ҚарИУ-де жаңа Конституция жобасы талқыланды

Просмотров: 10

2 наурыз күні ҚарИУ қабырғасында Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын және алдағы республикалық референдумды талқылауға арналған диалог алаңы өтті. Іс-шара өңірде жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жалғасы ретінде ұйымдастырылды.

Кездесу барысында студенттер мен оқытушыларға жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері жан-жақты түсіндірілді. Әсіресе заң үстемдігін нығайту, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, әлеуметтік жауапкершілікті күшейту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ұсынылып отырған өзгерістердің елдің орнықты дамуына, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және әділетті қоғам құруға бағытталғаны атап өтілді.

Жиында азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдаудағы рөлі кеңінен сөз болды. Референдум – әрбір азаматтың ел болашағына тікелей қатысуының нақты тетігі екені айтылып, дауыс беру азаматтық жауапкершіліктің және белсенді ұстанымның айқын көрінісі ретінде бағаланды.

Іс-шараның спикерлері – Теміртау қалалық AMANAT партиясы филиалының атқарушы хатшысы Нұржан Хамидуллаевич Ажиков және Теміртау қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрлыхан Қалқаман. Олар өз сөздерінде жаңа Конституция жобасының мемлекеттің құқықтық негіздерін нығайтып, азамат пен мемлекет арасындағы жауапкершілік теңгерімін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Диалог алаңы ашық форматта өтіп, студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, саналы азаматтық ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған