Арман Әбілқасымов: «Конституция – ел тағдырын айқындайтын құжат»

Просмотров: 8

Қалалық мәслихат депутаты Арман Әбілқасымов жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдіріп, оның ел өміріндегі стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Конституция – жай ғана құқықтық нормалардың жиынтығы емес, ол мемлекеттің бағытын айқындайтын басты құжат.

«Конституция – ел тағдыры. Бұл мен үшін жай ғана құқықтық құжат емес, бұл – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын негізгі бағдар. Ата Заңда елдің құндылықтары, азаматтардың құқықтары мен жауапкершілігі көрініс табады», – деді ол.

Депутаттың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер заман талабына сай мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, азаматтардың құқықтық қорғалуын күшейтуге және қоғамдағы әділет қағидатын орнықтыруға бағытталған. Әсіресе заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік институттарының ашықтығы мен жауапкершілігін арттыру мәселелері айрықша маңызға ие.

Арман Әбілқасымов жаңа Конституция жобасында адамның қадір-қасиеті мен құқықтары басты орынға қойылғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет пен азамат арасындағы өзара міндет пен сенім теңгерімі сақталғанда ғана құқықтық мемлекет қалыптасады.

Сондай-ақ ол алдағы референдумның тарихи мәніне тоқталды. «Референдум – әр азаматтың өз позициясын білдіріп, ел болашағына қатысу мүмкіндігі. Бұл – ортақ жауапкершілік пен саналы таңдаудың көрінісі», – деді халық қалаулысы.

Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді. Сондықтан әрбір азамат Ата Заңның мәнін түсініп, белсенді азаматтық ұстаным танытуы маңызды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған