Жұмекен Нәжімеденов поэзиясындағы балладалар

Көркем әдебиеттегі әр жанрдың өз табиғатына сай алатын белгілі орны, атқарар нысаналы қызметі бар. Оның ішінде баллада жанрының алар орны ерекше. Әрине, қаламгерлер халық ауыз әдебиетінің мол мұрасын, бай дәстүрін де кәдеге жаратып жатты. Бірыңғай балладамен айналысушылар аз болғанымен, көптеп жарияланған ақындар жинағында баллада-өлеңдер кездесіп жатты. Поэзияны жоғары бағалайтын оқушысы да бар. Сол жылдары оларды жыр кәусәрімен сусындандырған ақындар Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Қ.Жармағамбетов, Ә.Сәрсенбаев, С.Бегалин, Қ.Бекхожин, Ж.Молдағалиев, Д.Әбілев, М.Әлімбаев, К.Көпішев, С.Сейітов, А.Шамкенов, Т.Бердияров, Ғ.Қайырбеков, С.Жиенбаев, Ж.Нәжімеденов, М.Мақатаев, З.Шүкіров т.б. болды.


Алғашқы дүрмегі қалың болып, бара-бара іріктеліп, ой өрнегіне икемді озықтары шоғырлана көрінді. Поэзиямызда шоқ жұлдыздай оза танылған жас толқын ақындары шықты. Мысалы, О.Сүлейменов, Ж.Нәжімеденов, Қ.Мырзалиев, С.Жиенбаев, Т.Молдағалиев, Т.Айбергенов, М.Мақатаев, М.Шаханов т.б.
Жақұт сөзбен жауһар жыр өрген ақындарымыздың бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Ол қазақ лирикасында баллада жанрында көптеген шығармалар жазып, оны тақырып жағынан молайтты. Ақын 1960-1980 жылдардағы балладаларының мазмұнын терең философиялық толғаныстармен бейнеледі, тәжірибесін молықтыра, түрлендіре түсті. Осыған орай, ғалым Ә.Тәжібаев былай дейді: «Жұмекен, сөз жоқ, ешкімге ұқсамайтын, өзінің ақындық жаратылысы, өзіндік бейнесі бар, көп ойлап, көп оқитын, көп ізденетін жас. Жұмекен жұртшылығымызды қатты үміттендіретін ақын».
Ақынның «Тез, тез» атты өлеңінде балладаға тән қасиеттер кездеседі. Баладада:
– Көрші халсіз жатыр, – деді кәрі әкем –
Тез, тез барып Қошалақтан дәрі әкел! , –
деп басталатын шығарма кейіпкері жиырма көрінім жердегі Абдош атты шалдың үйіне дәрі-дәрмекке жүгіреді. Алу-далу боп әрең жеткен балаға шал дәріні ұсынып, «Тез, тез!» – деп шығарып салады. Бала шалбарының балағын қайта түріп, шөп-тікенді сезбей, балтыры сыздап, алқынып желге қарсы жүгіре береді. Жүрегі бірдеңені сезгендей болып, алып-ұшып тұрды. Өне бойындағы қара тері ақ сорға айналған кезде ауылға жетеді. Үйден жоқтау үні естілді. «Кешіктің ғой, ұлым», – деген әкесінің салқын шыққан даусын естіді. Бұл суық хабарды естіген бала:
Су сепкендей болды көңлім ерсінген.
Содан бері …
Бір адамның обалын
Мойнымда деп сезінемін мен әлі.
Бала кейіпкер екі дүние ортасында ауыр халде жатқан көршісінің өлімін өз мойнына алады. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген ұғымды ескергісі келмейтін бала: «Әлдебіреу халсіз, білемін, Қауіптенем жарылардай жүрегім», – деп кез келген пендеге қол ұшын бергелі тұр. Ақын жас кейіпкердің бойына жанашырлық, елгезектік, мейірбандық, жауапкершілік сияқты асыл қасиеттерді сіңіре білген. Аталған шығармадан ұлттың иісі аңқып тұр: «жалаңаяқ шауып жүрген қара бала», «Абдош есімді шал», «Қошалақ атты құмды ауыл», «жоқтау үні». Ақын өмір шындығын жырлаған балладасында борыш, парыз, жалпы адамгершілік проблемасын сөз етеді.
Ж.Нәжімеденовтің жанр табиғатын тереңдей танығанын келесі туындыларынан аңғарамыз: «Домбыра», «Дастархан», «Қара кісі», «Гүл туралы баллада», «Қызғалдақ жайлы баллада» т.б.
Ақынның «Домбыра» деп аталатын балладасында соғыстан оралмаған жауынгердің мұң-қайғыға батып жүрген анасын көреміз.
– Отыз жыл бұдан бұрын жалғыз ұлым,
Қос ішекке байлап кеткен бар қызығын.
Сол ілген орыны осы,
бұл бейбақтың
Күйі де дәл сол күні қалды үзіліп, –
деп зар жылаған қарт ананың ащы даусын естиміз. «Ұл өлді: қара тақтым домбыраға, келін өлді: тағы да қара тақтым», – деп отыз жыл бойы қара жамылып, ұлының аманат домбырасына тебірене қарап, содан бері жаралы жанның отын сөндірмепті. Жалғыз ұлынан қалған домбыраны көзінің қарашығындай сақтап, соғыс атты жалмауызға қарсылық көрсеткен ана бейнесінен зарлап қалған мыңдаған жетім-жесірді көргендей боласың. Көз алдыңа соғыс уақытындағы, одан кейінгі қысталаң кезеңдегі жетім-жесір трагедиясы келеді. Мұндай әсерге бөлеп, жадыңдағы көп нәрселерді қайта жаңғырта алу – тек көркем шынайы жақсы туындылардың ғана үлесіне тисе керек.
Балладаға тән сипаттар – драмаланған сюжеттің болуы; бір адам өмірінен алынған бір ғана эпизодтың болуы; кейіпкер санының аз болуы және шығарма көлемінің шағын болуы.
Балладашы-ақынның аңызға негізделіп жазған шығармалары да бар. Мысалы: «Дастарқан» балладасында екі тентек, екі батыр атанып жүрген жігіттердің арасында болған келіспеушілік жайында баяндалады. Әлденеге келіспей қалған екі дос енді қайтып көріспеуге ант етіп, ал кездесе қалған жағдайда бірін-бірі өлтіретінін айтады. Күндер өте дастарқан басына жиналған адамдардың мазасын алып, қанжарын жалақтатып бір адам кіріп келеді. «Көтерілген қылыш бірақ соқпады, ай секілді тұрып қалды төбеде». Келген жігіт былай деп тіл қатты:
Ажалың жоқ ит екенсің сен де бір,
Келіп едім бір-ақ шауып көмгелі.
Дастарқаннан аттай алмай қор болдым,
Дастарқанмен жеңдің ғой сен, жең мені?
Өз сөзін ол: «Сақ бол бірақ жиналғанда дастарқан», – деген ескертумен аяқтады. Сол оқиғадан соң оны ешкім көрмепті. Ал үй иесі болса, содан бері дастарқанын жинамайтын болыпты. Мүмкін, біздің бойымызға қонақжайлылық, жомарттық қасиеттер осы аңыздан соң дарыған болар. «Дастарқаннан үлкен емеспін», «Таспен атқанды аспен ат» деген аталы сөздерде терең ой, үлкен пәлсапа жатыр. Балладада ұлт мінезін танытатын көрініс бейнеленген.
Ақындардың өз әріптестеріне арнап жазған балладалары да аз емес. Орыстың ұлы ақыны Пушкинді өлеңдегі ұстазы ретінде қабылдаған Жұмекен «Москвадағы Пушкин ескерткіш түбінде» атты балладасын арнайды. Жас кейіпкердің монологынан оның ақын екенін, ал орыс поэзиясының классигі дана Пушкинді аса құрметтеп, пір тұтатынын, ұстазым деп бас иетінін білеміз. Атап айтқанда:
Кем емессің құдайдан,
Артықтығың болса егер –
Гомер, Данте өлшемімен өлшенер.
Баллада соңында бұйра басын сілкіп тастап, тас мүсіннен қолын соза түсіп келе жатқан ақынды көреміз. Шағын ғана оқиғаның айтары мол, аңғартары көп (Қ.Аманжолов, Қ.Бекхожиндердің балладаларымен үндеседі).
Жұмекеннің «Кішкене» деп аталатын балладасында объект болған өмір шындығына үңіліп, оны өзінше жырлағанын көреміз. Бұл өлеңнен жарық дүниеден өткен ақын жарын жоқтап жылап отырған қаралы әйелді, қазаға жиналған көпшілік қауымды көреміз. Мінбеге шығып, бір-бірінен оза сөйлегендер: «Цитат болып жарқылдады көп өлең».
Жұмекен ақынның өмірден көргені көп, түйгені мол екенін өлең жолдарынан айқын байқауға болады. Көкірекке түйіп жүретін мәселенің бірі – адам баласының көзі тірісінде бірін-бірі бағаламауы, қадірлеп, құрметтемеуі т.б. Бұл – жалпы адамзатты толғандыратын үлкен проблема.
Шын мәнінде, ақылға сыймайтын құбылыс – өлінің тірілуін ақын қиялы арқасында қағаз бетіне түсіріп, жырға айналдырады. «Кенет ақын табыттан атып тұрып сөз тастады шаңытқан. Тіршілікте осынау айтылған сөздердің бірін естімедім, көзімнің тірісінде айтқан болсаңдар ерте өлмес едім ғой деп налыған «өліктің даусын» естиміз. Өлең соңында «өлік» тас мүсінге айналады:
«Ал біреулер тас мүсінді сол тұрған
Бүріп алып жағасынан, алқымнан,
Әр күн сайын қараң-құраң – дүрбелең
Сол өлікті, қайтадан
Табытына түсіре алмай жүр білем…»
Демек, өлген адамға да тыныштық бермей жатыр. Ж.Нәжімеденовтің «Ұрпағым, саған айтам» кітабына алғысөз жазған Т.Медетбековтің пікірі жоғарыда аталған балладаларға тікелей қатысы бар: «Жалпы Жұмекен Нәжімеденов творчествосындағы ең басты доминант не десе, онда бәріміз бір ауыздан: ол философиялық ой дер едік. Және оның философиясы құп-құрғақ қағаз иісі шығып тұратын кітаби емес, қара бұйра топырақ иісі аңқып тұратын табиғи».
«Қыран-қия» өлеңдер жинағында біршама баллада кездеседі: «Тұлып», «Ақ сүт», «Шабдар айғыр», «Бөрік», «Жұбайлар» т.б.
«Тұлып» деп аталған балладасында ақын бірнеше образ берген. Олардың әрқайсысы бір-бірімен байланысып, өлеңнің мағыналық құрылымдық бөлігін жасайды. Қысқа сюжетте: жас кейіпкеріміздің әжесі арам қатқан бұзаудың терісіне шөп салып қояды. Өрістен емшегін толтыра келген бұзаудың енесі мөңіреуге шамасы келмей, жай ғана ыңырсып, қызыл тұлыпты иіскелей бастайды. «Иіскеп-иіскеп жіберді де тұлыпты иіді» . Мұны көріп тұрған бала жануардың ақымақтығына ыза болады. Жалай-жалай тұлыптың түгі де түсіп қалды. Кенет бала қызыл сиырдың қызыл көзінен тұнып тұрған қайғы-қасіретті байқайды. Кішкентай адам осы тұста өмір пәлсәпасын түсінгендей болады: «Алданғаны емес екен, жоқтығы екен амалдың». Ақын ойын өрнектей келе, оқушысының алдына тағы бір көріністі ұсына қояды. Қаламгер шеберлігін осы тұста тағы танисың. Көз алдымызда өзін-өзі жұбатып, қаза болған ұлының бас киімін құшағына қысып отырған қария. «… бауырынан бала кеткен талай жан шүкір айтып әр күн сайын он рет, алданатын қара іздейді маңайдан», – деп ақын баллада соңында ойын түйіндейді.
Балладаның жанрлық сипатын шұғыл түрде баяндалған оқиғадан туатын ой анықтайды. Өлең идеясының дұрыс ашылуы мен көркемдігіне нұқсан келмеуі үшін осы шарттылық сақталуы тиіс. Ақын ойын нақтылай түсетін мына өлең жолдары да бар:
… Сенем саған, жасқа келдім біршама –
Сенем саған – талғамымыз бір сана.
Сенем саған: көп сөзіңнің көзінен
Шөп көрініп тұрса да.
Яғни сенім деген – ұлы қасиет. Адамзат осы асыл қасиетті бойынан жоғалтқан күні халі не болмақ? Адам сену керек, сене білу керек, сонда саған да сенеді. Адам өле-өлгенше сенімін, үмітін жоғалтпайды емес пе? «Үмітсіз тек ғана шайтан» деп тегін айтылмаған ғой.
Баллада ақыны Ж.Нәжімеденов бұл шығармада екі көріністі қатарынан тегін алып отырған жоқ. Мал екеш мал да өз төлінің жоқ екенін сезіп, иімей, көзі қанталап ыңырсығаны адам баласының жанына батады. Қызыл тұлып – оның жұбанышы, алданышы. Адам да сол. «Алданатын қара іздейді маңайдан деп» ақын жырлап кеткендей, шал үйіне бара қалған қонақ бала «Мен де өзіңнің ұлыңмын ғой деп алдап» отырарға орын таппай сол үйден шығып кетеді. Бәлкім, адамдардың бір-бірін осылайша алдағаны біреуге демеу, жұбаныш, тіпті өмірдің мәні болар. Қаламгер өтпелі, өзгермелі өмір құбылыстары ішінде осынау біреулерге арқау болатын сезімді жырға айналдыра отырып, өлеңнің мағыналық құрылым жүйесіне де, мазмұнына да сұлу жарасым дарытады.
Жалпы, баллада жанрына қалам сүйкемеген қазақ ақыны жоққа тән, тым сирек. Қазақ ақындар шығармашылығында дүниеге келген балладалық өлеңдер бүгінгі таңда қазақ поэзиясында арнайы зерттеу қажеттілігін көрсетеді.

Рамазанова Жанар
ҚарМУ, филол.ғ.к., доцент


08.11.2017 15:00 жарияланды
0 рет көрілген

Бөлсіңіз:

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.

ҰҚСАС


Pедакторы: Сұлтан Ұланұлы
Телефон: 8(778)6241825
Почта: 052893@mail.ru
Яндекс.Метрика