Қарағандылық студенттер қара сабын қайнатуда

Қазіргі нарықта құрамында артық қоспасы жоқ, яғни, ароматизаторлар мен бояғыштарсыз жасалған сабын табу қиын. Әсіресе, көктем мен жаз айларында ағзада аллергия туғызбайтын сабын іздеп шарқ ұратындар қаншама? Дертіне дауа іздегендер халық медицинасын құп көріп, құрамында қоспасы жоқ қара сабынды қолданып жүр. Мың бір ауруға ем сол сабынды Қарағанды медицина университетінің студенттері Дәулет Ыбырай мен Айжан Мәлікова үйде қайнатады. Үлкендер жағы медицина дамымай тұрғанда қолдан жасалған сабынның көмегімен жұқпалы тері ауруларын емдепті. Сонымен, ол қандай сабын еді?

Адыраспан және қойдың майы

– Біздің «қара сабынның құрамы бар болғаны екі қоспадан тұрады, оның бірі – қойдың майы, екіншісі – адыраспанның күлі. Әлемдік нарықта жалпы сабынды жасау технологиясы бар екені белгілі. Бірақ, қара сабынның баламасы жоқ. Ол – бізге ата-бабаларымыздың тартуы, – дейді сабын жасаушы Дәулет Ыбырай.
Оның айтуынша, қазақтар тұрмыста қойдың құйрық майын кеңінен қолданады. Ерітілген құйрық май әлі күнге халық медицинасында тыныс алу жолдарының ауруларына, созылмалы жөтелге, тұмауға және денедегі жараларға ем. Ал, адыраспанның киелі шөп екенін бағзыдан білген қазақ оны тері ауруларына, әсіресе құяңмен сырқаттанғанда, суық тигенде, өкпе демікпесінде, талма дертіне қарсы қолданған. Осылайша, бар болғаны екі қоспадан тұратын қара сабынның шипалы әрі емдік қасиетін дәлелдеген. Бір қызығы, экологиялық таза әрі табиғи сабынның құрамында химиялық заттар жоқ. Қарапайым құйрық май мен адыраспан өсімдігінің күлінен жасалған сабын псориаз, экзема сияқты тері ауруларын емдеп жүрген көрінеді.

«Әжем алаботадан сабын жасайтын»

Дәулет тілге тиек еткендей, ертеде атабабаларымыздың алаботадан сабын жасағаны белгілі. Мәселен, Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек орта мектебінің 6 – шы сынып оқушысы Әнел Тикенова нағашы әжесі Тишбала үйреткен алаботадан сабын жасау технологиясын әлі күнге жақсы білетінін айтады. Өзен жағасында өсетін алаботаның аналығын күзде жинап алып, өртейді. Алаботаның күлін суытып, кендір қалтаға салады. Әсіресе, кесек-кесек боп ұйыған күл қорытпасынан сақар көп шығады. Сақар – сабын құрамының негізгі қоспасы. Сақар бір жыл бойы сабын жасауға жетуі керек болғандықтан, оны алу барысы бір күннің шаруасы емес екен. Қазанмен қайнатқанда, шамамен үлкен бір әулеттің бір жылдық сабынына қажетті қоспа даяр болуы тиіс.
– Күлің қанша көп болса, соғұрлым жақсы. Себебі, төрт-бес қалта күлден, жарты қалта сақар алынады. Қалтадағы күлді шиден жасалған шыптаның үстіне жұқа мата жайып, айналасын қымтап, ойыққа төгіп, астына үлкен тегене қояды. Күлдің үстінен сақылдап қайнаған суды құяды. Сол кезде күлдің сөлі, нәрі сумен бірге ағып, тегенеге жиналады. Сол суды тұндырып, астындағы тұнбасына қоспастан майланған қазанға құйып қайнату керек. Нілі сорғыған күлді ауыстырып, жаңалап, астындағы жиналған суды тұндырып, майланған қазанға дер уақытында құйып алу керек. Қарағай, қайың, тораңғы секілді бір қалыпты маздап жанатын ағаштармен қайнаған күлдің суы құрғақ сақарға айналады. Төртбес қазан күлдің сөлді суынан жарты қазан сақар жинауға болады, – дейді Әнел.
Сөйтіп, қазан үш рет қайнайды. Әр қайнаған сайын бетіне суық су бүркіп, ожаумен аздап құйып отыру қажет. Қазан тасыған соң барып қоспаңыз сабынға айналады екен.
Ақтоғай ауданының тұрғыны Күләш әже де бүгіндері ұмыт болып бара жатқан қара сабынды жасаудың өзі оңай шаруа емес екенін айтады.
– Ертеректе сабынды кез келген адам қайната алмайтын. Тіптен, сабын жасайтын қазанның маңына бөгде кісі жоламайтын. Жасаған адам алдымен «бісімілләні» айтып, Алладан ісіне игілік сұрауы керек. Егер сабыны дұрыс қайнамаса, сабын қайнатқан адамның жолы ауыр болады» деп тұжырымдайтын, – дейді Күләш әже.

Адыраспан, әлде алабота?

Әжелердің айтуынша, сабын жасауда адыраспанның орнына алабота, сексеуіл, қарасора сияқты басқа да өсімдіктердің күлін пайдалануға болады. Бастысы өсімдіктің құрамында сабынды көпіршітетін құрам болғаны жөн. Айжан да ең бастысы табиғи өнімдерден алынған түсі қара, өзіне тән иісі бар қара сабында ешқандай қоспа жоқ екенін айтады.
– Қара сабын – адам денесіндегі қотыр, қышыма, безеу, бөртпе сияқты тері ауруларына бірден-бір ем. Қабынған жерге тікелей әсер ететіндіктен, теріні құрғатпай ұстап тұрады. Отбасымызда сіңілімнің бет терісіне безеулер шығатындықтан, сабынды қолданып көруге кеңес берген едім. Ол қара сабынның көмегі тигенін айтады. Сондай-ақ, әкем де тері қабынуы сырқатына шалдыққан еді. Сабын оның денесіндегі жараларды жазуға көмектесті, – дейді ол.

Мың түрлі дертке ем

Медицина мамандарының айтуынша, ертеде қазақ майлы тағамды, әсіресе етті көп жегендіктен, киімдері де соған сай майланып, кірленетін болған. Сондықтан, қара сабын алдымен киім-кешекті мұнтаздай қылып жуу үшін қажет болыпты. Қанша кір жуса да, денеге кері әсері байқалмағанын үлкендер кейіннен біліп, денеге шыққан қышыма, қотыр, бөрткенді сол сабынмен шайып, денеге дерт жоламайтынын анықтаған.
Ал, ғылыми деректерге жүгінсек, ежелгі грек дәрігері Гален алабота өзге тағамдардай тойымдылық беретінін айтқан. Кейіннен алаботаның құрамында көп мөлшерде протеин (амиак қышқылдарының қалдықтарынан тұратын қарапайым ақуыздар) бар екені анықталған. Иісі, дәмі жоқ болғандықтан, басқа өнімдермен қосып дайындау үшін таптырмас құрамдас бөлікке айналған.

Шикізаты бар, демеушісі жоқ

Бүгінде жалпы сабын қайнату саласындағы халықаралық стандарттар бойынша Түркия – әлемдік көшбасшы болса, елімізде жуу заттарын шығарумен айналысатын жиырмадан астам отандық компаниялар жұмыс істеп тұр. Қазақстандық өндірушілер тауар сұрыптамасын талдау нәтижесі бойынша, осы компаниялар өндіретін өнімдерінің 70-80 %-ын сұйық жуғыш заттар құрайтынын анықтапты. Сөйтіп, еліміздегі иіс сабынның құны орта есеппен – 120 теңге болса, кір сабын – 150 теңгеге жеткен.
Ал, қара сабын әзірлеу технологиясын жаңғыртушылар бүгінде тұтынушылар аз болса да, табиғи сабынды көптеп өндіруге тырысатынын айтады. 1 грамының құны – 25 теңге. Десек те, өнімнің әлі күнге ресми медициналық дәлелдер базасы жоқ. Жобаны ұсынушылардың сөзіне сүйенсек, сан ғасырлық тәжірибеден өткен қарапайым алабота өсімдігінен медициналық заттар алуға болады. Шикізат көзі қазақтың даласында болғандықтан, үлкен қаржыны талап етпейді. Қлай болғанда да, қазақтың қара сабыны алаботаны жусаннан ажырата алмайтындар үшін таңсық болуы мүмкін, бірақ, қаңсық емес.

Аяулым СОВЕТ

Advertisment ad adsense adlogger