Алаш сарбазы – алғашқы геолог-мұнайшы

Просмотров: 7

Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының байырғы мүшесі, Қаныш Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының бас ғылыми қызметкері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Нәзір Абдулқадырұлы Әзірбаев қоғамның жарғылық міндеттерін жүзеге асыруға қоғам шаңырақ көтергелі бергі отыз бес жыл бойы әрдайым белсене атсалысып келеді.

Ол «Әділет» басқармасының өкілі ретінде халықаралық «Мемориал» ұйымының РФ билігі тарапынан 2021 жылы жойылғанға дейінгі іс-шараларына да қатысып, елімізде орын алған сталиндік репрессиялардың ерекшеліктеріне баршаның назарын аударып жүрді. Ал қоғамымыздың  жиындарында репрессияланған алғашқы қазақ инженерлерінің, мұнайшы геологтардың есімдерін жаңғыртудағы ойларын ортаға салып, үнемі оларды отандық геология тарихына қайтаруды азаматтық парызымыз ретінде алға тартатын.

Бұл ретте ол әйгілі де атақты геолог-ғалымымыз, Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың сталиндік репрессия қасапханасына түскен құрдастарының – ортақ идея, ортақ мақсат тұтастырған бір топ талантты жер қойнауын зерттеушілердің  тағдырын әңгімелеуден жалыққан емес. Қазақ геологтарының алғашқы тобының – сол ғылыми-техникалық үдеріс жолында жасампаздық істерін өрістетіп келе жатқандарында  қыршынынан қиылған бір шоғыр ұрпақтың – саяси қуғын-сүргіндер құрбанына айналдырылғанға дейінгі қысқа ғұмырында халық шаруашылығының геологиялық саласын қаз тұрғызуға, пайдалы қазбалар кен орындарын ашуға және игеруге қалай елеулі үлес қосқанынан Нәзір ақсақал қоғам жиындарында дәлелді түрде  сыр шертіп, баспасөзде талай мақала жариялады.

Сонымен, «әділеттік» Нәзір Әзірбаевтың деректері бойынша, 30-шы жылдары Мәскеу мен Ленинградтың геологиялық барлау институттарында және Тау-кен академиясында оқыған алты қазақтың төртеуінің, атап айтқанда – Мардан Әзірбаев, Беркінғали Атшыбаев, Оразәлі Жандосов пен Мерғали Қадылбековтің өмір жолдары жазалаушы орган қапастарында үзілді.  Бұлар жергілікті ұлт техникалық интеллигенциясының алғашқы буынынан еді. Сол кезде бұл буын қатарында аталған азаматтарға қоса Қаныш Сәтбаев, Жарқын Айталиев, Сергей (Оқтай, Үгедей) Бөкейханов сынды геологтар ғана болған-тын. Бәрі де өте білімді, білікті, мақсатты түрде алға ұмтылған мамандар ретінде геологиялық қызмет пен геология ғылымын ұйымдастыруға, сирек және түрлі-түсті металдар мен мұнай кен орындарын іздестіру және барлау істерін жүргізуге зор үлес қосып келе жатқан.

Солардың ішіндегі Үлкен террор жалмағандардың өмір жолын қысқаша шолайық. Мардан Нығметұлы Әзірбаев 1931 жылы Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірісімен ССРО Ғылым академиясының Тәжік-Памир ғылыми экспедициясы жұмысына қатысқан. Ол 1932–1934 жылдары Грузияда алтын  кен орындарын іздеу және барлау саласында қызмет атқарды, 1934 жылдан «ҚазақСирекМеталБарлау» («Казредметразведка») тресінде істеді. Іздеу және зерттеу жұмыстарын Алтай мен Орталық Қазақстанда жүргізді. Таулы Алтайдағы молибден-вольфрам-висмут кен орнын бірінші болып ашты. Ол Қазақстан, Өзбекстан мен Кавказдың сирек метал, алтын және мыс кен орындарының геологиясы мен  генезисі туралы Мәскеу мен Ленинград басылымдарында бірнеше мақала жариялады. Жаңадан ашылған Қазақ тау-кен институтындағы геологиялық барлау факультетінің жергілікті ұлттан шыққан тұңғыш оқытушысы болды. Далалық геология мен геологиялық карталаудан дәріс оқыды. Қазақ ауылдарынан келген, орысша дәрістерді толық түсіне алмай жүрген студенттерге небір күрделі құбылыстарды қазақ тілінде өте түсінікті етіп ұғындыратын. Қазақ халқының мақал-мәтел, қанатты сөздерін жинаумен де шұғылданды. Академиктер Арықтай Қайыпов, Григорий Щерба, ҒА корреспондент-мүшесі Ақжан Машанов, алтын және уран кен орындарын алғаш ашқан профессор Маухида Абдулкабирова, басқа да бірқатар ғалымдар мен мамандар оның шәкірті болған.  Ал 20-сыншы жылдары партия, совет желілерінде түрлі лауазымда қызметтер атқарып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылған Оразәлі Кәкімұлы Жандосов (атақты партия қайраткері Ораз Жандосовтың інісі) оқуға партияның арнайы жинақталған тобы («парттысячник») қатарында жіберілген-тін. Ол 1929 жылы Ленинград тау-кен институтына түсіп, оқуын Тау-кен академиясында жалғастырды, одан, Мәскеу геологиялық барлау институтын бітірер алдында,  1933 жылғы 24 ақпанда, Бас хатшы Иосиф Сталин мен БК(б)П Қазақ  өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянға Қызыл профессура институтының тыңдаушылары Бірке Айбасов, Жүсіпбек  Арыстанов, Ғатаулла Ысқақов, Ілияс Қабылов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжановпен бірге жолданған, қазақ ауылындағы апатты ахуалдың – сонау алапат аштық қасіретінің себеп-салдары жайында биік басшылыққа үлкен азаматтық жүректілікпен жандары ауыра жазған, бүгіндері көпшілікке кеңінен мәлім «алтаудың хаты» авторларының бірі болды. Оқу бітіргеннен кейін Қазгеологотрест меңгерушісінің орынбасары, «Казредметразведка» («ҚазақСирекМеталБарлау») тресінің меңгерушісі, Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданында геологиялық барлау партиясының бастығы, Алматы облысы Қаскелең геологиялық барлау партиясының жетекшісі боп істеді. 1936 жылы жаңадан құрылған Текелі кеніші басқармасының тұңғыш директоры қызметін атқарып жүргенінде, 1937 жылғы мамырда тұтқындалды. Мерғали Қадылбекұлы Қадылбеков Ленинград тау-кен институтын бітіргеннен кейін Оңтүстік ҚазақстанҚаратау өңіріне және Қырғызстан жеріне геологиялық барлау жасаған экспедицияның бастығы болды. Оразалы Жандосовпен бірге  Қазақстан түсті металлургиясының тұңғышы – Шымкент қорғасын зауытына қажетті шикізат қорын жасауға зор үлес қосты. Ащысай, Байжансай, Хантағы, Мырғалымсай, ҚарағайлыҚайрақты, Текелі, тағы басқа кен орындарын ашты. Қазақ тілінде ғылыми-зерттеу еңбектер жазды. Техникалық кітаптарды қазақшаға аударуды ғылыми жолға қою мәселесін көтеріп, геология және тау-кен ісі жөнінде терминологиялық сөздік жасады. Ол Қаныш Сәтбаевтың жерлесі болатын. Қаныштың қызы Шәмшиябанудың естелігіне қарағанда, Мерғали қазақ тіліне «Минералогия» оқулығын тәржімелепті, тамылжыта ән шырқап, домбырада құйқылжыта күй тартатын одан және оның он жасар інісі Ахметтен кезінде атақты музыка этнографы Александр Затаевич бірнеше халық әні мен күйін жазып алыпты. Ол Текелі кен басқармасының бас инженері қызметін атқарып жүргенде, 1937 жылғы 30 мамырда тұтқындалды.  Ағасы Нұрғали Қадылбеков (Кадоленко) белгілі саяси және шаруашылық қайраткері болған, ол да саяси қуғын-сүргін құрбаны.

Нәзір Абдулқадырұлы «Әділет» басқармасында Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев жайында оның «Алашорда батыс бөлімі басшыларының бірі» ретінде «қазақ (киргиз) еңбекші бұқарасынан оқшауландырылғанын», сөйтіп батыс бөлімнің өзге басшыларымен бірге Мәскеуге жіберілгенін, сонда «Мәскеу тау-кен академиясында» 1930 жылға дейін оқығанын айтатын. Одан кейінгі «қысқа да қыз-қайнаған еңбек жолы «Ембі-мұнай» («Эмбанефть») тресінде өтіп, қатардағы геолог, іздеу партиясының бастығы, карталы-крелиусты сектордың меңгерушілігінен  геологиялық барлау кеңсесінің бастығына дейін өсті» деген. Атшыбаев 1931 жылы Мұнайлы, 1932 жылы Алтыкөл, Ескене  мұнай көздерін ашып, геологиялық барлауға тікелей қатысты. Дүйсеке, Қарашұңғыл, Шоқай, басқа да кен орындарының геологиялық құрылымын зерттеді. Қондыбай, Жолдыбай тұз күмбездерін зерттеп, олардың геологиялық картасын жасады. Каспий маңы ойпатында мұнай және газ кен орындарының орналасуымен байланысты боп шыққан тұзды-күмбезді құрылымдарды зерттеуді бірінші болып қолға алды. Бұрын ашылған Доссор, Сағыз, Құлсары, Түлес кен орындарының геологиялық құрылымын крелиусты бұрғылау жолымен егжей-тегжейлі нақтылады. Ембі мұнайлы ауданы мен  Каспий маңы ойпатының қазақстандық бөлігі аумағында мұнай мен газға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу ауқымын кеңейту үшін көп қажыр-қуатын жұмсады. Геология-минералогия ғылымдарына қазіргі таңда да елеулі үлес қосып жүрген қарт ғалым Нәзір Әзірбаев Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевты Каспий маңы бассейнінің геологиясы жөніндегі заманауи идеялардың іргетасын қалаған алғашқы геологтардың бірі болды деп тұжырымдайды. Қазіргі заманғы озық инженерлік ойға Беркінғали Мұқашұлы жол салған осы жерде, дейді мақтанышпен, 20-сыншы ғасырдың екінші жартысында  аса алып мұнай кен орындары барланып, Қазақстанды  әлемдік мұнай державасына айналдырды!..

Батыс Алаш-Орда басшысы Жаһаншаһ Досмұхамедов ІІ Жалпықазақ съезі шешіміне сәйкес арнайы құрылып, әскери дайындықтан өткізілген қосынының батыл соғыс қимылымен 1919 жылдың аяқ кезінде аймақтағы ақтардың қолын талқандап, штабын басқарған генералды тұтқындауымен совет билігі жағына өткендерін нақты жауынгерлік күреспен дәлелдедік деп санаған да, күнбатыс алаш өкіметінің кеңестік құрылымға қосылу шарттарының Қазревком және Түркістан майданы өкілдерімен 1920 жылдың басында өткізілген келіссөз-мәжілісте тиісінше рәсімделгенінің басы-қасында болған. Оған дейін Алашорданың Батыс бөлімінің құрылу тарихы мен саяси мақсаты жөнінде Қазревкомға үзеңгілестерімен бірге хат жазып, «…біз, Алаш­орда өкілдері, …уақытша билікке және қазақтың саяси өмірін басқаруға халықтың өз шақыруымен келдік, өкімет билігінің барлық ауыртпалығын көтердік… …Біз өзімізге сеніп тапсырылған билікті Қазақ революциялық комитетіне өткізе отырып, қазақ халқының негізгі ұстанымы – басқарудағы дербестігі бұзылмайтынына сендік. Қазревком да біз қызмет еткен идеяға, Қазақ өлкесін автономды басқару идеясын жүзеге асыруға жұмыстанады деп санадық. Біз …қазақ халқының өзін сақтап қалу үшін мемлекеттік билігі, аппараты болуы керек деген саяси ойды жақтаушылармыз. Бізде Қазақ өлкесін басқаратын жоғары органға ұмтылу ниеті мүлдем жоқ, алайда ел үшін еңбек етуден бұдан былай да аянбаймыз», – деп хабарлады.

Одан әрі оқиға большевиктік рухта өрістетілді де, кейін, ОГПУ тергеушісіне берген көрсетуінде  Жанша Досмұхамедов Қазревком төрағасы Станислав Пестковский Мәскеуге бастап әкелген серіктерінің Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Кәрім Жәленовтен кейінгі бесіншісінің фамилиясын ұмытып қалғандықтан (өзінен он жас кіші қызметкерін әдетте есімімен ғана атап жүргендігінен болар) атын ғана айтып, «біздің интендантымыз» деген-ді. Алаш-Орда батыс бөлімінің бұдан арғы тағдырын Бүкілресей Орталық атқару комитеті (ВЦИК) шешеді деп орталыққа жіберілген бес басшы қайраткері қатарындағы бұл жиырма екі жасар жас интендант – Беркінғали Атшыбаев болатын.

Оның өмір жолы, жалпы Батыс Алаш-Орданың тауарихы тәуелсіздік жылдары, әсіресе бертінде, үстіміздегі ғасыр басында тәп-тәуір зерттелді. Негізгі деректер энциклопедиялық анықтамалықтарда жария болды, Жаһаншаһ Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының төрайымы ғалым Дәметкен Сүлейменова үзбей жариялап жүрген Алаш қозғалысы жөніндегі ғылыми мақалаларында, «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы – өлке тарихының құрамдас бөлігі» атты монографиясында бұрын беймәлім көп жәйттің бетін ашты. Батыс өлкенің тарихы тақырыбына ұдайы қалам тербеген,  көптеген саяси қуғын-сүргін құрбандары есімдерін жаңғыртуға белсене ат салысқан белгілі қаламгер Әбілқайыр Спан, журналист-тарихшы, кейіпкеріміздің туысы Жанат Нұрмаханова, белгілі қаламгер Сырым Бақтыгерейұлы  мерзімді басылымдарда Атшыбаевтың өмірі мен қызметін арнайы зерттеген мақалаларын шығарды…

Сонымен, Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев 1897 жылы қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Миялы ауылында саудамен шұғылданатын дәулетті кісінің отбасында дүниеге келген. Сол кезгі Гурьев үйезінің Есбол болысындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқыды,  сосын Орал казактарының империя бойынша жақсы оқу орны санатында танылған, жаратылыс ғылымдарының негіздерін және математиканы оқытуға басымдық берілетін  нақты (реальды) жалпыәскерлік училищесінде орта білім алды. Орыс, неміс тілдерін жақсы білген. ІІ Жалпықазақ съезі шешіміне сәйкес Жымпитыда ұйымдастырылған  офицерлер даярлайтын алты айлық юнкерлер мектебін 1918 жылы прапорщик шенімен бітірді. Содан Алашорда батыс бөлімінің бас интенданты қызметіне тағайындалған Атшыбаевтың белсенді еңбек жолы басталды. Міндетін біліктілікпен тыңғылықты атқаруы нәтижесінде аймақтағы тұңғыш қазақ (алаш) әскерін қажет азық-түлік, киім-кешек, қару-жарақ, оқ-дәрі, қилы мұқтаж құралмен кідіріссіз қамтамасыз етіп тұрды. Батыс бөлімнің қарулы күшін жабдықтау жолында, қажет керек-жараққа қол жеткізу үшін – Қызылқоға, Сағыз үйездік земстволар арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аймақтарындағы кооперативтермен, Орал, Ілбішін, Қаратөбе базарларында жергілікті казактармен айырбас сауда жасауды жолға қойды. Орал казактарының әскери үкіметі арқылы ағылшын қаруларын, Самарада құрылған Құрылтайшы жиналыс мүшелерінің комитеті (Комуч) арқылы бесатарлар, оқшашарлар, зеңбіректер және автомобильдер алуға атсалысты. (Ауызекі естелікте айтылатындай, оның бірін – Батыс Алашорда төрағасы Жаһаншаһ мінген машинаны арнайы консервациялап – жылқы майына шыланған киізге орап – құмға көміп жасырудың басы-қасында болуы да ғажап емес). Осылай, әскери шаруашылықты мүлтіксіз ұйымдастырып-басқарып жүргендіктен де, «Қазақ ұлттық Алашорда үкіметінің Батыс бөлімін тарату туралы» 1920 жылдың 5 наурызында арнайы мәселе қараған Қазақ әскери-революциялық комитеті  Беркінғали Атшыбаевты Алашорда үкіметі Батыс бөлімінің жауапты басшылары қатарында  «Совет өкіметі Қазақ өлкесінде бекем орнығып болғанша қазақ еңбекшілерінен оқшау ұстау» қажет деген қаулы алды. Өйткені Қазревком олардың қазақ даласында жүруі жергілікті жерде советтік тәртіп идеясын жүзеге асыруға зиянды әсер етуі мүмкін деп білген-ді. Сондықтан да  Жанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Иса Қашқынбаев, Карим Жәленов және Беркінғали Атшыбаев 1920 жылғы ақпанда ВЦИК-тің құзырына жіберілген болатын.

Қазревком қазақ даласында кеңестік билік орнағанға дейін елден жырақта ұсталсын деп ұйғарған осы бес алашордалық қайраткер ішінен сол жылғы жазғытұрым Орынборға Атшыбаев қана қайтарылды. Ол Қазревкомның Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Әбдірахман Әйтиевтің ұсынысымен 12 маусымда ревкомның іс жүргізушісі қызметіне бекітілді. 1921 жылдың қыркүйегінен Түркістан және Бұхара республикаларында Қазақ Орталық Атқару Комитетінің аштықпен күрес жөніндегі төтенше өкілі болып, ашаршылыққа ұшыраған аймақтарға азық-түлік жеткізуде көп еңбек сіңірді. 1922 жылдың қыркүйегінен бастап, Орынборда әлеуметтік тәрбиешілер даярлау жөніндегі курстың меңгерушісі, одан Шымкенттегі емдік шөптерден, негізінен жусаннан дәрі жасайтын «Сантонин» зауытында («Сантонин» тресінде) істеген. Зерттеушілер келтіріп жүрген деректерге қарағанда, ол 1928 жылы Мәскеудегі Тау-кен академиясы мұнай факультетінің геология бөліміне оқуға түскенге дейін басқа да жұмыстарда – Халық шаруашылығының жоғарғы кеңесінде (ВСНХ),  Ақтөбе облысының ұжымшарлық қозғалысқа жәрдемдесетін «Қазақ өлкелік одағында» («Казкрайсоюзда»),  сондай-ақ  Жоғары Соттың жазбаша аудармашысы болып та жұмыс істеген көрінеді. «Мемлекеттік кәсіпшіліктердің әкімшілік және инженер-техникалық персоналын есепке алу карточкасында» бұларға қоса «кадрлар даярлау және кәсіптік-техникалық білім бөлімінің меңгерушісі, неміс тіліндегі техникалық әдебиетті еркін оқиды» деген де мәліметтер бар екен.  Орынборда істеген жылдары қазақ ән-күйін жинап жүрген әйгілі Затаевич Атшыбаевтың орындауында Мұхиттың екі-үш әнін,  солардың ішінде «Паңкөйлекті» жазып алыпты…

1930 жылы төртінші курстағы Беркінғали «алашордашыл, советтік қоғамға жат элемент» деген айыппен оқудан шығарылған. Сол жылы ол Гурьев (Атырау) қаласына келіп, «Ембі-мұнай» («Эмбанефть») тресіне қызметке кірген де, 1937 жылы қазан айында тұтқынға алынғанға дейін түрлі лауазымда істеп, жоғарыда аталған маңызды жұмыстарды жүзеге асырған. Анықтамалықтарда берілген мәліметке қарағанда, желтоқсан айының аяқ кезінде Гурьевтен сол шақтағы облыс орталығы Орал қаласына айдалып, содан хабарсыз кеткен. Зайыбы Лидия Георгиевна Софенрейтер 1956 жылғы 6 сәуірде КСРО Әскери Прокурорына күйеуі Атшыбаев Беркінғали Мұқашұлын  ақтауды сұрап жазған өтінішінде оны 1937 жылғы 27 қазанда Гурьевте Ішкі Істер Халық Комиссариатының қызметкерлері ұстап әкеткенін, содан 1938 жылдың мамыр айында «Оралға жөнелтілген, тірі емес» деген сыбысты естігенін айтыпты.  Бірақ тергеу орындары архивтерінен Атшыбаевтың ғұмыры қалай үзілгені жайында нақты дерек табылмады. Тек алғашқы жазған өтінішінен бір жыл сегіз ай өткенде ғана «өлгеннен соң ақталғаны туралы анықтама» келді. Оңтүстік Орал әскери округінің әскери прокуратурасы Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевты 1957 жылы 6 желтоқсандағы қаулысымен реабилитациялаған-ды.

Тау-кен жыныстарының құрылымы мен құрамын зерттеудегі негізгі ғылыми міндеттерін үзбей атқарумен қоса, алғашқы ғалым-геологтардың қайғылы тағдырларын қарастыруға,  отандық геологияның ұмытылған беттерін іздестіруге ерекше көңіл аударып жүрген Қазақстандағы жетекші литолог Нәзір Әзірбаев  сталиндік қуғын-сүргіндер диірменіне бірінші кезекте зиялы қауым, оның ішінде ұлттық ғылым мүддесіне жан-тәнімен қызмет еткен жер қыртысы байлығын зерттеушілер түскеніне күмәнданбайды. «Қазақ халқының бұл даңқты ұлдарына контрреволюциялық, тыңшылық-диверсиялық қызмет істеді, қазақтың антисоветтік ұлтшылдық ұйымына белсенді түрде қатысты,  троцкистермен және жапондық барлаумен байланыс жасады деген кісі күлерліктей сенімсіз, сонымен бірге жосықсыз, әсіресұмдық айыптаулар тағылды», – деп жазды ол. Советтік жазалаушы органдардың,  құпия қызметтің 30-ыншы жылдарғы жасанды жау сомдау жолында ойдан шығарған айыптарын тұтқынға мойындатпақ боп жасаған іс-әрекеттері шындықты терең бүркемелегені даусыз, әсіресе Беркінғали Атшыбаевтың түрмедегі тағдырынан із қалдырмай, құжаттарды ізім-қайым жойып жіберуі мұның растығына күмән келтірмейді.

Жұбайы, неміс қызы Лидия Софенрейтер болашақ жары Беркінғалиды алғаш рет 1933 жылы геологиялық партияда кездестірген екен. Қыздың ұғымында ол зиялы, жұғымды жан-тын. Атшыбаев жақсы геолог ретінде танымал, геологиялық партияның бастығы болатын, ал бұл Гурьев мұнай техникумының геология факультетінің практикадан  өтуші студенті еді. Студент қыз Беркінғалиды «өте адал, елгезек, білімді адам» деп таныды. 1933 және 1934 жылдарғы өндірістік тәжірибеден өту мерзімін  соның тобында өткерді. Екеуі 1935 жылы үйленді. Бір жылдан соң дүниеге қызбала  келген, бірақ 1937 жылдың шілдесінде күтпеген жерден шетінеді. Лидияның  екінші балаға аяғы ауыр еді. «Көңілін сергіту үшін» Беркінғали келіншегін Мәскеуге апарған, сонда 18 тамыз күні ұлбала туды… Келіншегі ерін еркелеп атайтын есімді қайталап, баласына Беркен деп ат қойған. Сосын Лидия жөргектегі Беркенмен елге оралды, ал Беркінғали шаруаларымен Мәскеуде қала тұрды. Содан Лидия жұбайын  Гурьевте 24 қазан күні қарсы алған-ды, бірақ келгеніне үш күн өтер-өтпестен оны НКВД-ліктер алып кетті.   Сондағы Беркенінің Лилусясына айтқан соңғы сөзі мынау болды: «Мен ешқандай да кінәлі емеспін, Лилуся, шыда. Бәлкім жыл өтер, бірақ бәрі де анықталады, ораламын». Алайда оралмады, ол күйеуін содан қайтып көре алған жоқ. 22-ақ жаста еді, артында екі айлық сәбимен қалды. Түрмеден  екі рет хат алды. Біріншісінде: «Лилуся, сенің туғандарыңа баруыңды жөн санаймын, солай ету өзің үшін де, Бербишка үшін де жақсы болады. …Маған шай, махорка мен қағаз, кітап, қант сатып алып беріп жібер. Сендерді қатты сүйемін. Беркен», – деп жазған-ды. Екінші хатпен

«22 қараша күні 1 пар қолғап, етік, шұлғау, іш киім, шұлық қабылдап алғандығы туралы» тұтқынның қолхаты жетті…

– Уақыт өтіп жатты. Беркен Мұқашұлынан солардан басқа ешқандай хабар келмеді. Менің сауалыма ешкім жауап бермеді, – деп еске алды бертінде Лидия Георгиевна. – 1938 жылдың көктемінің соңына таман «Атшыбаев тірілер арасында жоқ, ол туралы қаладағылардың көбі біледі» деген қауесет тарап кетті. Іле-шала жұрт оның өлімі «аштық жариялағанынан» болды, «жауап алу кезінде тергеуші атып тастаған», «есін білмейтін ауруға шалдыққан-мыс» деп, сан-саққа жүгіртіп жатты. Беркеннің қазасының шындығы осы күнге дейін беймәлім. Сап-сау шағында түрмеге қамалған адам із-түзсіз, өлі-тірісі белгісіз күйде жоғалды да кете барды. Партияның XX съезінен соң мен ССРО Әскери прокуратурасына, одан соң Чкалов (Орынбордың 1938–1957 жж. аты – Б.Қ.) қаласындағы Оңтүстік Орал әскери прокуратурасына сұрау салып хат жаздым. Барлық архив ақтарылды, оң хабар болмады. Алматы мен Ақтөбе де жартымды жауап бермеді. Бір сөзбен айтқанда, тұтқын Атшыбаев ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Ол жайында тек қана Гурьев түрмесінің тіркеу журналы «төңкеріске қарсы деп айыпталған Б.М. Атшыбаевтың 1937 жылдың желтоқсанында Оралға этаппен жіберілгені» туралы жазбасымен сараң хабар қалдырыпты. Сонда менің көз жасымды төгіп: «Бұл қалай, сонда? Қапаста қолдан өлген адамның, ең болмаса, өлі дерегі де табылмай ма? – деген сауалыма прокурор: «Сірә, бұл жерде айыпталушыға қатысты қағаздың бәрін жойып жіберуге мәжбүрлеген бір зұлымдық жасалған ғой», – деп жауап берді…

Тоталитаризм дәуіріндегі сталинизм қылмыстарының бір парасы осындай болған. Мұндайларды әшкерелей беру өз алдына, бүгінгі ұрпақтың  мойнындағы орындалуы жөн болмақ парыз ретінде мынаны еске салғымыз келеді:  әңгімеміздің негізгі тақырыбы етіп алған алғашқы қазақ техникалық интеллигенциясының, оның ішінде қуғын-сүргінге ұшыраған мұнайшы-геологтардың бірі әм бірегейі, Алаш-Азаттық құрылымының сарбазы және совет инженері Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаевтың жасампаз істерге толы қайғылы тағдырына, оның ел мүддесіне арнаған қызметіне  жан-жақты назар аудару қажет, өйткені ол бүгінгі, ертеңгі өскелең ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Оның өмір сүрген заманы мен бейнесін өнер күшімен жаңғыртып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу ісіне пайдалану бек ұтымды шара болмақ. Сонымен қатар 20-сыншы, 30-ыншы жылдары енді-енді қалыптасып келе жатқан инженерлер қауымы мен олардың тарихи қызметтерін жаңаша жүйелеп, замандастарымызға қазіргі таңдағы міндеттермен сабақтастыра  тартудың тәуелсіздік мұраттарымен керемет үйлесім табарына ешкім шәк келтіре алмас деген ойдамыз.

Бейбіт Қойшыбаев,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған