Алып қашудың құрбаны болған қыз басынан өткен сұмдықты айтып берді

Шымкентте үшінші қабаттан секіріп кеткен қыз өзін күшпен алып қашқан жігіт туралы айтып берді, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

19 жастағы қыз өзін-өзі өлтірмек болған. Ер адам алып қашып, зорлап, қорлық көрсетіп, әйелі болуға мәжбүрлегеннен кейін осындай жантүршігерлік қадамға баруға бел шешіпті. Бойжеткеннің «қақпанға» қалай түсіп, қандай сұмдықты бастан кешкені туралы телеарна тілшісі сұрап білген.

Қаңтар. Жыл басы. Болашаққа жаңа қадам басқан шақ. Студент қыз даяшы болып жүрген дәмханадағы күтпеген таныстық оның өмірін бастан-аяқ өзгертіп жіберді. Келген қонақ бойжеткенді ұнатып, телефон нөмірін сұраған. Бірінші кездесуден кейін-ақ қыз жігітпен әрі қарай араласқысы келмейтінін түсінеді. Бетін қайтарғанына төзбеген ер адам жас қызды алып қашыпты.

«Телефонымды тартып алып, өшіріп тастады. Ақ орамал алып шықты. Басқа бөлмеде әйелдер көп болатын. Бірақ мен қалмаймын дедім. Құлақ аспады», — дейді жәбірленуші.

«Күйеу жігітпен» жыныстық қатынасқа түсуге қыз үзілді-кесілді қарсылық білдірген. Бұған күдіктенген «ата-енесі» бірден гинекологқа алып барып, пәктігін тексертіпті. Кейін жастарды жалдамалы пәтерге жібереді.

«Қыздың ықтиярымен ештеңе болмаған. Оны мәжбүрлі түрле пәктігінен айырды. Зорлады. Ол мұны қаламаған еді. Барынша қарсылық көрсетті. Оқиға 25-і күні болып, 27-сі күні қайталанған. Біз сотқа дейін жеткіземіз», — деп хабарлады жәбірленушінің заңды өкілі Еркін Қаһаров.

Бойжеткен ұзақ уақыт бойы өзі тап болған отбасының қорлығына ұшырайды. Бетіне түкіріп, тіпті соққыға да жыққан… 31 қаңтар – өзінің туған күнінде шарасыз күйге түскен жәбірленуші дәрі ішіп алып, үшінші қабаттан секіріп кетеді. Абырой болғанда, аман қалыпты. Қазір бас сүйек-ми жарақатын алып, омыртқасына зақым келіп ауруханада жатыр.

«Көз алдымда өліп кете жаздады. Қызымды олардың үйіне жібергім келмейді. Өздері бетпақ. Енесін көрдім. Қызымды қарғап сіледі. Олар бізге хат жолдаған болатын, қызымның жазуын танығанмын. Сөйтсем, жазуға мәжбүрлепті. Дәстүрге сай туыстарымды жібердім. Бірақ әлгілер қызымызға жолатпай қойған», — дейді жәбірленушінің анасы.

Бұдан бұрын Шымкенттің полиция департаменті хабарлағандай, 31 қаңтарда 19 жастағы қыздың өзін өлтірмек болуына қатысты ҚР ҚК 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүріп жатыр. Күдікті анықталып, әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жеткізілген. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.

 

Advertisment ad adsense adlogger