D санатының талабы өзгерді
Елімізде енді автобус жүргізушілерінің ең төменгі жасы (D санаты) 23 жас болмақ. Бұл туралы Заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Заң қол қойылған күннен бастап 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Естеріңізде болса, бұрын D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін үміткер 25 жасқа толып, сыйымдылығы төмен автобустарда үш жылдық жұмыс өтілі (D1 кіші санаты), сондай-ақ, жүк көлігінде бір жыл (С1 кіші санаты) болуы керек еді. 2003 жылғы 4 шілдеде қабылданған «Автомобиль көлігі туралы» Заңның мәтіні келесідей өзгерді. Онда:
«Жүргізуші орнынан басқа 16-дан астам орны бар автобустар және троллейбустармен жолаушыларды тасымалдауға 23 жасқа толған, жүргізуші ретінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар, оның ішінде D1 кіші санатына жататын көлік құралдарын басқару өтілі кемінде бір жыл жүргізушілер жіберіледі», – делінген.
Жан АМАНТАЙ