Қарағандыда күйеуін ұрған әйел жауапкершілікке тартылды
Қарағандыда әйел күйеуін ұрғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ол жанжал кезінде ер адамның басынан таспен ұрған. Бұл туралы 247media.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға биыл 21 сәуірде сағат 00:10 шамасында 23-шағын ауданында орналасқан 13-үйдің 2-кіреберісінде болған.
Жанжал кезінде күйеуі кәмелетке толмаған балаларын мопедтен итермек болған. Сол кезде әйел оның басынан таспен ұрған. Осылайша дене жарақатын салған. Сараптамада әйелдің де денсаулығына жеңіл зиян келгені көрсетілген. Сонда да ер адам әйелін жауапқа тарту туралы шешім қабылдады.
“Оған қатысты әкімшілік қылмыстық кодекстің 73-1-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру), бойынша іс қозғалды. Кейінірек іс сотқа жіберілді”, – делінген сот хабарламасында.
Істің барлық мән-жайын қарағаннан кейін сот қарағандылықты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тауып, оны 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға үкім шығарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Мұндай оқиғадан кейін ерлі-зайыпты бірге өмір сүруді жалғастыра ма әлде қарым-қатынасқа нүкте қоя ма, бұл туралы сот хабарламады.