Теміртауда жылдар бойы жиналып қалған қоқыс тазартылуда
Қаламызда рұқсат етілмеген қоқыс алаңдарын жою жұмыстары басталды. Атап айтқанда Аманжолов және Подгорная көшелеріне таяу жердегі қоқыстар «Таза Қазақстан» акциясы аясында бюджет есебінен тазартылуда. Мердігер компания «Ботақара 2030» ЖШС қызу жұмысқа кірісіп кетті.
Жылдар бойы жұрт иен далаға не тастамаған десеңізші. Әсіресе, Аманжолов көшесінен орман алқабына барар жолдағы дала қоқыстан көрінбейді. Әр шөптің түбінде пластик ыдыстар мен сынған шыны жатыр. Иә, қалың шөптің арасындағы қоқыс сырт көзге байқала қоймайды. Бірақ, сәл биік жерге шықсаңыз, жүрегіңіз ауыратыны анық. Ал, бір кездері топырағын алу мақсатында қазылған шұңқырлар осы күні аузы-мұрнынан шыға қоқысқа толып қалыпты. Онда көліктің сынған бөлшегі дейсіз бе, тұрмыстық техника, ескі бұйымдар дейсіз бе, бәрі бар. Құрылыс қалдықтарының өзі бір төбе болып үйіліп қалыпты.
– Біз шамамен 70 мың тонна қоқыс шығарамыз деп жоспарлап отырмыз, содан кейін аумақты қайта қалпына келтіріп, тегістеу жұмыстарын жүргіземіз. Қазіргі уақытта 1800 текше метрден астам қоқыс шығардық. Мұнда қоқыс өте көп, бүкіл даланы жауып жатыр. Сірә, көптен бері осында әкеліп тастап жүрген болуы керек. Қоқыстың барлығы топыраққа шіріп, сіңіп кетіп жатыр. Мұнда тұрмыстық, құрылыс қалдықтарының барлығын көруге болады. Барлығы полигонға жеткізілмей, осында тасталған, – дейді «Ботақара 2030» ЖШС өкілі Рахат Омаров.
Осы орайда, әлеуметтану ғылымындағы «Сынған әйнек» теориясы еске түседі. Яғни бос тұрған ғимарат алғашқы терезесі сынғанша бүтін тұрады. Егер бір терезесі сынып, уақытылы жөнделмесе, өзгелерін де шағып тастайды ғой. Бұл жерде де дәл соған ұқсас жағдай болған. Халық қоқысты алыстағы полигонға апарып әуре болмай-ақ, осы араға тастауды әдетке айналдырыпты. Тіпті тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқанына қарамастан, қоқыс тастағы келген пысықайлар да болған екен.
– Бір «Газель» біз қоқыс шығарып жатқан кезде келіп, бізді көре салысымен кері бұрылып кетіп қалды. Халық жұмыс аяқталғаннан кейін шаралар қабылдауы керек. Мүмкін, кіру жолын жауып тастаған дұрыс болар, – дейді «Ботакар 2030» ЖШС өкілі Рахат Омаров.
Расымен де, елдің бойы қоқысты осы жерге тастауға әбден үйреніп алды. Биыл қазына қаржысы есебінен тазалық жүргізсек те, арада көп ұзамай баяғы қалпына қайта түсуі мүмкін. Сондықтан, мұнда келер жолдарды жауып, бақылауды күшейткен дұрыс болатын тәрізді.
Айта кету керек, қазіргі таңда Аманжолов көшесінің бойынша екі жүк тиегіш және бес жүк көлігі мен алты адам жұмыс істеп жатыр. Олар аптасына алты күн, таңғы 9-дан кешкі 18-ге дейін жұмыс істейді. Күніне 30-40 рейс қоқыс шығарады екен.
Бұл қоқыстарды жоюға жұмсалған бюджет шығындары облыстық мәслихат депутаттарымен келісіліп, Қарағанды облысының табиғатты қорғау шараларының жоспарына енгізілген.
– Аманжолов және Подгорная көшелерінде пайда болған ірі «тарихи» ластанған жерлерді жою қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді. Бірінші кезеңде 70 мың тоннадан астам қоқыс шығару жоспарланып отыр. Бұл қоқыс ондаған жылдар бойы жиналған. Жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылып, толық аяқталғанға дейін жалғасады, – деп жазды қала әкімі Ораз Таурбеков әлеуметтік желідегі парақшасында.
Мердігер компания қоқысты жыл соңына дейін толық тазартып, артынша бұл аумақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек. Яғни, шұңқырлар көміліп, топырақ төселеді.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ