ҚАЛАМ МЕН ҚАРУДЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН АҚЫН САРБАЗ

Просмотров: 20

Ұлттық ұлан сапында ел алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтей жүріп, өнерімен де дараланып, жұрт назарына ілінетін сарбаздар аз емес. Солардың бірі — жас ақын, жүрегі жырға толы, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы 5516 әскери бөлімінің 3-ротасында қызмет етіп жүрген қатардағы жауынгер Самет Құдайберген Сағындықұлы.

2007 жылдың наурыз айында Ақмола облысы, Жақсы ауданына қарасты Ешім ауылында дүниеге келген Самет – ауыл топырағында ер жетіп, сол қасиетті өңірден руханияттың нәрін бойына сіңірген жастың бірі. 9-сыныпқа дейін туған ауылындағы орта мектепте білім алып, кейін білім қуып, елорда төріндегі медико-техникалық колледжге түсіп, “дантист” мамандығын таңдады.

Құдайбергеннің ақындыққа бет бұруы 6-7 сыныптарда-ақ басталған. Әуелі достарына, сыныптастарына арнау өлеңдер жазып, жүрек сөзін жырға қосты. Алғашқы жолдарында-ақ өзінің ерекшелігі мен шығармашылыққа деген икемін байқатқан жас талант мектеп қабырғасында-ақ түрлі әдеби байқауларда топ жарып, 2023 жылы өткен Абай оқуларының аудандық кезеңінде І орынды иеленсе, облыстық кезеңде де жүлделі ІІІ орынға ие болды. Бұл — оның болашақ ақын ретінде үлкен сахнаға беттегеан алғашқы қадамдарының бірі еді.

Ақынға шабыт берген — қазақ руханиятының шамшырағы, ойдың көгінде шолпан жұлдыздай жарқыраған Абай шығармашылығы. Абайды өзінің ұстазы санайтын Құдайберген оның туған күніне орай арнау өлең жазып, көркем тілмен кемеңгер бейнесін асқақтатты:

Оқымасам шаршайды санам деген,

Қысы, жазы қиялдап бара берем.

Күндіз түні бұлбұлдай Абайымның,

Ырғақтатып өлеңін сала берем

 

Шумақтарды әкетіп тереңдетіп,

Жігерленіп қаламын селкен етіп.

Абай жазған осынау өлеңдерді,

Балам оқып отырсын түнделетіп.

 

Бағытым көп, бастысы жаңылмасам,

Қыран болып тауданда биік асам.

Ниетім бар арманым асқақтаған,

Абайымның ақырын жолын басам.

Бұл жолдардан оның тек өлең ғана емес, рухани ұстаным, адами бағыт іздейтін шынайы ақын екенін аңғару қиын емес.

Құдайбергенге бұл дарын тектен дарыған. Әкесі жағынан да, анасы жағынан да ақындық пен жазушылыққа бейім жандар болған. Ол Мұқағали Мақатаевтың сыршылдығына, Мұхтар Шахановтың отаншылдығына, Қадыр Мырза Әлідің сөз ойнатудағы шеберлігіне тәнті болып, олардың шығармаларын оқудан жалықпайды. Әдебиет — оның жан азығы, өлең — өмірінің ажырамас бөлшегі.

2025 жылдың шілде айында Құдайберген Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 5516 әскери бөліміне шақырылды. Әскер қатарындағы өмір оның шығармашылығына тың серпін берді. Жаңа орта, әскери тәртіп, достық пен ерлік тақырыптары оның өлеңдеріне жаңа бояу, жаңа тыныс алып келді. Бар болғаны бір ай ішінде 65-тен астам өлең жазуы — бұл оның ерекше еңбекқорлығы мен шығармашылық қуатының дәлелі.

— Әскерге келгелі менің поэзиям жаңа тыныс алды. Бұл жерде Отанға, анама, жанымдағы сарбаздарға арнаған жырлар көп туады, — дейді ол.

Қырағыр көзбен баураған,

Бойынан өтпес оқ ызғар.

Көздері оттай лаулаған,

Бүркіттей қыран сарбаздар.

 

Ұлтының қамал қорғаны,

Сенімді сөзсіз үміткер.

Халқының қасқыр тарланы,

Жаужүрек жалын жігіттер.

 

Қару ап қолға қорғаған,

Қайырылмас қалқан арқасы.

Намысы әлем жаулаған,

Теміртау батыл сарбазы.­­

  • ­­­­­­­­­­­­­­­­деп ақын бала Ұлттық ұланындағы қызметін жырлайды.

Құдайберген негізінен лирикалық жанрда қалам тербейді. Оның өлеңдерінен туған жерге деген сағыныш, Отанға деген адалдық, достық пен бауырмалдық, ананың шексіз мейірімі мен махаббаты Отанға деген адалдық сияқты тақырыптар жиі кездеседі. Оның поэзиясы — сарбаздық өмірдің сырлы сәттерін, жүректегі сағыныш пен рухани ізденісті бейнелейтін көркем дүние.

Сапта — жауапты сарбаз, тыныш сәттерінде — шабытты ақын. Қалам мен қаруды қатар ұстаған, әскердегі уақытын тек борыш ретінде ғана емес, өзін дамытудың, өнерге адалдық танытудың да кезеңі етіп өткеріп жатқан жастардың бірі. Мұндай мысалдар — руханият пен патриотизмді қатар алып жүрген жаңа буынның бар екенін көрсетеді.

                                                                                                              лейтенант

Әлишер Асқарбек

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған