Қала заңсыз қоқыс алаңдарынан арылады

Просмотров: 9

Теміртауда Аманжолов және Подгорная көшелерінде бұрыннан бері заңсыз жиналған қоқыс алаңы бар. Бүгінде сол жердегі қоқыс қалдықтарын жою үшін сегіз арнайы техника мен алты адам жұмылдырылған. Қоқыс тиеген техникалар күн сайын 30-40 рейс жасауда. Бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қолға алынып, бюджеттен арнайы қаржы бөлінген.

Аманжолов көшесіндегі қоқыс үйіндісін тазалау тамыз айының соңынан басталған. Жұмыстарға жауапты – «Ботақара 2030» ЖШС мердігер ұйымы. Қызметкерлердің айтуынша, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары өте көп жиналған. Сонымен қатар, аумақта жол салу үшін қажет қиыршық тастар алынған кезде пайда болған терең шұңқырлар да бар. Жол жөндейтін жауапты компаниялар сол шұңқырларды кейін жабусыз қалдырып, олар қоқыс төгілетін орынға айналған.
– Қоқыс өте көп, ұзақ жылдар бойы жиналып қалған. Қоқыстың басым бөлігін тұрмыстық және құрылыс қалдықтары құрайды. Қазіргі таңда 65 мың тоннаға жуық қоқыс шығардық. Осыдан кейін аумақты қалпына келтіруді бастаймыз. Жерді тегістеп, ретке келтіретін боламыз, – деп атап өтті «Ботақара 2030» ЖШС өкілі Рахат Омаров.
Қоқыс алаңдарын жою жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады.

Өз тілшімізден

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған