Адал еңбектің жемісі

Просмотров: 2

Толық металлургиялық циклды кәсіпорын саналатын біздің Қарағанды металлургия комбинаты 1970 жылы 250 тонналық қонвертерлерді, сонымен қатар қуатты КАР-30 оттекті блоктарды, ыстықтай прокаттаудың үздіксіз 1700 стандартын пайдалануға берілгені тарихтан мәлім. Осы жұмыстардың жүзеге асырылуы барысында қарапайым жұмысшы мамандығын, оның ішінде электрслесарьлықты меңгерген жастардың үлесі мол болды. Олар күні-түні еңбек етіп, ел игілігі жолында жастық күш-жігерлерін аяп қалмады, сонымен қатар комбинаттың тоқтаусыз жұмыс істеуіне жол ашты деуге де толық негіз бар. Әрине, «Қазақстан Магниткасының алып құрылысын» өз қолдарымен жүргізіп, ырысы мен несібесін осы қаладан тапқан жастардың легі бүгінде ардақты ардагерлер қатарында.

Теміртау. Комбинат. Металлург. Осы ошақтың үш бұтындай егіз ұғымдар мұндағы ардагерлермен тығыз байланысты. Өйткені олар осы қарашаңырақтан болаттай берік. Құрыштай қайратты болып, шыңдалып шыққан марғасқалар. Олардың қатарында сексен жастың сегіріне келген Рахметулла ақсақал да бар.
-Мен мына іргедегі Нұра станциясының тумасымын, қазақы отбасыдағы он баланың үлкені болғандықтан еңбекке ерте араластым. Ата-анама қолғабыс, ізімнен ерген іні-қарындастарыма жастайымнан қамқор бола білдім. Кешегі қанқұйлы соғыстың соңғы жылында, яғни 1944 жыл туыппын, ал ол кездегі елдегі жағдай белгілі, жоқшылық, қиыншылық шаш-етектен. Бірақ қазақ «әр баланың өз несібесі болады» дегендей, әке-шешем онымызды да адалдыққа, адамгершілікке, татулыққа тәрбиелеп, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуді бойымызға сіңіре білді. Әсіресе мені «тұңғышым», «төбетім» дейтін, жарықтықтар. Аллаға шүкір, бүгінгі таңда өзімнен кейінгі бес інім мен төрт қарындасымның бастары аман, әрқайсысы өмірден өз орындарын туып, өсіп-өніп, үлкен әулеттің атанып отыр. Сексеннің сеңгіріне осындай мол байлықпен, бауырдың бүтіндңігімен жетіп отырған жайым бар,-деп әңгімесін бастады комбинат ардагері Рахметулла Шәріпұлы Бұлұмбаев.
Әңгіме барысында білгеніміз, әкесі Шәріп ақсақал Нұра станциясындағы элеваторда шебер, бидай қабылдаушы болыпты, ал анасы Мәкен Асылтайқызы бала тәрбиесімен айналысқан, қолдағы бала-шағағаның ырзығы деп қорадағы ірілі-ұсақты малдан айран-сүтін, құрт-майын айырып, «әр балам бір төбе» дейді екен.
1968 жылы бозбала Рахметулла Отан алдындағы әскери борышын өткеп келгеннен кейін Теміртауға табан тірейді. Бастапқыда Ақтау кентіндегі цемент заводында істеген, сосын Шымкентке барып оқып келіп, комбинаттың жөндеу цехына жұмысқа тұрады. Ресейдің Свердловскі қаласына тәжірибе алмасуға барып, білмегенін біліп, оқып-үйреніп қайтады. Содан соң домна, мартен пештерінің құрылысына белсене араласып, қарапайым жұмысшы мамандығымен таңдай терін төгеді. Сосын аглофабрикада, ЛПЦ-да істейді. Осылайша, Қазақстан Магниткасының құрылысына өз қолтаңбасын қалдырады.
-Ақсақал, жастық шақта аянбай еңбек етіп, комбинаттың «отымен кіріп, күлімен шыққан» аяулы ардагерсіз, дегенмен, ол кезеңнің де жұмыстан басқа өз қызығы мен шыжығы, яғни махаббат деген көктемі болған шығар?
-Ее, қарағым, оның айтары бар ма? Жас кезімізде өмір өтпейтіндей көрінетін, алдағы күнге, арманмен атқан ақ таңдарға асығушы едік, сөйтсек, қамшының сабындай ғұмыр лезде өте шығады екен-ау. Оның бәрі көңілде сайрап тұр, қайыбірін айтайын?!
– Қайсыбірін дейсіз бе, бәйбішеңізбен қалай танысқаныңызды, қашан үйленгеніңізді айтыңыз,-деймін, әңгіме ауанын әзілге бұрып.
– Әңгімемнің басында айтқанымдай, үйдің, он баланың үлкені болғандықтан, иығымда үлкен жауапкершілік болды. Үнемі ата-анама, бауырларыма көмектестім, кезекті демалысымды алған сайын Нұраға қарай тартамын, шөп шауып, мал азығын дайындаймын, ауылдың тірлігі біткен бе, отын-су, азық-түлік, киім-кешек дегендей, қолымнан келгенше кейінгілерге қарайластым. Ал Теміртауда жатақханада тұрып, комбинаттың білікті электрслесарі болдым. Сөйтіп жүргенде 33 жасқа қалай келгенімді өзім де бақамаппын. Бір күні Нағима қарындасым құрбысы Сақыпжамалмен таныстырды. Сол таныстық сыйластыққа, соңы сүйіспеншілікке ұласты. Үйдегілерге айтқанымда, олар қуана құптап, құда түсіп, 1977 жылы үйлендім.
Теміртулықтан Сақыпжамал Әбушахмақызын (Бекмалақов Әбушахма еңбек және соғыс ардагері, Қарағандының құрметті азаматы) жақсы біледі. Сақыпжамал апай Теміртау қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы ретінде қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген жан. Өзіміздің Абай қаласында туып-өскен, мамандығы инженер-энергетик, кейін Теміртау механикалық-құю заводында техника қауіпсіздігі бойынша инженер, «Жарық» ЖШС-да инженер секілді қызметтерді атқарып, 2006 жылы зейнетке шықан. Жоғарыда айтқанымыздай, содан бері қол үзбей, ардагерлер кеңесіндеістеп келеді. Ал отағасы Рахметулла ақсақал 2008 жылы зейнетке шықты. Осылайша, тағдырлары Теміртаумен тоғысқан жандар қырық жеті жылдан бері тұғырлы мекенде тамырын кеңге жайыған бәйтеректей ғұмыр кешіп келеді.
-Алланың берген ұл-қызын өсіріп, тәрбиеледік. Баламыз Олжас Қарағанды университетінің оқытушысы, студенттерге саясаттанудан дәріс оқиды. Үйленген, Алма келінімізбен бірге өсіп-өніп отыр, Айна есімді немереміз осы университеттің химия факультетін бітіріп, қазір магистратурасында оқып жүр. Қызымыз Гүлмира- ағылшын, неміс, түрік тілдерін жетік меңгерген кәсіби аудармашы, күйеу баламыз Ерлан мұражай қызметкері.
-Аяулы ардагерлер, қаланың байырғы тұрғыны ретінде бүгінгі күн туралы қандай ой-пікірдесіздер?
-Менің ойымша, кез-келген қала мен ауыл үшін ең маңыздысы жарық, жылу, жол мәселелері бірінші орында тұрады. Бұл ретте Теміртау жыл өткен сайын жасарып, жаңарып келеді. Қазіргі қала көшелеріндегі ой-шұңқырлар, қазу, тұрба ауыстыру секілді жұмыстар – уақытша қиындықтар. Осы істің жемісін ертең көреміз,-деді Рахметулла ақсақал.
-Сақыпжамал апай, сіз не дейсіз?
-Әрине, сүйікті қаламыз Теміртаудың тағдыры оның кез-келген тұрғынын бей-жай қалдырмасы анық. «Көш – жүре түзеледі» демекші, барлық кемшіліктер бір күнде, немесе бір жылда жойылмайды ғой, ол үшін уақыт керек. Дегенмен, басшы білікті болса, бардың құтын қашырмай, берекесін кіргізеді. Жақында ғана қаламызға әкім болып тағайындалған Ғалым Әшімовтен күтер үмітіміз көп. Ол кісі бұрын да Теміртаудың әкімі болған, сондықтан жақсы білеміз, сенеміз. Сөз реті келгенде тіл мәселесіне қатысты да өз ойымды айтқым келеді. Біздің кезімізде қалада қазақ бала бақшасы да, қазақ мектебі де болмады, сондықтан балаларымызды орысша оқытуға мәжбүр болдық. Қазір жағдай мүлдем басқаша, Тәуелсіздіктің таңы атқаннан соң тіл үйренеміз деушілерге барлық жағдай жасалған, тіпті тегін оқытады. Мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін кім үйренгісі келсе, барлық мүмкіндік бар, тек кейбіреулерде ықылас жоқ, мен осыны байқадым. Бір ғана мысал айтайын, біздің Олжасымыз да орыстілді болды, бірақ университетте оқытушы бола жүріп, ана тілін аз уақыттың ішінде меңгеріп алды, қазір орыс тобына да, қазақ тобына да дәріс береді. Ал немереміз қазақ мектебінің түлегі, универтисетте де қазақ тобында оқыды. Осыған қуанамыз.
Осылайша, әңгімеміз өткен күнді еске алудан басталып, бүгінгі жағдай туралы ой бөлісумен жалғасты. Ерлі-зайыптылар жастық шақтарына саяхат жасап, көрген-білгендерін, көңілдеріне түйгендерін ортаға салды. Рахметулла ақсақал «Өмірде адамдар арасындағы сыйластық, туыс-туғандар арасындағы туысқандық қарым-қатынасқа, бауырмалдыққа не жетеді?!» десе, Сақыпжамал апай «Елдің ертеңі – жастар, олар білімді, мейірбанды болса екен. Келесі жылы 80 жылдығы тойланатын Теміртауымыз көз алдымызда көріктеніп келеді, соған қуанамыз» деді.
Біздің ұққанымыз, Теміртаумен тетелес ардагерлердің береке-бірлігі, сыйластығы көпке үлгі екендігі. Өткен қыркүйек айында Президентіміз Қасым-Жомат Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деген болатын. Міне, осындай отбасының бірі тұғырынан талай тектілерді түлеткен біздің Теміртауымызда тұратыны қандай ғанибет?!
Адал еңбегімен ардагер ақсақал атанған Рахметулла Шәріпұлын 80 жасымен құттықтап, ақжарма тілегімізді айтамыз.

Руза АЛДАШЕВА,
ҚР Жазушылар Одағының
мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған