Қарағандыда жүздеген тұрғын Республика күніне орай бірігіп мемлекеттік әнұранды орындады

Просмотров: 19

Қарағанды облысы елмен бірге Республика күнін кең ауқымда атап өтті. Облыс орталығында Ту тұғырнамасы маңында жүздеген қарағандылық бір мезетте мемлекеттік әнұранды орындап, ел рухын айшықтады.

Мерекелік шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, қала тұрғындары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әскери қызметшілер мен ардагерлер қатысты.

Биылғы жыл – тарихи дата. Дәл 35 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында, Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды. Бұл құжат ел тәуелсіздігіне апарар жолдағы алғашқы және ең маңызды қадам болды. Дәл осы күннен бастап қазақ халқының жаңа тарихы – тәуелсіз мемлекеттің қалыптасу дәуірі басталды.

Салтанатта сөз сөйлеген аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жиналған жұртты мерекемен құттықтап, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды:

— 25 қазан – еліміздің жаңа тарихындағы ерекше күн. Республика күні – біздің еркіндігіміздің, бірлігіміздің және Отан алдындағы жауапкершілігіміздің нышаны. Бұл мереке – бейбітшілік пен келісімнің, ел бірлігі мен тұрақтылықтың қадірін ұғындыратын маңызды күн. Осы құндылықтардың арқасында біз бүгінгі табыстарға жеттік. Тәуелсіздігіміз мәңгі, бірлігіміз бекем, тұрақтылығымыз берік болсын! Республика күні құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Қарағандылық Дмитрий Шафигуллин де жерлестерін шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

— Баршаңызға зор денсаулық, ашық аспан, жарқын болашақ тілеймін! Үйлеріңізде жылулық пен береке орнасын, еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! — деді ол.

Бұл күн жас буын үшін де ерекше есте қалды.

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінің бірінші курс студенті Рустам Перов Ту тұғырнамасы жанындағы шараға алғаш рет қатысып отыр.

— Республика күнімен құттықтаймын! Ең бастысы – елімізде бейбіт өмір мен татулық болсын. Баршаңызға денсаулық, бақыт және амандық тілеймін! — деді жас қарағандылық.

 

Мемлекеттік әнұран Қарағанды облысының барлық қала мен ауданында бір уақытта шырқалып, тұрғындар мереке рухын бір жүректен сезінді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *