Адалдықтың арқасында байлыққа кенелдім

Адам өмірінде небір адам сенгісіз, ертегіге ұқсас оқиғалар болып жатады емес пе?. Менің де өмірім таңғажайып оқиғаға ұқсас. Тіпті естіген адам ойдан құрап алған деп ойлауы да мүмін. Бірақ бұл оқиға – рас. Бәрін басынан бастайыншы… Мектеп бітіре сала тұрмысқа шықтым. Күйеуіммен үш жыл бірге жүріп, бір бірімізді жете танығандай болғанбыз. Бірақ қателесіппін. 

Бүкіл мектептің қыздары ғашық болған Айдар маған сөз салғанда соған масаттаныппын. Оның ішкі жан дүниесіне үңілмей, тек сыртқы сұлулығына ғана қызыққан екем. Амал не кеш ұқтым оны. Бірақ бәрі де кеш еді. Алтын деп бағалағаным қара бақыр болып шықты. Бір жылдан соң қызды болдым. Айдар отбасының жауапкершілігі дегенге мүлде бас қатырмайтын. Оның маған деген махаббаты жылға да жетпеді. Үнемі аузынан арақ сасып, түнімен қыдырып кететінді шығарды. Небір сойқан соғыстар болды ғой. Қайсыбірін айтайын. Қызымды жетім етпес үшін бәріне де шыдап бақтым. Бірақ оның сойқандары асықынып бара жатқан соң амалдың жоқтығынан оның өмірінен жоғалуыма тура келді. Барлық істеген қысастығын кешірдім. Тіпті бәрін кешіре беріп ит боп кеткендей екем де. Шыдамым шырқау шегіне жеткенде амал жоқ қоштасуыма тура келді. Менің кеткеніме ол түйірдей де қиналған жоқ. Артымыздан тым болмаса бір рет те іздеп келмеді. Мені қойшы, тым болмаса қызына деген жылулығы жоқ адамнан қайыр күтудің өзі бекершілік екенін ұқтым. 

Жаны ашитын жалғыз ғана анам бар. Әкемнен қалған бір бөлмелі пәтерде тұрып жаттық. Қалай қиналғанымды айтып жеткізе алмаймын. Анамның там-тұм зейнетақсына күн көрдік. Онсыз да дімкәс анам дәрі-дәрмегінен артылған ақшаны бізге жұмсады. Жарытымды тамақ ішпеген соң сүтім тартылып кетті. Қызымды қосымша тамақтандыруға тура келді. Баланың тамағы тіптен қымбат. Жаялығы да аз ақша тұрмайды. Қатты қиналғаннан түнімен жылап шығатын кездерім де болды. Үстімде іліп алар ілкімді киімім де жоқ. Көшеге шығуға ұяламын. Жұмысқа шығып қосымша ақша таппасам болмайтынын ұқтым. Аннан-мұннан қарастырып көріп ем жөндемді жұмыс шықпады. Ақша беріп жұмысқа тұратындай емес, жағдайым белгілі. Содан теледидардағы жүгіртпе жолдан жарнама іздей бастадым. Жалақысы жақсы үй күтушісі керек деген соң хабарластым. Айтылған мекен жайға ертесі-ақ жеттім. Үлкен кісі екен. «Агентстводан келдің бе, рекомендацияң бар ма, бұрын қайда істегенсің…» маған түсініксіз сұрақтарды жаудырып жатыр. Өз бетімше іздеп келгенімді айттым. Одан аяғымдағы жыртық туфлиіме көз алмай біраз қарап отырды. Бұдан еш нәтиже шықпайтын шығар дедім де бұрылып кетпекке ыңғайландым. Сол кезде қарт кісі «Қызым, ертең келе бер, бірақ бір ай сынақ мерзімімен көрейік, ақшаңды жемеймін, айға дейін аз ғана төлеймін, сосын көрерміз» деді. Мұндай қуанбаспын. Әкемнен ерте айырылғам, жылуға жарымай өскен басым қызым дегеніне үгітіліп жүре бердім. Үйге келгенше жылап келдім. Осы уақытқа дейін көрген қорлығым ыза болып сыртқа ағытылып жатқан еді… 

Даңғарадай зәулім үй, тазалап шыққанша діңкең құриды екен. Жаспын ғой, білек сыбана кірістім. Қария жалғыз өзі тұрады. Өзі туралы ештеңе демеді. Бірақ үйдегі суреттерге қарап балалары бар екенін білдім. Бірақ олар қайда, әкелерін неге жалғыз тастап кеткен, ол жағы маған жұмбақ. Үй ішін айнадай жалтыратып, түскі, кешкі тамағын аз-аздан дайындап беремін. Міндетімді мүлтіксіз орындап жүрдім. Қария қазымыр емес, істеген тірлігіме көңілі толатынын байқап жүрдім. Әрі анам тамақты дәмді етіп пісіруді жастайымнан үйреткен. Ол жағынан қамшы салдырмаймын. Бал татыған тамағымды мақтап жейді. Артық-ауыс әңгімем жоқ, менің адал атқаратыныма көзі жеткен қария айдың аяғында жалақымды артығымен қолыма салды. Сондағы қуанғаным-ай. Анамның зейнетақысынан бес есе көп ақшаға дүкенге барып көптен бері тісімізге тимеген ет, сары май, ірімшік сынды оны-пұны сатып алдым. Үйге келген соң мейірімді қожайыныма алғыс айтып анам да қуанып қалды. Жағдайымыз біртіндеп оңала бастады. Бір күні кір жуайын деп киімдерді жиыстырып жатқам қарияның қалтасынан қомақты қаражат сусып түсті. Қорқып кеттім. Бір пәшке долларды өмірімде бірінші рет қолыма ұстап тұрғаным осы шығар. Мына ақшаға бірталай дүние келері анық. Шайтан азғырмасын, не ойлап тұрмын деп шошып кеттім. Дереу шалға апарып бердім. Таңырқай қарағансыған қария қалтасына сала салды. Кейін білдім ғой қожайындардың қол астындағыларын өстіп сынайтынын. Көктем шыға есік алдына гүл отырғыздым. Қария күншуақтап отырып өз өмірінен сыр шертті. Кезінде лауазымды қызмет атқарыпты. Бір баласы мен бір қызы шетелде тұрады екен. «Сол екеуін бекер-ақ сыртқа жіберген екем. Оқуларын бітіріп келген соң бұл жақта тұра алмаймыз деп шетел асып кетті. Қолымызға кел деп қанша шақырды бірақ мен онда бір аптадан артыққа шыдай алмаймын. Жылда келіп тұрады. Кемпірімнің кеткеніне де бесінші жылға айналып барады…» деді қария. Бір қызығы айналадағы екі қабатты үйдегі бай көршілеріндей есік алдында күзетші ұстамайтын еді. Тек дабыл жүйесі ғана орнатылған. Екі ай өткен соң сыртқы есіктің кілтінің бір данасын маған беріп қойды. Азанда өзің ашып кірерсің деп. Қарияның сенімінен шыға білдім. Анамның біреудің бір сабақ жібіне қызықпа дегені әбден құлағыма сіңісті болған. Әйел болған соң қызылға қызығамыз емес пе? Шкафтардың шаңын сүрткенде нешетүрлі сырға сақиналар көремін. Тағып көрер ме еді, менікі болса ғой шіркін деген ойлар болды. Бірақ лезде өз өзімді жиып аламын. Анамның ақылы миымнан шықпайтын. Осы қасиетім ақыры маған байлыққа жол ашты… 

Табан астында қызым қызуы көтеріліп ауырып қалды. Ауруханаға жүгіруге тура келді. Қарияға хабарласып жағдайымды айттым. Қызымның беті бері қарағанша араға апта түсіп кетті. Дәрілерін берерсіз деп анама дайындап жұмысқа шығайын дегем. Қарияның үйіне звандасам телефонды көтермеді. Бірнеше мәрте қоңыраулаттым. Сыбыс жоқ. Үйіне барсам ешкім жоқ. Өз кілтіммен ашып кіргем ғой. Қария қайда кетуі мүмкін? Екі қабаттың бәрін аралап шықтым, шатырға да шықтым. Ешкім жоқ. Не істерімді білмей басым қатып отырғанда әлсіз ғана дыбысты есіттім. Сол жаққа қарай қадам бассам жертөле ме бір жақтан шығады. Мен ол жаққа түсіп көрмегем. Дауыстасам жауап естілетіндей. Ыңырсығандай ма белгісіз бір дыбыс шығып тұр. Ол дыбыс асханаға алып келді. Қанша уақыт жұмыс істесем де бұл үйде мен білмейтін қалтарыстар көп білем. Асхананың жанынан сырттағы гаражға шығатын есік бар екен, одан төмен түстім. Үйдің астынан салынған гараждың жанында тұрмын. Дауыстап қоямын. Дыбыс талып талып естіледі. Қайдан шығып жатқанын ұға алмаймын. Тағы да дауыстадым. Сол кезде дыбыс гараждың оң жақ қабырғасы жағынан естілді. Тап бір шетелдегі кинолардағы тыңшы іспетті сезініп кеттім өзімді. Қабырғаларды қаға бастадым. Тоқылдатқанда ерекше бір дыбыс шығарған қабырғаны байқадым. Оны қалай ашамын. Қабырғаның арасында саңылау жоқ. Балта тауып алып шабуыма тура келді. Мәссаған қабырғаның ар жағынан лифтінің есігіне ұқсас бірдеңе қараңдайды. Миым қатты қалай ашамын деп. Дауыс сол жақтан шығып тұр. Әупірімдеп әзер дегенде әлгі қапталған қабырғаны аштым-ау. Сөйтсем әлгі лифтінің түймесі көрініп тұр. Басып едім ашылды. Ішіне кіруге қорықсам да амал жоқ кірдім. Түймені басуға үлгертпей салдыр-гүлдір етіп лифті мені әлдеқайда ала жөнелді. Жердің астына бір қабаттай түстім-ау деймін. Өз өзінен есік ашылып алдымнан тағы да бір темір есік шықты. Қолымдағы балтаны тастамағаным қандай жақсы болды. Әлгі темір есікті де балталауыма тура келді. Зіл темір есікті адам сиятындай аршыдым-ау. Сол кезде барып оның жасырын қойма екенін ұқтым. Қожайыным осында қамалып қалыпты. Әлгі жерге кіргенімде тап бір Али бабаның қоймасына тап болғандай әсерде болдым. Кісі бойындай сейф тұр, сандықтарға салынған біраз дүние бар білем. Қожайыным мені көргенде өкіріп жылап жіберді. Сөйтсем осы жерде аш, сусыз нансыз 4 күн отырыпты ғой, абайламай тетікті басып жіберіп құлыптанып қалыпты. «Өлген жерім осы екен» деп отыр екен өзі де… Дүние байлықтың адамға жолдас болмайтынын қожайыным сонда ұқты-ау деймін. Ертесіне келсем маған бір сакфояж ақша дайындап қойыпты. «Сен менің өмірімді құтқардың, қарыздармын» деді. Мен әрине дүние боққа қызықсам да бас тарттым. Қызымды аяққа тұрғызуым керектігін, жағдайымды жасау керектігін айтып ақыры ақшаны алмасыма қоймады. Сөмкені көтерейін дегенімде әлім келмеді. Сол бір сөмке ақшаны үйіме төрт күн тасыдым. Ақшаны қалай жұмсауды біледі емес пе, әлгі кісінің ақылымен төрт бөлмелі үй алдым. Біраз бөлігін банкке салдырып қойды. Ал енді біразына азық-түлік сататын дүкен сатып ал деді. «Мына ақшаның да түбі көрінер, күнделікті ақша түсіп тұратын кіріс көзі болады» деді. Ал қалған ақшаның өзі де аз емес. Тап бір өң мен түстің арасында жүргендеймін. Адалдығымның арқасында осылайша байлыққа күмп бердім.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger