2025 жылы Қарағанды облысында алғашқы жел электр станциясы іске қосылады

Просмотров: 9

Қарағанды облысы, Осакаров ауданында жел генераторлары бар діңгектерді көруге болады. Өңірдегі алғашқы жел электр станциясын «Гиберборей» компаниясы салып жатыр. Оның қуаты 150 МВт болады. Алдымен жыл бойы қатты жел соғатын орынды таңдау үшін уақыт қажет болды. Биыл жасыл энергетика объектісінің құрылысы басталды, оны 2025 жылы қолданысқа енгізу көзделіп отыр. Болашақта олардың қатары толуы мүмкін: жел электр станцияларының тағы екі жобасы әзірленуде.

Жаңартылатын энергия көздерінің әлеуетін дамыту туралы Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов «Әкімдік қайда қарап отыр» youtube-арнасында айтып берді.

Аймақта қазіргі таңда бес қондырғы таза энергия өндіріп жатыр. Жел электр станциялары жұмыс істеп тұрған күн электр станцияларына қосылады.

– Осакаров ауданында қуаты 150 МВт жел электр станциясын салу жобасы жүзеге асырылуда. Нысан 2025 жылы аяқталады деп жоспарланған. Пайдалануға берілгеннен кейін қондырғыға қызмет көрсету үшін 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Теміртауда 500 МВт және Қарқаралы ауданында 200 МВт жел электр станциясын салу жоспарланған. Жобалар әзірлеу барысында, – деді Азамат Тайжанов. – Әрбір инвестор жобаны іске асырар алдында өлшемдерін жинақтайды. Яғни, бір-екі жыл зерттеуге кетеді. Осыдан кейін ғана жұмысқа кіріседі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары жалпы энергетика мен ТКШ-ға қатысты сұрақтарға жауап берді.

Инфрақұрылымның тозуын азайту үшін желілерді жаңғырту және жаңаларын салынуда. Биыл жылумен жабдықтауды жақсарту үшін 17 жоба, сумен жабдықтауды жақсарту үшін 40 жоба іске асырылды.

– Келесі жылы да бұл қарқынды төмендетпейміз. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы әзірленді. Міндет – 2030 жылға дейін қолданыстағы активтердің тозуын 40%-ға дейін төмендету. Бұл бағытта үлкен жұмыс күтіп тұр, – деп атап өтті Азамат Тайжанов.

Биыл Қарағандыда үшінші жылу шығарғыш пайдалануға берілді. Облыс әкімінің айтуынша, бұл алдағы 5–7 жылда қаланың оңтүстік-шығыс бөлігін, оның ішінде жаңа ғимараттарды тұрақты жылумен қамтамасыз етеді. 20 мыңға жуық жаңа пәтерді жылытуға жеткілікті қуат бар.

Сонымен қатар, облыста тұрғын үй құрылысы өсуде. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша 500 мың шаршы метр енгізіледі. Қосымша қуаттар үшін энергия көздерін жаңғырту бойынша бірқатар жобалар жоспарланған. Инвестициялық келісімдер шеңберінде 2028 жылға дейін компаниялар Қарағанды ЖЭО-3, Балқаш ЖЭО және Топар ГРЭС үш станциясында екі жаңа қазандық пен төрт турбина салу бойынша міндеттемелер алды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған