Қарағанды облысының білім саласының даму қарқыны қандай

Просмотров: 9

Аймақтың білім беру жүйесінің бюджеті жыл сайын артып келеді. 2023 жылы қаржыландыру 214,9 млрд теңге болса, ағымдағы жылы бюджет 25 млрд теңгеге өсіп, 239,9 млрд теңге болды.

Облыста мектепке дейінгі балаларға арналған 407 ұйым бар. Оларға 35 мыңнан астам бала барады. Оның 213-і балабақша, 194-і шағын орталықтар. Жыл басынан бері Теміртау, Қарағанды, Шахтинск, Балқаш қалаларында, Ақтоғай, Нұра, Бұқар жырау, Абай, Шет, қарқаралы, Осакаров аудандарында 1324 жаңа орындар ашылды. Осылайша, облыс бойынша 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 84%-дан 88,1 пайызға өсті. Мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету көп жағдайда жеке инвестицияларды тарту арқылы шешілетінін атап өткім келеді. Жаңа орындардың жалпы санының 72%-ы жекеменшік ұйымдарда ашылған. Сонымен қатар, алдағы уақыттары жаңа орындарға деген қажеттілікті қанағаттандыру мәселесін шешу үшін Қарағандыда 2 мемлекеттік, 6 жекеменшік және Приозерск қаласынла 2 мемлекеттік балабақша салу жоспарлануда. Сондай-ақ, 2025 жылдың қаңтарында балалары балабақшаға бармайтын ата-аналар үшін «SabiDamu» платформасын ашуды жоспарлап отырмыз.

-Платформа жайында толығырақ тоқталып өтсеңіз.

-Менің ойымша, «SabiDamu» виртуалды платформасы ата-аналар үшін тамаша бонус болмақ. Бұл платформа 0-ден 6 жасқа дейінгі балалардың ата-аналарына әдістемелік нұсқау әрі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда виртуалды көмекші болады деп күтілуде. Платформада ата-аналар кез келген маманнан кеңес ала алады, сондай-ақ үй жағдайында баланың дамуы мен әлеуметтенуін барынша арттыруға мүмкіндік береді.

-Облыстағы орта білім беретін мектептердің жағдайы қалай? Мектептердегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілуде?

-Облыста барлығы 404 жалпы білім беретін мектеп бар. Оларда 174 мыңнан астам оқушы білім алады. Жаңа оқу жылында Қарағандыда жаңа 2 мектеп жұмыс істей бастады, оның алғашқысы Кең дала шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 2000 орындық мектеп, ал екіншісі Күнгей ықшам ауданында жергілікті бюджет есебінен бой көтерген 600 орындық білім ордасы. Бұл мектептер жақын маңдағы білім ордаларындағы орын тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында Қарағандыда тағы да екі мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облыстағы апатты мектептердің мәселесі де шешімін табуда. Бұқар жырау ауданы, Новостройка ауылындағы апатты жағдайдағы мектептің орнына жергілікті бюджет есебінен жаңа мектеп салынуда. Жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарда. Қарқаралы ауданы Талды ауылында 200 орындық мектептің құрылысы жалғасуда. Қарағандыдағы апатты жағдайдағы №44 мектептің орнына жаңа мектеп салу үшін облыстық Құрылыс басқармасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлегендігін айтқым келеді. Сонымен қатар, келесі жылы облыс орталығындағы №42 және №137, Ақтоғай ауданындағы Тасарал мектебі құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу жоспарлануда. Шет ауданындағы Дария орта мектебі, Нұра ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебі бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы одан әрі әзірлеу үшін инвестициялық ұсыныстар әзірленуде. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы жылы 257 білім нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 142 нысанға артық. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында күрделі жөндеуді қажет ететін 68 мектеп анықталды, оның 31-нің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Қазіргі уақытта орта білім беру нысандарын күрделі жөндеудің 2025-2027 жылдарға арналған жоспарын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы 11 білім беру ұйымын күрделі жөндеу жоспарлануда.

-Орта білім берудің сапасын арттыру бағытында қандай шаралар атқарылуда?

-Орта білім беруде оның сапасын арттыру ең маңызды міндет болып табылады. Біз кітап оқуға қызығушылық пен оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Цифрлық мұғалім» республикалық жобасы мен «Кітап оқу – қуаныш» жобаларын жүзеге асыруды жалғастырудамыз. Облыстағы 70 мектеп республикалық «Мың мектеп» жобасына енді. Бұл жоба мектепішілік мониторинг және білім беру үдерістерін бағалау арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған. Жоба аясында әдістемелік күндер, семинарлар мен әдістемелік десанттар өткізілді. Мектепішілк бақылау және мектепті дамыту бағдарламалары қаралып, түзетілді. Пәндерді оқытудың инновациялық әдістерін енгізу мақсатында «Өрлеу» инновациялық технологиялар орталығымен бірлесіп «Digital matematika», «BilimTest» цифрлық жобаларын жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ, біз мұғалімдерге басқа адамдардың эмоцияларын тануға және өз эмоцияларын басқаруға үйрететін «ElSkills» платформасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Мақсатты мектептерді дамыту жобасы аясында биыл 84 мектеппен жұмыс жүргізілуде. Келесі оқу жылында жобаға тағы 98 мектеп тартылатын болады.

-Мемлекет басшысы мектептерді заманауи пән кабинеттерімен қамтамасыз ету жайында тапсырма берген болатын. Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсаңыз.

-Биыл Қарағанды облысының мектептеріне жаңа модификациядағы 65 кабинет сатып алып жатырмыз. Нәтижесінде заманауи кабинеттермен жабдықталу көрсеткіші 75 пайыздан 80 пайызға дейін артады деп күтілуде. 2025 жылы тағы 75 кеңсе сатып алу жоспарлануда. Дегенменде, жаңа модификациядағы физика, химия, биология, STEM, робототехника кабинеттеріне қажеттілік әлі де 1244 бірлікті құрайды. Сондай-ақ, «Ауылдағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту » жобасы аясында Қазақстан халқы қоры өңірдегі сегіз ауыл мектебін заманауи сынып бөлмелерімен және жиһаздармен жабдықтады. Биыл Бұқар жырау және Нұра аудандарындағы екі мектепті жабдықтау жоспарлануда. Сонымен қатар, 2025 жылы Қарқаралы ауданындағы Академик Ө.Жәутіков атындағы №1 орта мектепті жабдықтау жоспарда. Атап айтқанда, Қазақстан халқы қоры «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейлерінің тәжірибесін 86 мектепте енгізу жобасын қолдады. Физика, химия, биология пәндерінің жаңа модификациядағы 253 кабинет сатып алу жоспарлануда.

-Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешімін табуда?

-Ағымдағы жылы 106 ауыл мектебінде жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Соның нәтижесінде облыстың барлық мектептері тиісті жылдамдықтағы интернетке қосылды.

-Гүлбақыт Серікжанқызы, аймақта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім беру қолжетімді ме?

-Ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған білім беру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бұл – арнайы білім беруді дамыту және инклюзивті білім беруге жағдай жасау. Бүгінгі таңда облыста ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 18029 адамды құраса, оның 2245-і мүмкіндігі шектеулі балалар. Облыста осы балаларға арналған 30 арнайы ұйым жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Қарағанды қаласының Майқұдық ықшам ауданында ПМПК және Балқаш қаласында психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылса, 2025 жылы Бұқар жырау ауданында ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қазақстан халқы қоры 10 арнаулы мектепте Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың физикалық дамуы жобасын қолдап, ерекше балаларға бейімделген 26 спорт алаңын салу жоспарлануда.

-Балалардың құқығын қорғау мәселелері бойынша қандай өзгерістер бар?

-Мемлекет басшысының білім беру ұйымдарында психологиялық қолдау қызметін кеңейту туралы тапсырмасын іске асыру аясында Психологиялық қолдау орталығы ашылды. Бұл балалардың психологиялық-педагогикалық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ететін, мұғалімдерге әдістемелік қолдау мен ата-аналарға консультация беретін психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құруға мүмкіндік береді. Орталықта кәсіптік бағдар беру кабинеті, білім беру ұйымдарындағы стандартты емес жағдайларға жедел ден қою бойынша комплаенс қызметі, мектепте және ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған оқушыларға арналған жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін қосымша 35 азаматтық қызметкерді енгізу арқылы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штатын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Облыстағы 9 мектеп Финляндия тәжірибесі негізінде «НЗМ» әзірлеген «KiVa» буллинге қарсы республикалық пилоттық жобасына енді. Жоба аясында пилоттық мектептердің директорлары, мұғалімдері мен әдіскерлері оқытылды. Оқушылар үшін қорқытудың алдын алу бойынша сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізілуде. Алдағы уақытта жоба облыстың барлық мектептерінде жүзеге асырылатын болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған