САЯСИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МОДЕЛЬ: СЕНАТТА «ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ» ДИАЛОГ АЛАҢЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін Сенатта «Ұлттық мүдде» диалог алаңының «Саяси жаңғыру: Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі» тақырыбына арналған отырысы өтті. Кездесуге қатысушылар мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту кезінде конституциялық реформаның мәні мен мазмұнын, оның саяси жүйені жаңғыртудағы және мемлекеттік құрылымның жаңа моделін қалыптастырудағы рөлін талқылады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев отырысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауқымды конституциялық өзгерістер мемлекеттілікті дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін жасалған қадам және қоғамның саяси жүйені жаңартуға қатысты сұранысына берілген жауап екенін атап өтті. Сондай-ақ ол бұл белгілі бір салалардағы өзгерістер емес, мемлекеттік модельдің мазмұны мен жұмыс істеу қағидаттарын түбегейлі қайта қарау екенін тілге тиек етті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың жуырда өткен отырысында ауқымды конституциялық реформалар туралы айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталатынын жеткізді. Бұл саяси жүйемізге тек түзетулер мен толықтырулар енгізу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл әлемдегі қазіргі сын-қатерлерге бейімделу арқылы түбегейлі жаңғыруға қадам басу екені анық. Сондықтан, осындай маңызды сәтте бірлігімізді бекемдеп, Мемлекет басшысы ұсынған өзгерістерді жүзеге асыруда жұдырықтай жұмылу айрықша мәнге ие», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Спикері елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформа кешенді және жүйелі сипатқа ие екенін айтты. Алдағы өзгерістер парламенттік реформалар аясынан шығып, Ата Заңымызды тұтастай қамтып отыр. Оның айтуынша, қазірдің өзінде Конституцияның 80-ге жуық нормасына өзгерістер енетіні белгілі болды. Бұл басты құқықтық құжатымыздың 84 пайызын құрайды. Мәулен Әшімбаев реформаның маңызды бағыты еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының өкілеттіктерін кеңейтуді және рөлін күшейтуді көздейтінін де атап өтті. Сондай-ақ заңнамалық процесті оңтайландыру, депутаттардың дербестігін арттыру, партиялық жүйені дамыту және саяси бәсекелестікті күшейту бағытына да баса мән беріліп отырғанына тоқталды.
Сенат Төрағасы реформа аясында мемлекет пен қоғам арасындағы келісім және диалог институты ретінде Халық кеңесін құру ұсынылғанына ерекше назар аударды. Отырыста аталған алаңда идеология, құндылықтар мен ұлттық бірлік мәселелері талқыланатыны және Кеңеске заң шығаруға бастамашы болу құқығын беру оны мазмұнды институтқа айналдыратыны сөз болды. Ұсынылған өзгерістердің қатарында вице-президент лауазымын енгізу және Конституцияның преамбуласын жаңарту туралы бастамалар да бар екеніне мән берілді. Сол арқылы мемлекеттіліктің тарихи сабақтастығын көрсетіп, Әділетті Қазақстан құруды ең жоғары мақсат ретінде белгілеу көзделіп отыр.
«Қазақстан ұлттық жаңғыру кезеңіне қадам басуда. Осы тарихи сәтте зиялы қауым өкілдері мен қоғамдық пікір көшбасшылары ерекше рөл атқарады. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды өзгерістердің мәнін қоғамға дұрыс жеткізу аса маңызды. Қазіргідей жауапты кезеңде ұлттық бірлікті одан әрі бекемдеу өте өзекті. Қоғамды ортақ мүддеге жұмылдыру ісінде де сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғыудың түпкі мақсаты – мемлекеттілік пен Тәуелсіздікті нығайту. Бұл – Әділетті Қазақстан құру жолындағы жаңа конституциялық модельге көшу кезеңі. Алдағы уақытта конституциялық реформаларды табысты іске асыруға зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығы белсенді үлес қосады деп сенемін», – деді Мәулен Әшімбаев.
«Ұлттық мүдде» диалог алаңында сенаторлармен бірге белгілі филолог, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Жамаладен Ибрагимов, «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ерлан Сайлаубай, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Парламентаризм институты орталығының басшысы Шолпан Саймова, Nazarbayev University жоғары мемлекеттік саясат мектебінің доценті Серік Оразғалиев және басқа сарапшылар сөз сөйлеп, қозғалған тақырыпқа қатысты пікірлерін білдірді.

