Ұлттық мүдде, жеке мүдде: үйлестік пен үндестік

Қазіргі қалтаның қамын күйттеген заманда, әркім қара басын алып жүру мақсатында мемлекеттің, ұлттың, тіпті, халықтың емес жеке мүдденің жағдайы үшін өмір сүріп жатқандығы шындық. Әрбір тіршілік иесі саналы түрде өз мүддесін қанағаттандыру жолында кез келген кедергіні басып өтуге ұмтылады. Кей кездері адам саналы түрде өзінің жеке мүддесінен бас тартып, өзін өзгелерге бағыштауы да мүмкін. Мысалы, кей жандар өмірінің бәрін Құдай жолына бағыштау арқылы, өздерінің мүдделерінен, құқықтарынан бас тартып та жатады.Осы жерде құқық адамның еркінің жүзеге асы­рылуының көрсеткіші болса, мүдде еріктің мақсаттылығын айқындайтынын ескерген жөн.

Мүдде туралы сөз қозғамас бұрын «ең алдымен мүдде дегеніміз» не деген сұраққа жауап беріп өткеніміз абзал. Мүдде – деп – дара адам, отбасы, ұлттық немесе қоғам үшін қажетті ма­ңыз­ды­лықты, адамдардың еркі мен әрекет ба­ғыт­тарының объективтік және әлеу­меттік жағдайларға сай айқындалуын айтамыз. Дегенмен, бүгінде біз мүдде туралы сөз қозғағанда, оның субъектінің саналы түрдегі қажеттілігі мен меншігіне, тұлғалық қалауы мен саналық тұрғыда өзін таңдаған басымдығына бағыштауына қа­тысты ұғымдарды жиі қарастырамыз. Со­ның салдарынан адам өмірінің мәні де оның мүддесіне, яғни, оның нені қажет етуі мен жақын деп санауына байланысты болады. Ақи­қатында мүдде адамның санасының деңгейіне тікелей тәуелді. Сондықтан, болар бір-бірінің мүдделік көзқарастарын түсі­не алмаған адамдар арасында мүдделер қақ­тығысы туындайды.

Ендеше, жеке мүддеге тоқталсақ. Мүдде әлеуметтік, табиғи, мәдени қажеттіліктер негізінде пайда болатынын ескерсек – әрбір жеке адам табиғи-материалдық деңгейде өзінің жеке басын қорғауға, өзін қамтамасыз етуге және ұрпақ қалдыру арқылы тіршілікті ұзартуға мүдделі. Осыған орай, адамдар арасында өзара мүдделі катынастар, бәсекелестіктер, кайшылықтар туындайды. Әрбір жеке адамның мүддесі, алдымен оның қандай құндылықтарды бағалайтынына байланысты қалып­тасады. Ол өз кезегінде қоғамдағы, тарихи кезеңдегі басымдылық танытатын сұраныстармен, қажеттіліктермен, құндылықтар жүйесімен байланысып жатады. Сондықтан, жеке, топтық және қоғамдық мүдде бір-бірімен әлеу­мет­­тік деңгейде тығыз байланыста болғандықтан, осы қатынастар үнемі жеке тұлғалардың дара мүдделеріне түзетулер енгізіп отырады. Адамның жеке мүддесінің айқындалуына оның алған тәрбиесі, көрген-білгені, білімі, өзі өмір сүретін ортадағы әлеуметтік-саяси жағдайлар тікелей немесе жанама ықпал етеді. Сонда ортақ мүдде дегеніміз не? Ортақ мүдде жеке мүддені жоққа шығармайды. Бірақ, олардың даралық сипатта болып өзгелерден ерекшеленуін де болдырмайды. Ортақ мүдде адамның өмір сүретін ортасына, атқаратын қыз­метіне, саяси, ұлттық, нәсілдік, діни, әлеуметтік және т.б. ұстанымдарына бай­ланысты қалыптасады. Адамзаттың қауымдаса тіршілік ете бастаған сәтінен бас­тап жеке мүдде қаншалықты шексіз болғанымен ортақ мүддеге бағынып, шектеліп отырды. Ортақ мүдде, құқық, мемлекет сияқты институттар пайда болды. Соның салдарынан, жеке мүдденің өзі ортақ мүддеге сай немесе сай емес болып жіктеліп, тіпті, кейбір жеке адамның қалауы мүлде жүзеге асырылмайтын жағдайға жетті. Егер, жүзеге асырылған жағдайда жауапқа тарту қарастырылатын болды. Ал, бүгінгі ұлттық мүдде мен жеке мүдденің үндестігі мен аражігі қандай? Бағамдап көрелік…

Шындығында тәуелсіз мемлекет, еге­менді ел ретінде атанғалы бері өзі­міздің ұлттық мүддемізді белгілеп, ұлт­тық мақсатымызды анықтап қана қой­май, мемлекетіміздің стратегиялық жос­­­па­рын құрып, алға қарай қадам бастық. Ен­дігі кезде, ұлттық мүддеге – тәуел­­сіздігіміздің нығаюын, жеріміздің тұ­тастығын, тіліміздің дамуын, дініміз­дің сақталуын, салт-дәстүріміздің өркен­деуін жатқыздық. Сол жолда аянбай еңбек етіп, тер төгуге бел будық. Аты аталған әрбір белгі тек еліміз үшін ғана емес, әрбір ұлт үшін басты құндылық және мемлекетіміздің қалыптасып, ұл­ты­мыз­дың сақталуының маңызды кепілі екендігі шындық.

Ұлттық мүдде – кең мағынасында – қо­ғамдық өмірдің барлық саласындағы әлеу­меттік-саяси қажеттіліктерді көрсететін ел­дің ұлттық-мемлекеттік мүдделері; тар ма­ғы­­насында – ұлттың немесе басқа этностың саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани өміріндегі қажеттіліктерінің көрінісі. Ұлттық мүдде белгілі бір ұлт өкілдерінің бәрі үшін ортақ қоғамдық мүдделері екендігін ескерсек, ұлттық мүдде мен ұлттық қажеттілік мемлекеттік мүдде мен мемлекеттік қажеттілікпен қатар тұрады. Мүдде адамды алға жетелейді. Ұлттық мүд­дені сезіну ұлты үшін жаны күйетін отаншылды жанталастырады. Оны отқа да, суға да түсіріп, жеңіске жет­ізбек. Ұлттық мүддені түсіну – өзіндік сана категориясымен тікелей байланысты. Мүдде деңгейінде көрініс берген жеке адамның қалауы мен тілектері бір­тұтас құбылыс болып келетін мате­риалдық және рухани заңдылықтар ау­қымында болады. Бұл адамзат дүниесі тарихының және болашағының рухани біртұтастығын білдіреді. Сондықтан, әрбір қоғамның тұтастығы мен ішкі бірлігінің сақталуы, адамдар мен әлеуметтік топтар арасында түсіністіктің ұлғая түсуі мен әлеу­меттік саланың жете дамуы үшін мүдде деңгейіндегі үйлестік пен үндестік терең болуы шарт, онсыз әртүрлі тартыстар көбейеді. Сонымен қатар, ұлттық мүдде – аса ма­ңызды қоғамдық мүдделердің бірі. Ол мемлекет дамуының ішкі және сыртқы қатынастарының бағыт-бағдарымен, сая­­­сатымен тікелей астасып жатады. Бұл деңгейдегі әрқилы мүдде тарихта уа­қы­тында және тиімді түрде шешімін тауып отырса, онда қоғамдық дамудың өрке­ниеттілігі, пәрменділігі, үйлесімділігі арта түседі, сондай-ақ мемлекеттің ішкі қай­шы­лықтарының әлеуметтік тұтастықты бұз­бауына негіз болады.

Ұлттық мүддеге тар, әрі біржақты мағынада қарауға болмайды. Қазақ­стан­ның ұлттық мүддесі тек мемлекеттің немесе бір ғана этностың мүддесі емес. Қа­зақстанның ұлттық мүддесі дегеніміз, ол – жеке адам, қоғам және мемлекет мүддесі, олардың қоғам өмірінің бар­лық саласындағы теңестірілген мүдде­лері­нің жиынтығы. Жеке адам мүд­десі оның конституциялық құқықтары мен бостандығын жүзеге асырудан басталады. Оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, өмір сүру деңгейі мен тұрмысын жақ­­сартудан, денсаулығы мен рухани ке­мел­денуіне, интеллектуалдық дамуына қа­­жетті жағдайды жасаудан тұрады. Ал, қо­ғамның мүддесі демократияны нығай­туға, құқықтық, әлеуметшіл мемлекет құру мен қоғамдық келісімге негізделуі тиіс. Мем­лекеттің мүддесі оның конституциялық құрылымы, егемендігі мен территориялық тұтастығының бұзылмауына қатысты болады. Еліміздің саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы заң мен құқық­тық тәртіп негізінде қатаң сақталуы тиіс. Ұлттық мүддені жүзеге асыру үшін жеке адам, қоғам және мемлекеттің өзара сенімі болуы шарт. Өзара сенім болмай, өркендеу мен даму болмайды. Және де қоғамдық саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете алмаймыз. Дегенмен, мүдде халық жадында көптеген жылдар бойы сақталуы мүмкін, жекелеген адамдар сол мүдде жолында күрес жүргізсе (М. Шоқай. Үл­кен Түркістан идеясы), қарапайым қо­ғам мүшелері өз санасында ұлттық мүд­­делік ұстанымдарды сақтап, оны өз ұр­пақ­тарына жеткізіп отыруы мүмкін, бауыр­ларға арналған өлеңі ).

Не десек те, жеке мүддені ұлттық мүд­деге бағындыра білген кезде ғана мемлекетте мүдде қақтығысы болмайды. Яғни, мүдделер қақтығысы жоқ жерде қоғамда үздіксіз даму үрдісі орын алары сөзсіз.

Ақбота Ерболқызы,
«Ақиқат» журналы


27.10.2017 12:46 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика