ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЖҮГІ АУЫР МА?

Түйе жануары ертедегі көшпелі халықтың ең негізгі көлік қатынасы болған. Жүк тасуға таптырмас төзімді әрі мықты түлік – ел берекесі. Шөл мен шөлейт дала түйе бағуға қолайлы келеді. Қазіргі таңда елімізде түйе шаруашылығымен Маңғыстау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарында айналысады. Алайда елімізде түйені өсіру, шұбаты мен етін, жүнін сатуды жолға қою, тіпті, индустрияға айналдыру – күрделі шаруа.

Түйенің жүні мен түбіті жеңіл өнеркәсіп индустриясында табиғилығы мен жылуы үшін жоғары бағаланады, бірақ Қазақстанда емес, шетелде. Әсіресе түйе жүнінен жасалған көрпелер жылуды жақсы ұстайды. Алайда отандық жеңіл өнеркәсіптің деңгейі мал терісі, жүні, түбітін жаппай өңдеуге кедергі болып отыр. Ал түйе еті сиыр, қой, жылқы етіндей сұраныста жоқ. Неге?

Түйе еті дәмі мен құнарлығы жағынан сиыр етінен еш айырмашылығы жоқ.

Алдымен еттің құрамын талдап көрелік. Түйе еті фосфор, калий, темірге бай, құрамында В1, B2, B9, PP, C, E және А дәрумендері бар. Түйе етінде майлы қатпарлар жоқ, сондықтан түйе еті диеталық тағам болып есептеледі. Түйе етінің орташа құнарлығы – 160,2 ккал, онда 18,9 г ақуыз, 9,4 г май, көмірсу бар. Жалпы, түйе еті сиыр етіне ұқсас келеді, әсіресе жас малдың еті жұмсақ әрі дәмді.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2017 жылдың 1 қаңтарында түйе саны 197,5 мың басты құрапты. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 14,2 мың басқа артқан (2016 жылғы 1 қыркүйекте 183,3 мың бас болған). Қазақстанда түйе өсіруден Маңғыстау облысы көш бастап тұр (58,1 мың бас), екінші орында Қызылорда облысы (44,7 мың бас), үшінші орында Атырау облысы (32,1 мың бас).

ШАРУАШЫЛЫҚҚА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

«Жалпы Қазақстанда, Қазақстан территориясында, қазақы қос өркешті түйе (бактриан) және бір өркешті нар дромедар тұқымы өсіріледі. Елімізде түйенің асыл тұқымдылары да бар. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында, асыл тұқымды мал шаруашылығының жаңа ережесіне сәйкес, асыл тұқымды түйенің бір басын сатып алу үшін 100 мың теңге субсидия қарастырылған. Бұл мемлекеттік қолдау – асыл тұқымды түйе өсіретін шаруашылықтарға жақсы көмек», – деді Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Қуандық Чункунов.

ТҮЙЕ ЕТІ НЕГЕ СҰРАНЫСТА ЖОҚ?

Елімізде экспорт әлеуеті нөлге тең десе болады. Үлкен нарықтар – Ресей мен Қытай түйе етінен гөрі сиыр еті мен қой етіне басымдық береді. Экспорттау тек жекелеген асыл тұқымды түйелер бойынша шағын көлемде ғана жүзеге асады. Көп мемлекетте түйе етін жемейді, тек шөлді жерде көлік, экзотика үшін пайдаланады. Моңғолияда түйе етінен бағалы май қайнатады. Түйе жүнінен жоғары сапалы маталар, қылқаламдар әзірленеді, ал бәдәуилер бағалы кілем тоқуды қолға алған. Бұл мемлекеттердің өз шикізаты жеткілікті.

XX ғасырдың 60 жылдары Қазақстан түйе шаруашылығы бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда болды. Дүниежүзі бойынша түйе шаруашылығындағы механикалық түрде сауу ғылыми мақалалары алғаш Қазақстан территориясында жарыққа шыққан болатын. Осымен, өкінішке орай, саланың дамуы тоқтап қалды.

«Түйе шаруашылықтарына демеу беру үшін үлкен өткізу нарықтарын ұсыну керек. Мәселен, түйе етін әскери бөлімшелердің тамақтану рационына консервідегі бұқтырылған ет немесе жаңа сойылған ет күйінде беруді міндеттесе, ішкі нарықтың өзінде біршама сұраныс пайда болар еді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, түйе еті пайдалы. Сондықтан кәсіпкерлердің ет өңдеу комбинаттары жаңа технологиямен халал сертификатына сай шұжық өнімдерін даярласа деген ұсыныстары бар. Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаменті бұл ұсыныстар бойынша тиісті мекемелермен келісуде», – деді Қуандық Чункунов.

«Түйе еті өте пайдалы және дәмді. Дегенмен түйе етін жемейтін мемлекеттер бар. Сондықтан экспорт мәселесі қиындау болар. Шаруалар жаңа өткізу нарықтарын табуы керек. Маңғыстау өлкесінде түйе еті сұранысқа ие, алайда әрі аспаймыз. Және алғаш рет түйе етінен консерві цехы ашылмақ. Шаруаларға өткізу нарықтары қажет», – дейді Маңғыстау облысындағы «Таушық» шаруа қожалығының иесі Самат Атабаев.

ЭКСПОРТТЫҢ ЖАЙЫ ҚАЛАЙ: ЕТ ЕМЕС, ШҰБАТ БЕРІҢІЗ

Түйе еті сұраныста болмаса да, шұбаттың әлеуеті жақсы. Түйе сүтінің пайдалы емдік қасиеті жоғары. Дегенмен түйе сүтінің көлемі, сүтін өңдеу мекемелерінің саны жағынан еліміз Дубай, Біріккен Араб Әмірліктері мен Солтүстік Африканың бірқатар елдерінен кейінгі алғашқы бестікке енеді. Елімізде түйе жайылымына қолайлы климат пен жантақ сынды табиғи ресурстардың болуы дәл осы шаруашылықтың дамуына толық жағдай жасап тұр. Нәтижесінде түйе сүті тағамдарының майлылығы ерекше. Сапасы да, дәмі де жоғары деңгейдегі өнім алуға жағдай жасауда.

«Түйе сүтіне қызығушылық күннен-күнге артуда. Шаруашылықтың бұл саласы дүниежүзі бойынша 48 елде кездесетіні белгілі. Даму жағдайы елдерде әр түрлі болғанымен, еліміздің бұл салада алдыңғы қатарды иеленетіні қуантады. Қазіргі таңда Қазақстанда 6 өңдеу цехы бар. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Әлемдік масштаппен қарастыратын болсақ, болашағы зор салалардың бірі деп әбден айта аламын», – деп сөзін бастады «Атамекен» ҚР ҰКП «Агробіліктілік орталығының» түйе шаруашылық саласының сарапшысы Гауһар Қонысбаева.

«Өнімді ашыту нәтижесінде құрамында пробиотик көп ашымалы сүт өнімін аламыз. «Актимель», «Активианы» күнделікті тағамға қосамыз, «Хилак форте», «Линекс» дәрі-дәрмектерін ішеміз. Ішекке ауадай қажет пробиотиктерді қабылдап жатырмыз деп ойлайды бұқара. Ата-бабаларымыз бізге мұраға қалдырған дәстүрлі қымыз бен шұбатымыздың пайдалы микроағзаларды алудың керемет тәсілі екені әлі күнге дейін қажетті деңгейде түсіндірілмейтіндігі қынжылтады», – деді биотехнология кафедрасының доценті Гауһар Қонысбаева.

Түйе шаруашылығына барынша қолдау қажеттігін баса айтып, бұқараға дұрыс ақпараттың жетуін бақылауды кеңес еткен сарапшы салыстыруды негізге ала отырып дамуды ұсынды. Италиялық «капучино» сусыны, қазақ даласын айтпағанда, күллі әлемге танымал болып кеткен. Ендеше бізге неге «куличино» деп атап, түйе не жылқы сүтін таратпасқа? Көбігі капучинодан кем болмасын айқындап кетті маман.

Қазақстанға келген германиялық тәуелсіз сарапшы Марио Юнан мырза Алматы мен Қызылорда шұбаттарының сапасы былай тұрсын, тіпті, дәмі де мүлде басқа екенін байқаған екен. «Тұрақты тұтынушы болсам, Қызылорданың қымызынан басқа қымыз ішпес едім», – дейді шетелдік серіктесіміз.

«Шетелдік азаматтардың басым көпшілігі өнімнің өзінен емес, оны дайындау барысындағы гигиеналық мәселелерден қорқады. Потенциалды тұрғыда экспортқа сұраныс бар. Өзімнің тарапымнан шетел нарығына шықпас бұрын, біріншіден, ішкі нарыққа жұмыс жасауларыңызды кеңес етер едім. Сіздерде ішкі сұраныспен-ақ тиісті нормативтер орнату арқылы өнімнің сапасын жоғарылатып, жақсы табысқа жетуге болады», – деп кәсіби көзқарасын айтты маман.

Айтарлықтай сұраныстың болмауына қарамастан Қазақстан даласында түйе төлі өсіп келеді, шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Шетелдік сарапшылар да қазақстандық түйе етінің органикалық тазалығын айтып отыр. Дегенмен бәсекелестікке қабілеттілікті арттырып, ішкі нарықтағы маркетинг жолдары қаралуы тиіс. Шөлейт және шөл даланың кемесі атанған түйе түлік төресі мәртебесін жоғалтпайды деген сенім бар.

Әлия КЕМЕЛБЕКОВА


10.11.2017 10:12 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика