Қай жігітті таңдасам екен?…

Бәлкім біріңіз осы жазып отырғанымды сынап, сол үшін мені сөгерсіз де. Меніңше өмірлік тәжрибесі бар адамдардан ақыл-кеңес сұрағанның сөкеттігі жоқ. Өйткені бүгін дұрыс таңдау жасамай, ертең ажырасып жатсаң, оның несі жақсы?! Сондықтан жар таңдауда немқұрайдылыққа жол беруге болмайды деп білем. «Адам өмірде екі нәрсеге таңдау жасағанда – жар таңдауда және мамандық таңдауда жаңылыспауы тиіс» деген қағида бар емес пе?! 

Болат екеуміз достасып жүргенімізге де жылдың жүзі болды. Екеуміз екі университетте, төртінші курсты бітірдік. Енді бір жылдан соң оқуды тәмәмдаймыз. Болашақ өмірімізге де бірқатар жоспарлар жасап қойғанбыз. Екеуміздің де ата-аналарымыз ауылда тұрады. Ауылда тұратын адамдардың тұрмыс жағдай қандай екені айтпаса да белгілі ғой. Бес-алты малын айтпасаң, басқа асып бара жатқан дүниесі жоқ. Сондықтан, біз оқу бітірген соң үйленіп, қалада қалуды ұйғарып жүрміз. Оның үстіне ауылда жұмыс та жоқ. 

Бірақ менің осы бір жоспарым бұзылғалы тұр. «Біздің» деп айтпай отырғаным, бұл жағдайдан Болаттың хабары жоқ. Нақты айтқанда, менің басқа бір жігітке көңілім ауғанынан ол бейхабар. Бұл мен үшін де күтпеген жағдай болды. Осыдан ек ай бұрын, бір асығыс шаруамен көшеде такси тоқтатып тұрғам. (Ақшасын аздау айтып тұрғанымды өзім де білем). Студенттің жағдайы белгілі ғой. Бірнеше көлік тоқтағанмен ешбірі алмай қойды. Бір кезде, бір машина келіп тоқтады. Сырт көрінісі таксилетіп ақша тауып жүрген адамға ұқсамайды. Қымбат көлік екені көрініп-ақ тұр. Көлік рөлінде жас жігіт екен. Баратын жерімді айтып едім, бағасын да сұрамай «отырыңыз» деді. Отырып алған соң «мынанша ақша берем» деп ескертіп едім, жүргізуші жігіт «ол маңызды емес» деді. Өзін Ғазиз деп таныстырды да, менің атымды сұрады. Ол атын айтып тұрған соң қылымсудың реті жоқ деп ойлап, атымды айттым. 

Жол бойы сөйлесіп бардық. Ғазиз меннен бес жас үлкен екен. Бір жеке фирмада менеджер болып қызмет істейтін көрінеді. Астына тақымдаған көлігінен, үстіне киген киімінен-ақ жағдайы жақсы екені көрініп тұр. Межелі жерге жеткенде ақша ұсынып едім, «ақшаңыздың қажеті жоқ, егер ренжімесеңіз телефон нөмеріңізді қалдырсаңыз сол мен үшін үлкен мәртебе болар еді» деп сыпайы сөйледі. Ақша алмағаныны мәз болдым ба, әйтеуір сөзге келместен телефон номерімді айттым. Ол маған «маяк» тастады да, «ұмытып қалмас үшін «Ғазиз» деп жазып қойыңыз» деді де жүріп кетті. Бүгін телефон нөмірін сұрап, ертеңінде ұмытып кете баратын көп жігіттің бірі болар деп ойладым да, нөмерін сақтамадым. 

Одан кейін ол жайлы ойлағам да жоқ. Бірақ, арада екі күн өткенде телефоныма бір бейтаныс нөмірден қоңырау түсті. Көтергенім сол-ақ атымды айтып, қал жағдайымды сұрай бастады. «Кешіріңіз, сізді танымай тұрмын» деп едім, «мен Ғазизбын ғой, менің телефон нөмірімді сақтамап па едіңіз?» деп жауап пен сұрақты қоса айтты. «Ой, кешіріңіз телефон түймешесін дұрыс баспай, сақталмай қалыпты» деп өтірік айта салдым. Менің өтірік айта салғанымды білген де шығар. Әйтсе де, «оқасы жоқ, онда қазір сақтап қойыңыз. Кешке бірге тамақтансақ қалай қарайсыз?» деді. Неге екенін қайдам ойланбастан «жарайды» деп қалай келісім бергенімді өзім де білмей қалдым. 

Ғазиз кешке келісілген жерден мені алып кетті. Мейрамханаға бардық. Шынымды айтсам, бұл жігітпен мейрамханаға алғаш келуім еді. Өзімді қалай ұстауды білмей, артық қимыл жасамауға тырыстым. Ғазиздың әрекетін бағып отырдым. Ол өте еркін. Соған қарағанда мейрамханада жиі болатын болу керек. Сондықтан тамаққа тапсырыс беруді де Ғазиздың еркіне бердім. Бір байқағаным, Ғазиз өте білімді, мәдениетті жігіт екен. Әңгімесі де нақты, негізді. Біздің студент жігіттер секілді қылжың-мылжың бос сөз айтпайды. Ғазиздың сол мінезі өте қатты ұнады. Мейрамханадан шыққан соң «киноға барсақ қалай қарайсың?» деп сұрады. Мен кеш болып кететінін айтып едім, «онда басқа күні барармыз» деді де, мені жатақханаға әкеліп тастады. Жеткізіп салған соң ешқандай бөтен қылық көрсетпей, жай ғана бетімнен сүйіп қоштасты.

Содан бері Ғазизбен аптасына бір-екі рет кездесіп жүрміз. Бірақ ол маған сезімін білдірген жоқ, бөтен қылық та көрсетпейді. Менде де оған деген ғашықтық сезім жоқ секілді. Өйткені мен Болатпен жүріп жүрмін. Болатты сүйетін сияқтымын. Ғазизды қатты сыйлаймын. Дегенмен, соңғы кезде Ғазиздың хабарласқанын, келгенін күтетін болдым. Іздейтін секілдімін. Мұның қандай сезім екенін жіте ажырата алмай жүрмін (бәлкім жақсы көлікке мініп, жақсы мейрамханадан тамақ ішкенге бойым үйрене бастады ма?!). Соңғы кезде Болат пен Ғазизді салыстырам. Болат көрікті. Мені қатты сыйлайды. Сүйеді. Бірақ материалдық жағдайы онша емес. Ал Ғазиз көрікті болмағанмен, білімді, мәдениетті, ақылды жігіт. Материалдық жағдайы да жақсы. 

Соңғы кезде санамда «Ғазиз сезімін білдіріп жатса, не жауап айтуым керек?» деген сауал пайда болып жүр (өйткені ерте ме, кеш пе сезімін білдіретініне сенімім кәміл). Расымен де Ғазиз сенімін білдіріп жатса, қандай жауап айтуым керек? Егер болашағымды Ғазизбен байланыстырсам, тұрмыс-жағдайымның жақсы болары анық. Баспана, жұмыс деген мәселе болмайды. Ал болашағымды Болатпен байланыстырсам, алда не күтіп тұрғаны белгісіз. Қай уақытта баспаналы боларымызды да бір құдай біледі. Тапқанымыздың жартысын пәтер жалдауға жіберіп, қалғаны ішкен-жегеннен артылмай, біріміз екі болмай жүреміз-ау деген күдігім бар екенін жасырмаймын. Өйткені Болаттың да, менің де ата-аналармыз бізге пәтер сатып әпере алмасы анық. 

Міне, жағдайым осы. Маған екінің бірін таңдау керек. Сондықтан өмірлік тәжірибесі бар адамдардан ақыл-кеңес сұраймын. Қайсысын таңдағаным дұрыс?

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger