«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы: Қармақшы ауданында 106 отбасы баспаналы болды
«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қызылорда облысы Қармақшы ауданында 106 пәтерлік 53 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев баспана иелерін құттықтап, өңірде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
«Қызылорда облысында президентіміздің, Үкіметтің қолдауымен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Баспанамен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысына және жеке салушылардан дайын пәтерлер сатып алуға 39 млрд 100 млн теңге қарастырылып, жыл қорытындысымен 2500-ден астам пәтер беріледі. Ұлттық жоба аясында 1154 пәтерлік 21 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік жағынан осал топтар үшін 1819 пәтер, апатты үйлер орнына 135 пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінде 1114-і сатып алынды. Кейінгі екі жылда 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, аймақта тұрғын үй құрылысының көлемі 126 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2022 жылы 683 мың шаршы метр болса, биыл жыл соңына дейін 864 мың шаршы метрге ұлғаймақ. Қармақшы ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Былтыр аудан бюджеті 13 млрд 353 млн теңге болса, биыл 17 млрд 825 млн теңгеге жетіп, 25 пайыз өсім тіркелді. Бұл қаржы аудан тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Биыл 2 млрд 100 млн теңгеден астам қаржыға автомобиль жолдары жөндеуден өтті.
«Жосалы кентіндегі теміржол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысын бастауға мемлекеттік сатып алу жүргізілуде. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында тұрғындарды газбен қамтуға ерекше мән беріп келеміз. Жосалы, Төретам кенттері мен Ақай ауылдық округі «көгілдір отынға» қосылды. Бүгінде аудан халқының 77,5 пайызы табиғи газ қолдануда. Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» ықшам ауданы газдандырылып, Дүр Оңғар ауылдық округінде жұмыс басталды. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту жұмысы аясында былтыр Көмекбаев, Алдашбай ахун, Қармақшы елді мекендерінде 3 жоба жүзеге асса, биыл Байқоңыр қаласында 1 жоба қолға алынды», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.