Қарағандылық ұландық Азия чемпионатында самбодан алтын жүлде жеңіп алды
Ағымдағы жылдың 14-20 сәуір аралығында Өзбекстан мемлекетінің астанасы Ташкент қаласында самбо күресінен Азия және Океания Чемпионаты өткізілді.
Аталмыш чемпионатқа 21 елден келген спорт шеберлері 38 салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Сондай-ақ, аталмыш чемпионатқа Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, Конуров Ержан қатысып өз күшін сынады. Ол 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.
«Бұл жарыс мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Азияның ең мықты спортшыларымен белдесу оңай болған жоқ. Әр кездесу – нағыз сын. Бірақ жаттықтырушыларымның, бөлімімнің қолдауы мен сенімінің арқасында жеңіске жеттім. Қазақстанның, Ұлттық ұланның намысын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе.-деп атап өтті Ержан Қоңыров.
Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған барлық спортшыларға арнайы медальдар, грамоталар бағалы сыйлықтар табысталды.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі.