Қарағанды облысының еңбек ұжымдары Конституция жобасын қолдайтындарын мәлімдеді

Просмотров: 12

Қарағанды облысы аумағында жаңа Конституцияны талқылау мақсатында өңірдің жетекші кәсіпорындары мен мекемелерінің еңбек ұжымдары «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдерімен кездесті. Кездесулер барысында Ата заңның жаңа жобасындағы ережелер, негізгі басымдықтар және қоғам мен мемлекет арасындағы ашық әрі сындарлы диалогты қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Коалиция құрамында Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Рысқали Әбдікеров, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Руслан Никонович және «Жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ жетекшісі Темірхан Абылаев болды.

Алғашқы кездесу Осакаров ауданы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен ұйымдастырылып, Осакаровка кентіндегі Мәдениет үйінде өтті. Оған шамамен 200 адам қатысты. Тұрғындарға заң үстемдігін нығайту, мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған нормалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Диалог әрі қарай Нұра кенті көпсалалы колледжі мен аудандық медицина қызметкерлерімен жалғасты. Мұнда бюджет саласы мамандарының әлеуметтік қорғалуын кеңейту, басқару процестерінің ашықтығын арттыру және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін күшейту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар «Қаратал» КМП ұжымымен өткен кездесуде еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктер, реформаларды іске асыруға халықтың қатысу тетіктері түсіндірілді.

Кейін Шахтер ауылы Мәдениет үйінде «Шахтерский» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиында конституциялық өзгерістердің өңірдің тұрақты дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызы атап өтілді.

Барлық кездесулер ашық форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікірлерін білдіріп қана қоймай, конституциялық нормаларды іске асыру тетіктерін жетілдіру жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков еңбек ұжымдарымен жүргізілетін түсіндіру жұмыстары азаматтарды жаңа нормалармен таныстырып қана қоймай, реформаларды жүзеге асыру барысында олардың нақты сұраныстары мен ұсыныстарын ескеруге мүмкіндік беретінін айтты. Ал Рысқали Әбдікеров референдумға қатысу қоғамдық келісімді нығайтып, облыстың әрі қарай дамуына серпін беретінін атап өтті.

Жиындар нәтижесінде еңбек ұжымдары жаңа Конституцияның мақсат-міндеттерін қолдайтынын білдіріп, реформалардың өңірдің тұрақтылығы мен өркендеуіне бағытталғанын жеткізді. Жалпыұлттық коалиция алдағы уақытта да ел аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастырады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған