Қарағанды облысының колледж түлектері жұмысты оңай табады
Қарағанды облысында колледж түлектерінің негізгі бөлігі жұмыс табады: жұмысқа орналастыру 90%-дан асады. Биыл 52 оқу орнынан 10 мың маман шығады. Жұмысқа орналасу жағдайы туралы аппараттық кеңесте айтылды.
— Өткен жылы колледж түлектерін жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту деңгейі 90,8%-ды құрады. Мониторингке сәйкес, жұмыспен қамтудың ең көп пайызы денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік ғылымдар мен ақпарат, ауыл шаруашылығы, өнер және гуманитарлық ғылымдар сияқты салаларда байқалады. Түлектер өңдеу өнеркәсібі, инженерлік сала, құрылыс, қызмет көрсету және білім беру салаларында да жұмысты оңай табуда. Жұмыспен қамтудың орташа және төмен деңгейі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жаратылыстану ғылымдары мен математика, бизнес, басқару және құқық салаларында тіркелген, — деп баяндады білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова.
Оның айтуынша, биыл жұмысқа орналастыру көрсеткіші 93%-ға дейін артуы мүмкін.
Басқарма басшысы бұған не ықпал ететінін айтты. Біріншіден, колледждерді бейімдеу басталды. Екіншіден, міндетті жұмыспен қамтылатын кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды мақсатты даярлау енгізілді: 8 мыңға жуық шарт жасалды, 74 компаниялар колледждерді қамқорлыққа алды. Үшіншіден, 40-қа жуық колледж дуальді оқытуға көшті. Басқа факторлардың қатарында өңір экономикасында сұранысқа ие мамандықтарға, WorldSkills стандарттарын енгізуге, колледждер жанынан жұмысқа орналастыру және мансап орталықтарын құруға бағдарланған.
Колледждерде бос орындар жәрмеңкесі өткізіледі: биыл олардың саны 20-дан асты.
Жұмысқа орналасу деңгейі жоғары Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің директоры Құралай Әбенова өз тәжірибесімен бөлісті. Мұнда тамақтандыруды ұйымдастырушылар, аспаздар, кондитерлер мен технологтар дайындалады, биыл — 231 түлек оқуын тәмамдайды. Көптеген студенттер өндірістік тәжірибе кезінде жұмыс берушілермен келіседі.
— Жыл сайын қоғамдық тамақтану саласындағы жұмыс берушілердің форумы өткізіледі. Жұмысқа орналасқан түлектердің 70%-ы колледждің әлеуметтік серіктестерінде жұмыс істейді. Біз халықаралық тағылымдамалар бойынша жұмыс жүргізудеміз, өткен жылы Түркияға екі студент, ал биыл бес студент жіберілді, — деп атап өтті Құралай Әбенова.
Аппараттық кеңесте сондай-ақ жазғы демалыс кезінде оқушылар мен студенттердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктері туралы айтылды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар тілек білдірушілер Мансап орталықтарға хабарласса, оларға лайықты уақытша жұмыс табуға көмектесетінін айтты. Бұдан басқа, Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының платформасында «Менің жазғы демалысым» арнайы бөлімі іске қосылды. Ал Skills.Enbek платформасында тегін кәсіби курстарды таңдау мүмкіндігі бар.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев колледждердің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылын және кәсіптік бағдарлау жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті. Аймақ басшысы сондай-ақ жазғы демалыс кезінде оқушылардың бос уақыты мен жұмыспен қамтылуы, қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берді.