Қарағандыда этномәдени бірлестік өкілдері Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатурасына қолдау білдірді

«Литва ауласы»  мәдениет және бизнес орталығында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына арналған «Біздің таңдауымыз – бірлік пен келісім» атты  жалпы республикалық электоралды акциясы аясында Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен 70-ке жуық адамның басын қосқан форум өтті. Форумға қатысушыларды Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Понтос» грек этномәдени бірлестігінің төрайымы Деспина Касапиди құттықтап, 9 маусымда өтетін президент сайлауы Қазақстанның одан әрі даму бағытын анықтайтынын атап өтті.

«Бұл оқиғаның тарихи маңызы бар деп айтуға болады. Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Бізді қасиетті жердің ортақ құндылықтары саналатын: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділеттілік пен құқық теңдігі біріктіреді. Бұл біздің тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жеткен жетістігіміз»,- деді Деспина Касапиди.

  2019 жылдың 9 сәуірінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 9 маусымы күні мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдағаны баршамызға мәлім. Осы себепті 2019 жылдың 23 сәуірі күні  «NurOtan» партиясының XIX кезектен тыс съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.

Қарағанды «Болашақ» Академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының кандидаты, облыстық Ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Гүлнара Рысмағамбетова халықты алдағы сайлауда өз ұстанымын білдіріп, дауыс беруге шақырды.

– Өткізілгелі тұрған кезектен тыс сайлау еліміздің ішкі және сыртқы саясатының сабақтастығы, болжамдылығы мен тұрақтылығының тетігіне айналмақ. Біз бұл қадамды толық қолдаймыз және Тұңғыш Президентіміз -Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын қатаң әрі дәйекті түрде жүргізетін Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы үшін өз дауысымызды береміз. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды тұғырнамасында: Сабақтастық. Әділдік. Прогресс деп аталатын  ұстанымдарын нақты атап өтті. Бізді біртұтас халық ретінде бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік, барлығына бірдей тең мүмкіндіктердің болуы сынды ортақ құндылықтар біріктіреді. Біз үшін ең маңыздысы еліміздің  жасампаз өзгерісі мен ертеңгі күнге деген сенімділігі.

«Полония» облыстық поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский жалпы республикалық электоралды акцияны қолдайтынын жеткізе отырып,   өз сөзінде: «Бұл сайлау мемлекетіміздің болашақта тұрақты дамуына, елдің әлемдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және халқымыздың әл-ауқаты мен өркендеуі үшін қажет.  Ұлттар  достығы — Қазақстанның бүкіл әлемді мойындатқан баға жетпес игілігі. Менің ойымша ол экономиканың өсуі мен қоғамдағы тұрақтылықтылықты дамытудың басты шарты болып табылады. Естеріңізде болса, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекетіміздің қалыптасу кезеңінде сөйлеген сөзінің бірінде: «Әр түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы сенім мен барлығының заң алдындағы теңдігі болмаса, мемлекеттің өсіп өркендеуі де, қарапайым халықтың бақытты ғұмыр кешуі де мүмкін емес», — деген еді. Расымен де, уақыт бұл сөздердің әділ айтылғанын дәлелдеді. Шын мәнінде, бейбітшілік пен келісім, тұрақты қоғамдық-саяси жағдай бізге бүгінгі күні жемісті еңбек етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Виталий Альбертович.

Сондай-ақ, алдағы сайлауға қолдау ретінде этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары мен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аймақтық штабының белсенділері атынан сөз алған Вида Грейчуте: «Мерзімінен бұрын президент сайлауы — бұл әр адамның өз болашағына үлес қосуға жасалған үлкен мүмкіндік. Біз дұрыс жолды таңдаймыз. Дәл осы күні біздің мемлекетіміздің ары қарайғы даму бағытын біздің таңдауымыз айқындайды. Егер біздің әрқайсымыз мемлекет дейтін біртұтас, үлкен тетіктің бір бөлігі екенімізді түсінсек, сайлауға барып, дауыс беріп, тарихи сәттің куәгері болуымыз қажет. Еліміздегі  этносаралық және қоғамдық келісімді сақтау мен дамытуда әрбір азаматтың дауысы мен пікірі аса маңызды», — деп атап өтті.

Шара соңында сөз алған Деспина Касапиди жиналған қауымға: Құрметті форумға қатысушылар! Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев барлық Қазақстандықтарды және Ассамблея мүшелерін алдағы сайлауға белсене қатысып,   тағы бір мәрте бірліктің нағыз үлгісін көрсетуге шақырды. Біз, қарағандылық этномәдени бірлестік өкілдері тарихи дамудың жаңа кезеңінде Қазақстан Президенті лауазымында тарихи миссияны орындау міндеті мен ел тізгінін Қасым-Жомарт Тоқаевтың иеленгені дұрыс деп санаймыз. Барлықтарыңызға табыс, амандық тілеймін, — деді.

 

 

 

Advertisment ad adsense adlogger