Қайын атам үйімді тартып алды

Бірінші курстан соң тұрмысқа шығып кеттім. Тәтем «оқуға түсірген еңбегімді далаға кетірдің» деп қатты ашуланды. Мен де, жігітім де «оқу аяқсыз қалмайды» деп уәдені үйіп-төгіп құтылдық. Әкем қолында бар техникаларын сатып, ұзату тойын жасады.

Менің пәтеріме пәтерші кіргізіп, ата-енемізбен бірге тұрдық. Екінші курста оқып жүргенімде балалы болып, оқуды уақытша доғара тұрдым. Дүниеге қыз бала келді. Үй ішіндегілер, қайын атам да, енем де немерелерін қатты жақсы көреді. Сөйтіп жүргенде, бір күні қайын атам: «Мен бір керемет коттедж көрдім. Екі үйді сатып, соны алайық. Кейін бәрі сендерге қалады ғой», — деді. Анамнан қалған көз болғандықтан, пәтерімді сатқым келмеді. Үндемегенімді жақтырмай, атам тосын мінездер шығара бастады. Күнде кешкісін, күйеуім жұмыстан келген соң атам «Ана үйді алсақ, бүйтер едік, сүйтер едік» — деп, күйеуімді сөзбен мінеп, сынап, тиісіп отыратын болды. Отырсақ опақ, тұрсақ сопақ бола бастадық. Содан атам маза бермей, құлақ етімді жей берген соң пәтерімді сатып жібердік. Пәтер сататынымызды, әрине, тәтем білмей қалды. Зымиян қайын атам мүләйімсіп, әкемнен рұқсат сұрады. Әкем ұялғанынан «мейлі» дей салды. Мен ол кезде баламен басым қатып жүрген адаммын, ештеңенің байыбына бара қоймадым.

Пәтер сатылып, коттеджге көштік. Қызым біраз өсіп қалған, енем жұмысынан шығып, үйде баламен отыратын болды да, мен оқуымды жалғастыруға бет алдым. Мені «орын жоқ» деп сылтауратып, колледж оқуға алмады. Мәселеге тағы да тәтем кірісіп, мені ақылы бөлімге әрең кіргізді. Колледж басшылары болса «Академиялық демалыстан келген адамды бюджетке қабылдамаймыз. Ақылы оқуға кіргендеріңізге тәуба етіңіздер» деп міндетсіді. Кіріп алған соң тәтем жоғарыдағыларға хабарласып, мені қайтадан тегін бөлімге ауыстыртты. Бірақ мен оқуды дұрыс оқи алмадым. Үйге барсаң, қайын атаң әр қадамыңды санап, істеген ісіңнен кемшілік тауып ызыңдайды да отырады. Күйеуге тиген қайын сіңлімнің баласы да біздің үйде, енем менің қызыммен қоса оны да бағуда. Екінші қайын сіңлім тұрмысқа шыққанымен бір ай болар-болмаста ажырасып келген. Қысқасы, үйде үш қайын сіңлім тізіліп отырады. «Үйтпедіңдер, бүйтпедіңдер» деп атам отырады. Бара-бара күйеуім екеуміздің арамыз бұзыла бастады. Күйеуім таксишілеп жүрем деп кетеді де, түнімен жоғалады. Кей күндері арақ ішіп алып, менімен байланысып, тіпті ұрып-соғатын болды. Көңіл күйім болмай, мен қайтадан сабақтан қол үзіп, академиялық үзіліске кеттім.

Қазір күйеуім екеуміз ажырасып кеттік. Ол мені ұра берген соң шыдай алмадым. Және атамның әр ұсақ-түйекке араша ызыңдағанын көтере алмадым. Оның үстіне байда жүргені бар, қайтып келгені, тимегені бар – үш қайын сіңлімнің сазарған түрлерін көргім келмейді.

Өз пәтерімізде бөлек тұрып жатсақ қой, тыныш өмір сүріп жатар едік. Амал не? Қайын атамның майда тіліне сеніп, сан соғып қалдым. Ол коттеджді өз атына жазып қойған.

Қазір мен балама алимент алып жатырмын. Пәтер жалдап, дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Қолымдағы, өне бойымдағы алтын атаулының бәрі ломбардқа жем болып кете барды. Ақыр аяғы анамнан қалған баспанаға ие бола алмаған соң несін айтасыздар?

Маған көмектесе-көмектесе шаршаған тәтемнің жүйкесі қатты тозып кеткен. Менімен жайбарақат сөйлесе алмайды. Менің жасаған қателіктерім есіне түсіп, долданып, өз-өзіне ие бола алмай қалады. Жеме-жемге келгенде ешкімнің ештеңесі кеткен жоқ, далада қалған мен ғана. Қазір пәтер жалдап қаңғырып жүрмін. Ақымақтығымнан. Қолда бардың қадірін білмегендіктен. Барды бағаламағандықтан. Қарыз дегеніңіз бастан асады.

Қайын атам болса менің анамнан қалған мұраны жамбасына басып, шырт-шырт түкіріп отыр. Үш қызы кейде баламды алып кетуге барсам, «дура» деп, неше түрлі сөз айтады маған. Шешемнің дүние-мүлкі өзімде үй болмағандықтан, сол үйде қалды. Сонда тозатын да шығар.

Кезінде атам бізге «коттеджді ұлымның атына жазамын, сонда оған сен де ортақ боласың» деген. Сөзінде тұрмады. Өз атына жазып қойды. Қазір ол мені «ертең әперем үйіңді, бүрсігүні әперем» деп емексітіп, уақыт өткізіп келеді. Не істерімді білмей, басым қатты. Бақытты басқа тепкен деген осы ма екен…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Advertisment ad adsense adlogger