Тымаққа салу салты

Просмотров: 7

Ертеде сәбидің неше күні кем болса, сонша күн тымаққа салып, киіз үй керегесіне іліп қойған.

Тымаққа салу – қазақ халқының ұлттық әдет-ғұрпы. Ай-күні толмай шала туған, бесікке салуға келмейтін сәбиді тымаққа салып өсірген. Тымақ дегеніміз аңның, малдың терісінен тігілетін қысқы бас киім.
Әлжуаз, кішкентай ғана болып уақытынан бұрын дүниеге келген балаларды «шала туған бала», «шала», «жылбысқы» деп атайды. Есімдерін Шалабек, Шалабай деп те қояды. Шала туған сәби ұстауға ыңғайсыз, бесікке бөлеуге де, құндақтап қолға көтеруге де келмейді. Ал тымақ жылы әрі бөлеуге ыңғайлы болады. Үлкендердің тымағына салып киіз үйдің керегесіне елген. Ертеде сәбидің неше күні кем болса, сонша күн киіз үй керегесінің әр басына іліп қойған және күн кереге басы арқылы есептелген. Мысалы, қырық күн кем болса, керегенінің қырқыншы басынан кейін баланы тымақтан алып, оған жаңа туған сәбиге жасалатын ат қою, бесікке салу, қырқынан шығару секілді рәсімдер жасала бастайды. Қыста туған сәбиді үй қабырғасына бірнеше шеге қағып, сол шегелерге ілген.
Баланы кез келген адамның тымағына салмаған. Көп жасаған, дана, ақылгөй адамдардың тымағы сұралған. Ол тымақты басқа кимей сақтап қойған.
Бүгінде шала туған сәбилер «кувез» деп аталатын арнайы қондырғылары бар әйнек қалыптарда жатады. Ал қазақ халқы перзентхана жоқ заманда тымаққа салу салтын жасаған. Жас босанған ананы да қырық күн бойы күткен. Ана сүті арқылы бала тез ет жинап, салмақ қосатындықтан анасының да денсаулығына көп көңіл бөлген.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған