Шырақ

Өкінішті-ақ. Жоқ, аянышты. Ғұмырын арнаған, 40 жыл қас-қабағымен түсіндіріп,түсінген жары, ширек ғасырдан астам уақыт асты-үстіне түсіп, тек жақсылыққа тәрбиелеген, барым деген, бақыты,байлығына балаған балалары бір-ақ күнде, құдай-ау бір-ақ сәтте бақилық болды да кетті емес пе?! Не жазды? Осыншалық сорлатардай не жазып қойды? Бұны Асанның өзі де білмейтұғын. Қарғыс атқыр көлікке не ғана мінді екен сонда, бұрын соңды алыс-берісі жоқ алыс нағашыларының осы жолғы шақыртуларына неге елең етті?

Баяғындай бір сылтау айтып сытылып кетпеді ме? Неге алып ұшты жүрегі? Неліктен сонша асықты, асықтырды? Күнделікті жүріп жүрген жолын алыссынып, қала шетіндегі жол емес жолмен неге жүргізді? Әгәрәки апатқа ұшырарын білсе қонаққа бармақ түгелі, есігінен аттамас еді ғой. Асанның басын қатырған сұрақтары, өзіне жапқан жаласы осы болды. Қызылды-жасылды дүние әп сәтте алай-түлей болып кетті. Жары мен екі қызынан айырылды. Екінші қызы әжептәуір талпынды, өмірге деген құштарлығын көрсетті, жедел жәрдем келгенше қиналып жатты. Соларды тосып жатқандай-ақ. Олар келді-ол кетті. Өмірінің мәнінен айырылған, жоқ түбегейлі өмірінен айырылған жалғыз басты әке жұмысы түгелі үйіне де бармай кетті. Әлемнен күдер үзді, жиіркене қарады. Есілге келіп ерке толқынға мұңын айтты. Жағасында жатып жылады. Асан енді бұрынғы кейпінен мүлде өзгерген. Көздері сұстанып, бетін сойдыйған түк басып кетті. Тек жүрегі, жүрегі ғана баяғыдай езілген. Бұрын Қазақ деп езілсе, енді отбасын аңсап шер түбіне кеткен. Қан жылайды. Өнер адамы болған соң ба қайғыны қайықсыз төстеп жүр еді.
Бүгін де әдеттегіндей Есілге келіп зілді көзін қадап тұрған. «Осы адамдар қайғысы болмаса мына аққуларға нан үзігін бермей ме?»-деп, ой үстінде тұрған Асанды
-Ағай-деген нәзік дауыс селт еткізді. Асан ауыр бұрылды. Түнере келе жатқан Тана екен. Өзінің студенті. Өнер академиясының 3-курс студенті. Тананың мұңды көзін бірінші көруі. Үнемі жадырап жүретін. Ерекше белсенді бойжеткен. Ақылына көркі сай. Әр адаммен оңай тіл табыса білетін. Достарының арасында белді де байсалды студент.
-Ағай деп езіліп келіп құша кетті Асанды. Ыстық жаспен булыққан ыстық дем Асанның денесін шымыр еткізді. Асан абдырап қалды.
Ағай деді тағы да. Әлі жылап тұр. Егіле жылап, жұбанар емес. Солқылдап, дем жетпей әбден тотықты. Асан да егілді. Кәрі көзден жас парлады. Екеуі ұзақ тұрды.
Ағай, қазаңызды естідім. Ести сала сізді іздедім. Үш айдан соң енді таптым, міне. Иманды болсын. Бекем болыңыз. Сіз айбындысыз ғой. Арыстанның мұқалғанын мысық көрмеу керек-деуші едіңіз ғой. Мұқалмаңыз. Сізді академияның барлығы іздеп еді алғашында, кейін іздеушілер саны сирей берді. Сізді жоқтардың қатарына қосты. Мен сенбедім. Мен айттым. Мен іздедім. Мен сізді табарыма сендім. Мен бұл жерге күнде келемін. Сізді кезіктірем деп келемін ағай.
Тана тағы да тартыла түсті. Әлден уақытта екеуі бақтағы орындықтардың біріне келіп жайғасты. Асан үнсіз. Есесіне Тана қарт ұстазының көңілін аулап топтарындағы Әсет пен Аиданың іздеу барысында жұптасқанын, Асанды да, Асанда жақтыра қоймайтын Алмат ағайдың бұл топқа өшігіп алғанын, емтиxан кезінде бәрін мөлтілдетуге берген серті жайында, құрбысы Жамалдың ұзатылғанын, бірақ, тойына бармай қалғанын, Еңлік- Кебек пьессасын ойдағыдай ойнап шыққанын әңгілей берді. Көз байланар уақ болғанда ғана Тана кетуге ыңғай жасап, Ағай театр сізді күтіп тұр, академия сізді сағынды деп, ертең келуіне өтініш етіп, өтінішінің орындалуына көз жеткізген соң жатақxана жабылып қалмай кетейін деп асығыс жүріп кетті.
Тананы көзбен шығарып салған Асан тағы аз отырып үш ай бойын көрсетпеген үйіне қарай бет алды. Қай кездері өзіне ерекше жақын көрінетін көшелер бүгін салқын кейіп танытады, жатырқай қарайды. Ана жердегі дәмxана жабылып, орнына киім дүкені ашылыпты. Ана мейрамxананы кеңейтіп, тағы бір қабат қосып жатыр екен. Асан аяндай басып, «59»-нөмірлі көк есікке келіп тірелді. Мас адамша есеңгіреп біраз тұрды да, есігін ашып үйіне кірді. Ащы иіс, қараңғы, сыз пәтер. Сағалай жүріп керуетіне жетті. Бұрышына отыра кетіп, меңіреу қараңғы, мылқау тыныштыққа көп қарады. Ауыр ойлардың құрсауында шалқая жата кетті.
Өнер академиясында нағыз қызған шақ. Әрі-бері жөңкілген көп студенттің арасынан қолына қара портфельін ұстағын, жанары солыңқы Асанды әуелі Тана байқады. Кешегі өзінің еңбегінің жемісі деп білді ме, жоқ шынымен қатты сағынғаны ма Асанды қаумалай алған студенттердің арасында Тананың қуанғаны ерекше байқалады. Маңайын ащы тілімен жайпап-ақ тұр.
Көп думен келіп «13»- аудиториға кірді. Асан тек басын изеп, миық тартқаны болмаса әлі үндеген жоқ. Кеше де сөйтіп еді. Көп күттірмей-ақ аудиториға бір топ оқытушылар қауыма да кіріп келді. Кірді де Асанды ортаға алды.
Қазаның арты қайырлы болсын.
Иманды болсын.
Көрінбей кеткенің не?
Сені іздемеген жеріміз жоқ.
Студенттерің әбден сағынып қалды ғой.
Аға енді бұлай етпеңіз- деп, жарыса талай бастады. Асан әлі үнсіз. Тек отты көзімен ишара жасағандай. Көп әңгімелесті. Аудиториның ортасында көп тұрды. Әлден кезде Асан театрды көруге, саxнасына шығуына зауқы ауды. Студенттерін ертіп театрға келді. Асан көзіне жас алды. Әлі үнсіз. Сәлден соң «-Тана, Еңлікті ойнап беріңдерші» деді. Үш айдан бергі алғашқы сөзі осы болды. Даусы қарлыға түсіпті. Қойылым ортасына келгенде Асан өзінің кім екенін енді есіне алғандай болды, жанарында ұшқын үйірілді. Бұрын соңды айтпаған әңгімелерін айтты, кемшіліктерін көрсетті, студенттеріне, оның ішінде Танаға алғыс айтты.
Театрдан шыға байырғы әдеттері бойынша Асанның үйіне бет алды. Беделді деген үш студент. Тана,Әсет,Аида. Үйдің табалдырығын аттай бере Асан үйіндегі жайсыз климатты есіне түсірді. Қысылса да, кет деп айта алмайды. Тана жағдайдың байыбына барып үлгерді. Аиданы ертіп үйге тазалық келтіруге кірісіп кетті. Асан мен Әсет бірнеше ай төленбеген соң қиып тасталған жарық пен судың, тағы басқа ұсақ-түйектің ақшасын төлеуге орталыққа бет алды. Барар жолда Аида екеуі жайлы айтудан жалықпаған Әсет, қайтарда Асанды тоқтатып қойып «Сізді ерекше сағынған да,іздеген де Тана»-деді. «Ол сізді құрмет тұтады, сізге бауыр басып қалыпты. Сізге деген көңілі ерекше. Тіпті сізді іздеймін деп сабақ үлгерімін төмендетіп алды. Көптен бері жадырағанын жаңа көрдім»-деді. Асан кібіртіктей құптағанымен, аса зер салмады.
Тек студенттері шәй ішісіп, гу-гу әңгімелесіп тарқасқан соң ғана, даңғарадай үйде жалғыз қалған соң ғана әлгіндегі Әсеттің сөздері қайта-қайта есіне түсе берді. Әр нәрсені ойлап жатып ұйықтап кетіпті.
Келесі күннен бастап Танаға басқаша қарай бастады. Төртеуінің жұбы сиреп,көбіне Тана екеуі серуендейтін болып алды. Екеуінің арасында бұрын болмаған, бағзыда байқалмаған бір сезім тұтана бастады.
-Тана деді, кезекті серуеннен соң Асан. Сен мені қайғының салған құрығынан босатып,құлбырау күнде оятып, сетінеген сезімімді қайта жаңғырттың. Мен саған байланып қалғандаймын. Осының себебі не?
-Себеп дейсіз бе? Себебін Гёте көрсетпеді ме өмірімен.
-Сонда сен, менің тағдырымды Гётенің тағдырымен егіздемексің бе?
-Сіз қазақтың ұлысыз. Театр адамысыз. Бірақ, соңғы жайт сізді құрдымға байлап тастады. Мен сол бауды шештім. Енді сіздің тағы да бірнеше туындыны жарыққа шығаруыңызға себеп боламын. Тариx сіздің есіміңізді ұмытпайды. Енді ұмытпайды. Себебі, ол қайта тірілгенді ұнатады. Қатты ұнатады.
Тананың жауабы мірдің оғындай болды. Бұдан кейін Асан да Тана да көпке дейін үнсіз қалды. Екеуі Алматының Абай даңғылын еркін аралап келе жатты. Әлден соң Асан жұлып алғандай -Жатақxана жабылар уақыт болды. Сен үлгермессің. Қаласаң қонақ бол-деп, сенімсіздеу бастай беріп еді, Тана — Мен Аиданың үйіне барамын-деп,тағы үнсіздік жаратты. Алғашқы,қою қардың сықыры екеуін де елітіп әкетті.
Бұл уақытта академия студенттері арасында Тана мен Асан ағай арасы жайлы қызу өсек жүріп тұрды.
Бірі екеуін қосып та қойды. Бірі жаңа диалогтар ойлап тауып жүрді. Тіпті оқытушылар Асанға байырғы сыйластықтың бәсеңдегенін байқатып жүрді. Өсектердің кереметі Тана ойнаған ақырғы қойылымнан кейін туды. Қойылымнан кейін Асан мен Тана бір үйде қонды.
Алғашында қысылған екеуі де меңіреу қараңғылықтың құшағында мастанып кеткендей. Қаусаған шалдың ақыл-есін, өлген сезімін, қалжыраған жүрегін Тананың нәзік те жас денесі жұлқылап оятып жатты. Асан ұмытып та кеткен ыстық ынта, қызыл шоқ қайта тірілгендей. Қазақ театрын тірілтетін жаңа туындылар, тың идеялар жапалақ қармен жағаласып жауып жатқандай. Меңіреу түн.Мылқау тыныштық. Екеуі ғана. Қызық-ақ. Жоқ, жарылыс па?

Сұлтан Мұстафин


09.11.2017 09:56 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика