!

Өмірбек БӨКЕЙХАН
Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-гимназия 
базасындағы тірек мектебінің 
тарих пәні мұғалімі,


19.08.2017 01:11 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика