Қарағанды индустриялық университетінің студенттерімен кездесу өтті
Теміртау қаласында жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесулер жалғасуда. Осы бағыттағы кезекті кездесу Қарағанды индустриялық университетінің студенттерімен өтті. Шара барысында қалалық коалиция мүшелері жастармен жүздесіп, Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасы бойынша жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу барысында студенттерге ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулардың негізгі бағыттары түсіндірілді. Сондай-ақ жаңа нормалардың қоғам дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және елдің тұрақты дамуына ықпалы туралы айтылды. Коалиция өкілдері алдағы референдумның маңызына тоқталып, әр азаматтың ел болашағына қатысты шешім қабылдаудағы жауапкершілігі ерекше екеніне назар аударды.
Жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Пікір алмасу барысында студенттер конституциялық реформалардың мәні мен маңызын талқылап, қоғамдағы өзгерістерге қатысты көзқарастарын білдірді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулер жастардың құқықтық және саяси сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ олардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына ықпал етеді.

