БОЛАШАҚТЫҢ ЭНЕРГИЯСЫ

Просмотров: 24

6 қазанда Қазақстан халқы атом электр станциясының құрылысына қатысты таңдауын жасайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында айтты. Сондай-ақ тиісті реферндум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Президент жолдауда бүгінде әлемде энергия тапшылығы күшейіп бара жатқанын мәлімдеді. Ел экономикасының даму қарқынын ұстап тұру үшін сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажеттігін тілге тиек етті.. Сондықтан атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігін алға тартты.
«Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын. Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын», – деді Президент.
Президенттің айтуынша, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Осылайша билік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бос сөз емес, нақты іс жүзінде жүзеге асып жатқанын айқындамақ. Мемлекет басшысы осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізі қаланатындығын айтты. Бұл қадам – маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаудың бастамасына айналмақ.
Елімізде кейінгі бір жыл ішінде атом электр станциясын салу мәселесі барныша талқыланып жатқаны мәлім. Түрлі деңгейдегі іс-шаралар тұрақты түрде өтіп жатыр. Бұл іс-шараларға ғалымдар да белсенді қатысып өз пікірлерін бүкпей айтып жүр. Мамандар пікірі саналуан. Атом электр станциясының құрылысын құптайтындар да, көңілі күпті болып жүргендер де бар. Мәселен, тәуелсіз эколог Бекберген Керейдің айтуынша, елде энергия тапышлығы өткір тұр. Келешекте тапшылық көлемі артуы ғажап емес. Қазір Қазақстан энергияға сұраныс артқан кезде электр қуатын көрші елдерден импорттауға мәжбүр. «Сондықтан атом электр станцияларын салудағы басты мақсат – электр энергиясының импортын азайту және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – дейді маман.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, Қазақстанда 148 жаңартылатын энергия көзі бар. Алайда олардың қуаты тұрақты энергиямен қамтамасыз ету үшін жетпей отыр. Осы тұрғыдан келгенде атом электр станциясы энергия тұрақтылығын қамтамасыз етіп, тапшылықтың орнын толтыра алады.
Сонымен қатар эколог құрылыс үшін Балқаш көлінің жағалауы текке таңдалып отырмағанын айтты. Бұл біріншіден логистика тұрғысынан қолайлы. Балқаш көлі елдің орталығында орналасқан. Оңтүстікке де, солтүстіккке де жақын. Екіншіден энергияны көп тұтынатын өңірлер қатарында оңтүстік пен орталықтағы аймақтар тұр. Яғни бұл аймақтарда ірі-ірі кәсіпорындар көп. Бұл жағынан келгенде оларға өндірілген энергияны жеткізу арзанға түспек.
Дегенмен бұл атом электр станциясына су көп қажет деген сөз емес. Сондықтан көлдің суы азайып кетеді деп алаңдаудың қажеті жоқ дейді маман.
• Екі қуатты реакторы бар атом электр станциясы электр энергиясын өндіру үшін жабық циклде пайдаланылатын 63 миллион текше метр су қажет. Бұл көлдің табиғи булануының тек 0,32 пайызын құрайды. Яғни соның арқасында экологиялық қауіптер азаяды. Және су ресурстарына айтарлықтай әсер етеді деген болжам негізсіз, – дейді Бекберген Керей.
Атом электр станциясын іске қосу тек экономикалық емес, экологиялық жағынан да тиімді болмақ. Қазақстанның электр-энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың айтуынша, ядролық энергетикаға жұмсалатын шығын көмір өнеркәсібіне жұмсалатын шығындардан бірнеше есе арзанға түседі. Сонымен қатар көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындауда да оң нәтиже бермек.
• Біз энергетика секторы бір немесе екі жыл емес, жеті-он жылды межелеп, дамып келе жатқанын ескере отырып, шешім қабылдауымыз қажет. Көмір энергетикасына қаржы құюды азайтуымыз қажет. Бір ғана бағытты ұстану арқылы халықаралық қауымдастық бекіткен экологиялық міндеттемелерді орындай алмаймыз. Атом энергетикасын дамыту арқылы атмосфераға шығатын қалдықтарды азайтамыз. Ал оның экономикалық тиімділігі мыңдаған есе артық. Мәселен, атом электр станциясының құрылысына 8 мыңнан астам адам тартылады. Ол бір-екі жыл ғана емес, он жыл бойы салынады. ал құрылыс аяқталып, АЭС іске қосылғанда тұрақты түрде 2 мың адам екі қолға бір күрек табады. Қазақстандықтар жоғары технологиялық нысанда жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттігі артып, басқа елдерден біздің мамандарға сұраныс өседі деп ойлаймын, – дейді Талғат Кеңесұлы.
Атом электр станциясын салған соң кадр мәселесінде тәуелсіз болуымыз керектігі белгілі. Ғалым Нұрзада Бейсеннің айтуынша, елімізде 90 жылдан астам уақыт бойы физик-техниктер дайындалып келеді. Ал биылдан бастап кейбір университеттерде ядролық инженерия бойынша білім беру бағдарламасы жаңадан ашылды.
• Егер біз атом электр станциясын салатын болсақ, кадр мәселесінде өзге елдерге көмегіне жүгінбеуіміз керек. Өз мамандарымызды, жас ғалымдарымызды дайындау қажет. Ол үшін жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеу кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. Бізде оған қажетті барлық жағдай бар. Бірақ жастарды университетте оқытумен ғана шектелмеуіміз керек. Студенттердің болашақта атом электр станциясында жұмыс істеуі үшін ірі ядролық орталықтарда тәжірибеден өткені өте маңызды, – дейді Нұрзада Бейсен.
Қазір елдегі студенттердің біліктілігін арттыру үшін қос дипломдық бағдарламалар енгізілген. Ол үшін студенттер Ресей, Жапония, Корея, Қытай университеттерінде оқиды. Мәселен жыл сайын осы бағдарламалар бойынша Қазақ ұлттық университетінің 10-15 студенті білім алады. Сонымен қатар, оқу орнының студенттері Швейцарияда орналасқан Еуропаның ең ірі ядролық зертханасы — ЦЕРН-да тәжірибеден өтеді. Ғалымның айтуынша, соңғы жылдары елде жас ғалымдарға көп көңіл бөлініп жатыр. Бұл мемлекеттің академиялық деңгейін көтеру үшін маңызды қадам дейді ол.
Ал Қазақстанның электр-энергетикалық қауымдастығының төрағасы Талғат Темірханов атом электр станциясы өндірген электр энергиясының құны қазіргі тарифтен қымбат болмайтынына сенімді.
• Қазір көптеген отандастарымыздың ойынша, атом электр станциясы өндірген электр энергиясы қымбат болады. Бұл – жаңсақ пікірі. Біздің бағалауымызға сәйкес, энергия құны қазір көршілерімізден алып отырған ең жоғары жүктемелердегі қуат үшін төлейтін бағадан қымбат болмайды. Бүгінде ең жоғары жүктемеге шамамен 30-40 теңгеден төлеп, сатып алып отырмыз. Неліктен? Себебі, бізде барлық іс-шараларды жеңілдететін бірыңғай сатып алушы механизмі қалыптасқан, – дейді Талғат Темірханов.
Көптеген ғалымдардың айтуынша, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды атом энергетикасын дамыту маңызды. Атом энергиясы электр энергиясының тапшылығын шешудің негізгі шешімі болып отыр. Соның арқасында импортқа тәуелділік азаяды дейді мамандар.
Сонымен қатар сарапшылар көмір немесе газ станцияларымен салыстырғанда атом электр станциялары отынды айтарлықтай аз тұтынады. Соған сәйкес қоршаған ортаға шығаратын қалдықтары бірнеше есе аз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының (UNECE) мәліметтері бойынша, атом энергетикасы барлық энергия көздерінің арасында парниктік газдар шығарындыларының ең төмен деңгейіне ие. Бұл жыл сайын жүздеген миллион тонна СО2 газын шығару арқылы ауаны ластаудың алдын алады. Және сол арқылы жаһандық жылынуға қарсы күресте маңызды құралға айналдырады. Яғни атом энергиясы көміртегі бейтараптығына қол жеткізуде шешуші рөл атқара алады.
Референдумға дейін бір айдан аз уақыт қалды. Қазір халық арасында түсіндіру жұмыстары қарқын алды. Үкімет те бұл істе маңызды рольге ие. Яғни әрбір адам саналы таңдау жасай алуы үшін атом энергетикасының маңызды аспектілері туралы азаматтарды оқытуды күшейту туралы шешім қабылданды. Қазір Энергетика министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Gov.kz порталында және eGov mobile мобильді қосымшасында арнайы ақпараттық бөлімдер әзірлеп, енгізді. Мұнда пайдаланушылар атом энергетикасы, атом электр станцияларының құрылысы мен жұмысы, олардың қауіпсіздігі мен қоршаған ортаға және денсаулыққа әсері туралы өзекті сұрақтарға жауап таба алады.

Манас АҚСАРЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған