2024 жылғы Жолдау: мал шаруашылығы АӨК-тің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын қалыптастыруда
Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын және Мемлекет басшысының өзге де тапсырмаларын жүзеге асыру аясында елімізде мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа механизмдер енгізілуде.
Мал шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды сала. Ол АӨК-тің жалпы өнімінің шамамен 40%-ын құрайды. 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында өндіріс көлемі 3,4%-ға өсіп, 2 трлн теңгеге жуықтады. Ет өндірісі 2%-ға артты (608,8 мың тонна), сүт өндіру көлемі 6,5%-ға ұлғайды (2,25 млн тонна).
Мал мен құс саны да тұрақты көбейіп келеді: ірі қара – 8,7 млн бас (+0,3%), жылқы – 4,6 млн (+6,7%), түйе – 300 мың (+3,9%), құс – 48 млн (+6,6%). Осы ретте қой басы 3,7%-ға кемігені байқалады (21,1 млн бас).
Қазақстанның экспорттық әлеуеті нығайып келеді: 2025 жылдың алғашқы бес айында сиыр еті экспорты 2,5 есеге (12,3 мың тонна), қой еті 2,6 есеге (9,2 мың тонна) көбейді. Алғаш рет 797 тонна шошқа еті сыртқа шығарылды. Бұл нәтижелер отандық өнімнің бәсекеге қабілетті екенін және халықаралық нарықта жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
«Етті ірі қара мал шаруашылығында несие таза 5%-бен беріледі. Қаржыландыру көлемі 50 млрд теңге. Ал биыл өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын жеңілдетілген несиелеу бағытына 44 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар фермерлердің кепілге қолжетімділігі мәселесін шешу үшін несие сомасының 85%-ына дейін кепілдік беру бағдарламасы жүзеге асырылуда»,
– деді Айдарбек Сапаров.
Осылайша, Қазақстандағы мал шаруашылығы тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр: ішкі өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеуеті нығайып келеді, жаңа қолдау тетіктері енгізілуде және әлемдік деңгейдегі кластерлер құрылуда. Бұл саланы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің басты өсім нүктелерінің біріне айналдырады.