Қаладағы қала көрмесі өтті

Просмотров: 28

Теміртау – қара металлургия­ның Отаны. Жалын жұтып, от бүріккен еңбеккерлердің маңдай тері осындай зәу жетістікке жеткізді. Оттың қызуымен қазына жиғандар әсте құрметке лайықты. «Қаладағы қала». Металлургтер күні мерекесіне орай Теміртау қаласының Тарихи-өлкетану мұражайында ашылған экспозиция осылай аталады.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Экспозиция осындағы қалақұрушы ірі кәсіпорын ҚарМет тарихы мен күрделі инфрақұрылымы туралы сыр шертеді. Өйткені, аумағы 7 гектар жерді алып жатқан осынау алып өндіріс орнын, шын мәнісінде де, «Қала ішіндегі қала» деуге болады.

Мұражай қызметкерлері экспозиция­ны дайындау барысында қарапайым мәтіндер, түрлі-түсті шешімдер және көрменің техникалық орналасуы есебінен кәсіпорын дамуы мен өркендеуін 3 деңгейде көрсетіп, танытуға ұмтылған.

– «Қаладағы қала» экспозициясы – бұл комбинатқа мүлдем басқа қырынан қарағандағы көзқарас. Комбинаттың сыз­басына көз салсаңыздар, көшелер, ғимараттар, өндірістік кешендер, теміржол жолдары, медициналық пункттер, өрт сөндіру бекеттері, автобус аялдамалары, жаяу жүргінші өткелдері бар 700 гектар жер көлемінде орналасқан шағын қаланы көруге болады. Біз ұжымымызбен бірлесіп шешіп, осындай бір көшелі көрмені ұйымдастыруды ұйғардық. Өйткені, біздің сүйікті шаһарымыз металлургтердің қаласы. Көрмеге қала тұрғындары көптеп келуде. Әсіресе комбинатта еңбек еткен ардагерлер ризашылықтарын білдіріп жатыр, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері, көрме кураторы Татьяна Хмелеве.

Музей қызметкерлері экспозицияны бірнеше деңгейге бөлген. Бірінші деңгейі – бұл экспозицияның негізін қалаған комбинат сызбасы. Онда ҚарМет негізгі өндірістерінің нысандары түрлі түстермен ұсынылған. Ал, екінші деңгей – бұл түс сызбасы. Осы сызбадағы түс өндіріс атауы және құрылымымен салыстыруға мүмкіндік береді. Ең соңғы үшінші деңгей – сызбадан металл тіректерге және ақпараттық блоктарға өтетін түс сызықтары.

Мұражай қоры және заманауи суреттер, экспонаттар мен мәтіндік материалдар арқылы өндіріс тарихы мен технологиясы толығымен ашылады.

Көрменің ашылу салтанатына Қарағанды металлургиялық комбинаттың ардагерлері және Шаңырақ орталығының еріктілері арнайы қатысты.

– Көрме ашылады деп хабар алған соң міндетті түрде баруды мақсат еттік. Баяғы әріптестеріміз жиналып, сол бір оттың ортасында жүріп, болат балқытқан кездерді, еңбектің қайнаған кезін көз алдымызға келтірейік деп. Солай болды да. Мұражай қызметкерлеріне мың рақмет айттық. Көрме жылдағыдан ерек шықты. Сол бір комбинаттағы шақтарымызға сапар шегіп қайттық, – дейді ардагер металлург Өтеген Ғабдуллин.

Экспозиция жексенбіден басқа күндері бір ай бойы жұмыс істейді. Мұнда көрмеге келушілер комбинаттың агломерация, кокс-химия, домна, болат балқыту және илеу, қосалқы цехтары туралы біле алады.

Ержан ИМАШ,
 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған