Отбасындағы ойранға жаза қатаң

Просмотров: 113

Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам дерті. Кейінгі кезде әлімжеттіктің осы бір түрі асқынып тұрғаны жасырын емес. Тұрмыстық заңбұзушылық әлем елдерінің бәрінде кездеседі. Біздің елде де өзекті проблема болып қала беруде. Тұрмыста жапа шегетін негізінен, әйел адамдар мен балалар. Ал біздің мемлекетіміз үшін ана мен баланы қорғау ерекше мәселеге айналып отыр.

protecting a family

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына Жолдауының бесінші бағдары – «Заң және тәртіп» бөлімінде де отбасындағы келеңсіздіктерге тоқталып өткен болатын.

– Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр. Құқық қорғау органдары бұл ұсыныстың дұрыс екеніне күмәнмен қарайды. Себебі мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бұл сөздің де жаны бар. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек, – деді Президент өз Жолдауында.

Зерттеулер бойынша, жанұядағы жәбір көрсетуге көп жағдайда етек алған маскүнемдік, жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі және қызғаныш сипатындағы түсініспеушілік себеп болып жатады. Дегенмен Қазақстандағы жағдай аймақтағы басқа көрші елдермен салыстырғанда жақсы. Бұл – біздің елде жанұялық жәбірлеу жайты жоқ деген сөз емес. Осы бір қоғам дертімен күрес жолында зардап шеккендерге әлеуметтік көмек жобалары жасалып, арнайы орталықтар ашылуда. Мұндай «дағдарыс орталықтары» көбіне қалалы жерлерде ашылған. Отбасында қорлық көріп, қолдау іздеген нәзік жандылар барар жері, басар тауы қалмағанда осындай орталықтардан пана табады. Әйел адамдар балаларымен бірге мұнда 6 ай бойы күнелтіп, өмірін ретке келтіруге мүмкіндік алады. Қажет жағдайда заңгерлік және психологиялық кеңес беріледі. Аталған көмектердің барлығы тегін. Қарағандыдағы осындай қолдау орталықтарының бірі – «Қорғау-Астана» қорының филиалы. Қарағандыдағы филиал 2016 жылы жұмысын бастаған, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет ұсыну жобасы бойынша міндетін жүзеге асыруда. Қарағандылық филиал жетекшісінің айтуынша, мұнда психологиялық кеңестер алуға болады. Қандай да бір құжат толтыруда, жәбірленушінің өз мүддесін қорғауы жөнінде заңгерлер көмек береді. Орталықта әйелдерге қажетті барлық тұрмыстық заттар, тегін тамақтану ұсынылған. Мұнда 18 жатын орны бар.

Орталық жетекшісінің сөзінше, үй ішінде психологиялық қысымға, ұрып-соғуға душар болғандар көп кезде полицияға жүгінуден бас тартады. Біреулері елдің сөзінен ұялса, кейбіреулеріне қорқыныш сезімі қадам бастырмайды. Жәбірге әбден еті үйреніп, шағым түсіруді тіпті ойға алмайтындары да бар. Десек те өзінің және бүлдіршіндерінің моральдық, физикалық жағдайына алаңдаумен қарайтын әйелдер де жеткілікті.

Ал психологтердің айтуынша, жас кезінде отбасындағы ойранды көрген, әкесінің қол жұмсауын, анасының әлсіздігін көрген бала өмірге деген сенімділігін, өзіне деген құрметін жоғалтады екен.

Жалпы, біздің елде 2017 жылға дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін заңда қылмыстық жаза көрсетілген еді. Кейін ол алынып тасталып, әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызылды. Сөйтіп, қысым көрсетуші айыппұл төлеп, бірнеше тәулікке қамалатын болған. 2019 жылы аталмыш бапқа түзетулер енгізілген, алайда түпнұсқасы өзгермеді. Енді алдағы уақытта отбасылық қатыгездік Қылмыстық кодекске қайта оралуы мүмкін. Ал қазіргі жаза тым жеңіл десе боларлық. Сондықтан жанұядағы жайсыздықтан әйел адам ошақ басын тастап, бас сауғалап дағдарыс орталықтарын жағалап кетеді де, есірген еркек жайлы үйде ауызша айтылған жазамен қала береді. Бұл тұста қоғам пікірі елде мұндайларға «еңбек терапиясы жетіспейді» дегенге саяды.

Дегенмен тауы шағылған талай нәзік жандыға қолдау түрін жетілдіру үшін түрлі жұмыс жасалуда. Мысалы, ұялы телефондарға жүктеуге болатын «SOS 102» арнайы қосымшасы бар. Кез келген жәбірлеу сәтінде зардап шегуші телефондағы осы түймешені басып қойса, жедел басқару тобы бірден қоңырау арқылы оқиға орнын анықтап, ондағы дыбыстарды түгел ести алады. Бұл өз кезегінде қауіпсіздік шараларын тездетеді. Одан бөлек «150» номерлі сенім телефоны бар. Бұл – жағдайын ешкімге жария етпей, жасырын шешуді қалайтындар үшін. Қоңырау да, кеңес те тегін.

Полиция департаментінің берген ақпары бойынша, 2022 жылы Қарағанды өңірінде былтырғы жылға қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары 4,8%-ға төмендеген, нақтырақ айтсақ, 62-ден 59 жағдайға азайды. Жалпы, жәбірленушілерге 6000-ға жуық қорғау нұсқамасы берілген. Статистикаға сүйенсек, ағымдағы жылдың 8 айы ішінде 3 821 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған