Құрылтай – халық үніне негізделген жаңа саяси жүйе
Қазақстан қоғамдық және мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Әлемдегі геосаяси өзгерістер, технологиялық серпіліс пен әлеуметтік сұраныстардың жаңаруы басқару жүйесіне де тың талаптар қояды. Осындай жағдайда мемлекеттің уақыт талабына сай бейімделуі, шешім қабылдау тетіктерін жетілдіруі және азаматтармен байланысты күшейтуі айрықша маңызға ие.
Құрылтай ұғымы халқымыз үшін жат емес. Қазақ тарихында елдік мәселелер ортақ кеңесте талқыланып, маңызды шешімдер жұртшылықтың келісімімен қабылданған. Хан сайлау, жер тұтастығын қорғау, сыртқы саясатты айқындау мен ел ішіндегі бірлікті сақтау секілді тағдырлы мәселелер құрылтайларда шешілген. Сондықтан оның қайта жаңғыруы тарихи атауды қайтарумен ғана шектелмейді. Бұл – ұлттық саяси дәстүрді қазіргі заманның талаптарымен сабақтастыру.
Бүгінде тиімді мемлекеттік басқарудың басты өлшемдерінің бірі – қоғам пікіріне құлақ асу. Азаматтардың ұсынысы ескеріліп, мемлекеттік институттардың жұмысы ашық болған жағдайда ғана билік пен халық арасында берік сенім қалыптасады. Ал сенім – ел тұрақтылығы мен жүйелі дамудың негізгі тірегі.
Жаңа үлгідегі Құрылтайдың мақсаты – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Халықтың сұранысы саяси мінберде айтылып қана қоймай, нақты заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардан көрініс табуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай ел азаматтарының үнін жеткізетін маңызды өкілді органға айналмақ.
Бұл өзгерістер қарапайым азаматқа не береді? Ең алдымен, қоғамнан түскен ұсыныстар мен бастамалардың заң шығару жұмысына ықпалы күшейеді. Депутаттардың қызметіне қоғамдық бақылау артып, олардың қабылдаған шешімдері мен атқарған жұмысы ашық бағаланады. Сонымен қатар заң жобаларын әзірлеу мен талқылауда заманауи цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану мемлекеттік басқарудың қолжетімділігін арттырады.
Жаңа жүйеде әр депутаттың халық алдындағы жауапкершілігі де айқындала түседі. Өйткені сайлаушының сенімін арқалаған өкіл қоғамдағы мәселелерді дер кезінде көтеріп, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға міндетті. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, жастар саясаты, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бағыттарында өміршең заңдардың қабылдануына мүмкіндік береді.
Қабылданған шешімдердің нәтижесі күнделікті тұрмыстан көрінуі керек. Ауыл мұғалімінің сапалы білім беруіне жағдай жасалуы, дәрігердің алаңсыз еңбек етуі, кәсіпкердің кәсібін кеңейтуі, студенттің болашағына сеніммен қарауы мен зейнеткердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы – мемлекеттік реформалардың нақты өлшемі. Сондықтан Құрылтайдағы әрбір бастама азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет.
Бұл үдерістердің құқықтық негізін жаңарған Конституция қалыптастырады. Ата Заң мемлекеттің құрылымын белгілеп қана қоймай, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі саналады. Сондай-ақ ол мемлекеттік органдардың өкілеттігі мен қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайды. Демек, конституциялық өзгерістер әділдік, заң үстемдігі және азамат мүддесі қағидаттарын нығайтуға қызмет етуі тиіс.
Бір палаталы Парламент үлгісіне көшу де басқару жүйесін оңтайландыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұндай құрылым заң шығару үдерісін ықшамдап, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға және жауапкершіліктің аражігін нақты белгілеуге мүмкіндік береді. Депутаттардың жұмысы қоғам назарында болып, қабылданған әр шешім үшін саяси жауапкершілік күшейеді.
Алайда қандай да бір саяси жаңғырудың нәтижесі тек институттардың құрылымына байланысты емес. Оның табысты жүзеге асуы халықтың сенімі мен азаматтық белсенділігіне тікелей тәуелді. Қоғам мемлекеттік бастамаларды түсініп, оларды талқылауға қатысқанда ғана реформалар нақты мазмұнға ие болады.
Құрылтайдың тарихи және рухани маңызы да осында. Ол ата-бабадан қалған кеңесу дәстүрін қайта жаңғыртып, елдің ортақ мақсат төңірегінде топтасуына ықпал етеді. Ұлттық құндылықтар мен әлемдік тәжірибені үйлестіру Қазақстанның өзіндік даму жолын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Қазіргі заманда мемлекеттің қуаты табиғи қорымен немесе экономикалық көрсеткіштерімен ғана өлшенбейді. Елдің ең үлкен капиталы – азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімі. Ал мұндай сенім ашық диалог, әділ шешім және биліктің қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы орнығады.
Қазақстанның болашағы әр азаматтың ұстанымы мен таңдауына байланысты. Ертеңгі заңдардың мазмұны, мемлекеттің даму бағыты және қоғамның келбеті бүгінгі белсенділігіміз арқылы қалыптасады. Сондықтан Құрылтай сайлауы – тек депутаттарды анықтайтын саяси науқан емес, елдің келешегіне қатысты ортақ жауапкершіліктің көрінісі.
Ел тағдырына бейжай қарамайтын әр азамат сайлауға қатысып, саналы таңдау жасау арқылы Қазақстанның жаңа даму кезеңіне өз үлесін қоса алады.
Әсел Тұрмағанбетова,
247media.kz

