Қарағанды облысында инклюзивті қызмет қолжетімді бола түсті

Просмотров: 18

Қарағанды облысында инватакси қызметі қол жетімді бола түсті. Ерекшелігі бар азаматтар облыстың барлық қала аудандарына кез-келген уақытта қатынай алады.

– Облыстың барлық өңірлерінде «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. 120 автокөлігі бар 15 қызмет орталығы ашылды. «Инватакси» қызметін 2218 адам пайдаланады. Сонымен қатар, «Инватакси» аутизм спектрі бұзылған және церебралды сал ауруы диагнозы бар балаларға да қолжетімді, — деді облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Қарағанды облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.

Сондай-ақ, шипажайға барғанда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жүріп тұруына жауапты күтушісінің шығыны толық өтеледі. Сол себепті аймақта шипажайларда ем алатын I топтағы мүгедектігі бар азаматтардың саны   артқан.

Қарағандыда мүгедектер арбасын жөндейтін сервис орталығы жұмыс істейді. Мұнда тек жөндеумен шектелмейді. Арбаларды тазартып береді. Сонымен қатар жеке параметрлерге сәйкес таңдап алу бойынша да көмек көрсетіледі. Арба жөнделіп жатқанда, орнына уақытша басқасы беріледі. Мұнда 4 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты жұмысқа орнласқан.

Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді әлеуметтік және транспорттық инфрақұрылымды жасау басты назарда.

Осы мақсатта алыдмен әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету нысандары мүгедектігі бар азаматтарға бейімделіп жасалуда. Бүгінде қолжетімділік интерактивті картасы толтыруда. Қазіргі деректерге сүйенсек, Қарағанды облысында 970 объектіде инклюзивті орта құрылды. Сайтқа кірген азаматтар картаны жетілдіру үшін өзінің пікірлерін қалдыра алады.

Салынған жаңа ғимараттарды мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді ету үшін облыста комиссиялар құрылды. Олар нысанды пайдалануға беру актілерін келісуге қатысады. Сондай-ақ, объектілерді тексеріп, ғимарат иелеріне ұсыныстар беретін мобильді топтар жұмыс істейді.

Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы техникамен қамтамасыз етіп, уақытылы оңалту емдік курстарынан өткізу маңызды, деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

– «Инватакси» қызметі үздіксіз болуы тиіс. «Мүгедектер арбасын жөндеу» жобасы үлкен сұранысқа ие. Мүмкіндігі шектеулі әрбір адам оны пайдалана алуы үшін ол туралы көбірек ақпарат айтылуы керек. Интерактивті қолжетімділік картасының көмегімен мүгедектігі бар адамдар қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік алады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Ғимараттың әрбір иесі объектіні бектіліген нормаға сәйкес келтіруі керек. Бұл ерекше азаматтардың өмірін жеңілдетеді. Қалалар мен аудандар әкімдерінен мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруды және оңалту жөніндегі шараларға ерекше назар аударуды сұраймын, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған