Ұлы дала ханымдары

Әлемдегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жарым, менің анам, менің қызым.
Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын, сұлу ғана емес, сымбатты,
мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана,ағайынға қамқор,
ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.
Мұхтар Мағауин

Қазақ хандығына 550 жыл дегенімізбен, тарихымыз сонау сақ, ғұн, үйсін заманынан бастау алатынына орыстардан басқа ешкім шүбә келтіре қоймас. Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның да қазаққа жақын екіндігі анықталады бір күні, себебі  1465-жылдан басталған хандықтың тағына тектен-текке төре тұқымынан шыққандар ғана отырмаған болар.

Шыңғыс ұрпақтары хан сайланса да қазақ деп білемін, дегенмен ханның асыл жары ғана емес сенімді серігі, кеңесер қабырғасы бола білген қазақ ханымдары жайында тарих не дейді екен? Тым жұтаң, тарих бүккен құпиялар жетерлік. Мүмкін ол заманда әйелдерді тым төмен санап, ел қорғандары – ерлердің аты ғана тарихта қалуы тиіс деп топшылады ма, бәлкім. Әйтсе де, әйел рөлін атқарып қоймай, сонымен бірге еріне адал, еліне сыйлы, асыл жар, ақылды дос, данагөй ханым атанған хан жұбайларын тарих оқтын-оқтын еске салып тұрады. Ұлы дала амазонкалары саналған Томирис, Тұмар, Зарина патшайымдар, қасиетімен дала аңызына айналған Ұмай, Домалақ аналар, ел басқарған ерлердің әрі жұбайы, әрі анасы атанған Жаған бегім, Бопай ханым, Айғаным ханша, Фатима Тоташ, Күнімжан ханым секілді ауыр жүкті арқалаған әйелдер бейнесі күннен-күнге жадымыздан шығып, ұмыт болып барады. Бүгін мен еміс-еміс есте жатталған қазақ ханымдары жайлы айтпақпын.

Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардың аналарының есімдері тарихта сақталмаған. Дегенмен Жалайыридің “Жылнамалар жинағында” Жәнібек ханның жарының есімі аталған. Ол – Шайбани әулетінің атақты ханы Мұхаммед Шайбанидің інісі Махмұд сұлтанның нағашы әпкесі Жаған бегім еді. Бір әттеген-ай дейтініміз Жәнібек ханның бел баласы Қасым ханды өмірге әкелген Жаған бегім жайында тарихи мәліметтер сирек кездеседі.
Жаған бегімнің шығу тегінде тарих бүккен сырлар баршылық. Бұл туралы тарихшы ғалым Нұрлан Атығаев: «Қасым мен Қамбар сұлтанның анасы Жаған бегімнің шығу тегі әлі белгісіз болып отыр. XVI ғасырдың басында жазылған Молла Шадидың «Фатх-наме», Камал ад-Дин Бинаидың «Шайбанинаме» және авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» (бұл шығарманы жазуға өзбек билеушісі Мұхаммед Шай бани тікелей қатысқан) шығармаларында Қасымның шешесі Жаған бегім мен Шайбан ұрпағы Махмұд сұлтанның анасы Ақкөзі бегім апалы-сіңлілі болды деп көрсетіледі. Камал ад-Дин Бинаи Ақкөзі бегім «Алтан хан ұрпағы» деп жазады. В.П.Юдин пікірінше, Алтан хан (Алтын хан) атауымен әртүрлі әулеттердің, соның ішінде Қытай билеушілері аталып жүрді. Ортағасырлық тарихшы Ходжамқұли Балхи өзінің «Тарих-и Қыпшақ-хани» атты шығармасында Ақкөзі бегім «Қытай билеушісінің қызы» деп анық көрсетеді. Алайда Жаған бегім осы кезеңде Қытайда билік құрған Мин әулетімен туыстық байланыста болды деп сеніммен айтуға қосымша деректер қажет. Бізге белгілі деректерде, ең алдымен Қытай жыл­намаларында ондай мәліметтер жоқ. Сонымен қатар, осы кезеңде қазақтар Қытаймен қарым-қатынаста болмады деп үзілді-кесілді айтуға да болмайды. Қазақтармен тығыз байланыста болған моғұл билеушілерінің Мин әулетімен қарым-қатынас ұстағаны туралы де­ректерде мәліметтер бар. Мысалы, қытайлармен Жүніс ханның (қытай деректерінде – Аэр [Али] сұлтан), Сұлтан Ахмад ханның (Ахаматэ, Ахэйма), Сұлтан Махмұд ханның (Муханьмо) және Мансұр ханның (Мансуэр) байланыс­та болғаны белгілі. Сонымен қатар, зерттеушілер Мин әулеті осы кезеңде алыстағы Мысыр елімен және Араб халифатымен дипломатиялық қатынаста болғаны туралы жазатынын ұмытпау керек”, – деп пікір білдірген еді. (“Аңыз адам” журналының №21 саны) Ғалымның пікірінен соң Жәнібек ханға жар болған, Қасым хандай ұлды тәрбиелеген Жаған бегім тұлғасын әлі де  зерттеу керектігін түсінеміз. Қазақ хандарына, қазақ батырларына жарық сыйлаған, аналық парызын артығымен орындаған, өз баласын ел данасы дәрежесіне жеткізуге өзіндік үлес қосқан Жаған бегім сынды асыл аналар тарихтан өз орындарын алуы тиіс.

Өзгеге ұқсамайтын Фатима ханым

Маған кейде тарих пен әдебиет біте қайнасып жатқандай көрінеді. Бірде тарих жаза алмаған тұстарды әдебиет ашып көрсетеді, бірде әдебиет пен тарихтың арасында келіспеушіліктер туындап жатады. Мысалы, әдебиеттен Жәңгір ханға кектеніп шығарған Махамбет өлеңдерін оқыған шығарсыз.  Ал тарих  Жәңгір ханды жәрмеңкелер ұйымдастырған, тұңғыш қазақша-орысша білім беретін  мектеп, музей, емхана, аурухана аштырған, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысқан реформатор ретінде жазады. Бірақ мына қызықты қараңыз, Махамбет Жәңгір ханның кіші әйелі Фатимаға ғашық болған деген сөздер айтылып жүр. Мұндайда неліктен Махамбет 40 жастан асқан соң барып шаңырақ көтерген және Жәңгір ханды жек көруінің себебі Фатима ханшаға қолы жете алмағандықтан ба дегендей сұрақтар туады.
Тарихи деректерде татар қызы Фатиманың көз тартар сұлулығы, элита өкілдеріне лайық маңғаздығы, мәдениеттілігі мен ақылдылығын айқындайтын деректер бар. Өзі европаша білім алған, қазақ және татар тілдерінен бөлек, орыс, француз, неміс тілдерін жетік меңгерген Фатима фортепианода ойнаған, бимен әуестенген. Жәңгір ханның таңдауы Фатимаға неліктен түскендігі осы тұста байқалады. Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің қалауы орындалып, 1824 жылдың күзінде Орынбор муфтиі Мұхамеджан Хусейновтың қызы Фатимаға үйленеді.“Ол киіз үйде қалай өмір сүрмек, тіпті киіз үйі алтын болса да жапан түзге баруы міндетті ме?” деген жақындарының ашынған сөзіне Фатима мән бермейді. Кең сарайынан кең далада тігілген қазақы үйге келін боп түседі. Жәңгір ханның Жасқұс деген жерге сарай салдырғаны жайлы мәлімет бар емес пе, Фатиманың ықпалы осы жерде көрініс табады. Себебі татар қызы хан әйелінің рөлін ғана атқарып қоймай, сенімді серігі және ақылды кеңесшісі бола біледі. 1826 жылы хан Жәңгір жұбайы Фатима ханшамен Орыс патшасы Николай I  таққа отыру рәсіміне шақырылады. Мәскеу қаласында өткен салтанатта Фатиманы Николай патша биге шақырып, оның білімділігі мен мәдениеттілігіне, орысша таза сөйлеп, билегеніне тәнті болады. Осыған сәйкес, Т. Боранғалиұлының «Жәңгір хан» тарихи романынан келесідей үзіндіні алуды жөн көрдім.
–  Ханша сүйіктіміз, сізге жапан түзден гөрі Петербург пен Мәскеуде тұру жарасатындай…
– Патшамыз, мұнда бәрі жақсы, бәрі тамаша. Бірақ, Сахарада тұру үшін жаратылғандарға одан артық жұмақ мекен жоқ, –  деп байсалдылықпен сөз тауып, патша тағы мәрте таңдай қағады.
Фатима ханымды патша сарайындағылар қатты құрметтеген. Бөкей Ордасының сыйлы ханымына 1829 жылы  патшайым Александра Федоровна бразилия топаздарымен безендірілген алтын диадема, тарақ және сырға сыйлайды. Мына тарихи дерекке назар аударыңыз, Қазан төңкерісіне дейін Фатима ханымның портреті Кремльдің Георгиевский залында ілулі тұрған. Онда  «Фатима (1809/11 ж.ш., Орынбор – 2.10.1845, Бөкей Ордасы) – Бөкей Ордасының ханы Жәңгірдің әйелі» деген жазулар жазылған. Патша сарайының Фатима ханымды құрметтеуі, сыйлауынан орыс шенеуніктерінің хан Жәңгiрге деген ықыласының еселенуіне септігін тигізгенін аңғарамыз. Жәңгір ханның халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында іске асырған жұмыстарына асыл жары Фатиманың бағыт-бағдар беріп отқанын түсіну қиын емес.

Кенесары хан әйелі – Күнімжан

Қазақ тарихында Кенесары ханның сүйікті жары туралы көп айтыла бермейді. Күнімжан ақылына көркі сай, ханға нағыз жар болуға лайық қыз болған. Шыққан тегіне назар аударсақ өте беделді адамдар болған. Әкесі – Тұрсын атақты байлардың бірі саналған деседі.  Бұдан Кенесары ханның текті жердің қызын алғанын көреміз. Күнiмжан жұбайы Кенесарыны “күйеуім”, “ерім” деп емес, тек “төрем” деп атаған екен.
Атақты жазушымыз Iлияс Есенберлин “Қаһар” романында (87-бет) Күнiмжан ханымды былай деп суреттейдi:
“…Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екi бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тiп-тiк, жұдырықтай қос анары, алтын жамбылы алқасын тырсылдата керiп, аш белi үзiлiп кетердей талып, мықынынан төмен бура санды бөксесiн мейлiнше айқындап тұр. Үстiнде – шытырман дүрия жiбек көйлек, көгiлдiр торқа, оқалы қамзол, оның сыртынан шетiн құндызбен әдiптеген дүрия қызыл шапан киiптi, басында – ақ меруерт өрген алтын теңгелерi қабаққа түсе сылдыр қаққан қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәлiнi төгiлдiре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына жарыса түскен тоқпақтай бұрымының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның кiлең бiр сомдық тиын ақшасынан қиыстырыл­ған”
Көркем әдебиетте Кенесары мен Күнімжанның махаббатына үшінші жақ – Қоңырқұлжа кеп кедергі болатын  тұстары бар. Қоңырқұлжа Күнімжанның қалың малы есебіне үйір-үйір жылқы беріп , өзін тоқалдыққа алмақшы болады. Бір жолы Күнімжанды көріп қалған Кенесары жас сұлуға ә дегеннен  ғашық болады. Он жетiге жаңа толған жас ару да Кенесарыны ұнатады екен. Көп ұзамай “Күнiмжанды маған берсiн” деп қыздың ата-анасына құдалыққа кiсi жiбередi. Егер Кенесары тездетіп осылай жасамағанда, күндей сұлу Күнімжан қалың малын төлеген Қо­ңырқұлжаға тоқал болып кетер берер ме еді… Осылайша Күнімжан Көкшетау баурайындағы Қасым төренің ауылына ұзатылады. Көп ұзамай ханым асыл жардан ақылгөй данаға, ел ертеңін ойлайтын ел анасына айналады.
Кенесары ханның Ресей өкіметімене қарсы айқасып жүрген кезі еді. Ауылда ханның жоғын пайдаланып Обручев бастаған жазалаушы отряд жүзден астам төлеңгіттерді өлтіріп, дүние мүлікті тонап, 30 шақты күтуші қыз-келіншектермен қоса ханның бәйбішесі Күнімжанды тұтқынға алады. Жазалаушы отрядтың басты мақсаты – Күнімжан ханымды тұтқындап, көтерiлiс басындағы Кенесарыны келiсiмге келуге мәжбүр ету едi. Оған көнетін хан Кене жоқ. Түк шықпаған соң Күнімжан ханымды қызметшілерімен бірге еліне қайтарып жібереді. Күнімжан қамақта болса да өзін нағыз ханның жары, қазақ әйелі ретінде байсалды ұстап, тіпті оырстар берген сый-сияпаттарына назар аудармай, күтушілеріне таратып отырған. Бұдан Күнімжанның Кенесары ханға лайық жан болғанын сезіне түсеміз.
Белгiлi тарихшы Жанұзақ Қасым­баев “Кенесары хан” атты кiтабында Күнімжан ханым жайлы: “Кенесарының бәй­бiшесi Күнiмжан азаттық күрес­тiң барлық дерлiк өрiстi уақиға­ларының куәсi болды. Патша үкiметiнiң отаршылдық азабын бiрдей тартып, ханның басына түскен ауыртпалықтың бәрiн, өмiрiнiң ыстық-суығын бiрге көтердi. Жапар, Тайшық, Ахмет тәрiздi хан мирасқорларының анасы Күнiмжан балаларын халық үшiн күрестiң мүддесiне шыңдады”, – деп жазады.

Бопай ханым болмаса, Әбілқайыр ханның рөлі басқаша болуы мүмкін еді…

Қазақстан тарихында екі Әбілқайыр хан бар, оның бірі 1693-1748 жылдары өмір сүрген Кіші жүз ханы. Және Қазақстан тарихында екі Бопай ханша бар, бірі жоғарыда айтқан Кіші жүз ханының заңды әйелі болса, екіншісі Абылай ханның немересі, Кенесары ханның қарындасы – Бопай ханша. Ал әңгіменің арқауы, Әбілқайыр ханның үлкен әйелі Бопай ханым жайлы көсіле әңгімелейтін боламыз.
Бопай ханымның шыққан тегі жөнінде Ә. Атшыбаевтың «Кіші жүз шежіресінде» (Алматы, 1966жыл) Адай Табынай батырдың қызы делінсе, қайсыбір авторлар Еділ қалмақтарына қарсы жорықтарда қолбасшылығымен танылған Сүйіндік батырдың қызы дейді. Бопай ханым ел басқару ісінде Әбілқайырдың сенімді әрі ақылды серігі болып, ханмен бірге дипломатиялық қатынастарды реттеп отырған. Қазақ халқының басына ел болу не мүлдем жоғалу қаупі төнгенде Әбілқайыр ханың саясатына қолдау білдіріп, кемшін тұстары болса жасырмай кеңес беріп, жақсысын асырып, тіпті, әйел заты қатыспайтын құрылтайға барып, қазақ хандығының ішкі және сыртқы мәселелерін шешуге атсалысады.
Өз атынан орыс патшайымдары Анна Иоановна, Елизавета Петровна, бригадалық генерал А.И.Тевкелев, Орынбор губернаторы И.И.Неплюев, канцлер А.П.Бестужев-Рюминтермен хат алмасып тұрады. Және ол хаттардан ел мүддесіне қатысты ұстанған бағыттарын, алдағы жоспарларын  айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай… өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,− деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. − Алматы, 1996. 217-бет).
Шын есімі Бәтима болған Бопай ханымды  орыс жазбаларында неліктен Попай, (кейбір жазбаларда Пупай) деп аталғандығы туралы  нақтылы деректер жоқ.  Тарихшылар зерттеулерінде анық дәлелденгені – Әбілхайырдың Бопайдан өрбіген ұл перзенттері бесеу—Нұралы (1710/11-1790), Ералы, Айшуақ, Қожахмет, Әділ. Әбілхайыр хан дүниеден өткеннен кейін Елизавета патшайымның жарлығымен Нұралы Кіші орданың хан тағына отырады.
Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж. Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. 1736 жылы ағылшын саяхатшысы Джонь Кэстль қазақ даласын аралап жүріп, Әбілхайыр хан ордасына соға кетеді. Суретші Дж.Кестель салған суретте Бопай ханым балалаларымен кетіп бара жатады.
Бопай ханымның Әбілқайыр хан және қолбасшы қасындағы адамдарға жасаған ықпалының арқасында, таришхылар оны орта ғасырлар дәуірі мен жаңа заманның аса көрнекті қазақ әйелдерінің біріне жатқызады. Ендігі біздің міндет – анымның қазақ елінде емес, өзге елде елеусіз жатқан сүйегін туған елге қайтару немесе ең болмағанда оның мазарын тұрғызуды қолға алу керек.
P.S  Қазақ ханымдары сол дәуірдің кеңесшілері болды, сол заманның ырқына көніп, ел басшыларының тұрмыс жағдайына да, мемлекеттік істерінің орындалу барысына да кірісіп отырды. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен ел тыныштығын тербеткен қазақ әйелдерінің рухы жоғары болсын! Тарихымызды ұмытпайық!


05.11.2017 14:36 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика